Алматы қаласында жоқ пәтерлерді «жалға берген» алаяқ әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Қазіргі таңда интернет-алаяқтықпен айналысып, жәбірленушілерге жарты миллион теңгеге жуық шығын келтірген әйелдің алаяқтығының 11 фактісі дәлелденді.
Полиция қызметкерлері интернет кеңістікте өзінің арам пиғылын жүзеге асырған 36 жастағы әйелді ұстады.
«Қала аумағында бірнеше күннен бері интернет-технологияларды қолдану арқылы жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Anti-Fraund» кең көлемді іс-шарасы жүргізілуде. Алайда, оңай жолмен пайда тапқысы келетіндердің құрығына аңғал азаматтар әлі де түсуде, соның салдарынан олар үлкен көлемдегі қаражаттарынан айырылуда. Осылайша, 1984 жылы туған азаматша интернет желісінде қала аумағында жоқ пәтерлерді арзан бағамен жалға беру туралы жарнама беріп, жәбірленушілерден электрондық төлем жүйесі арқылы алдын ала төлем алып, одан әрі ұялы телефонын сөндіріп тастаған. Ол алаяқтық жолмен тапқан пайдасын өзінің жеке басының мұқтаждығына жұмсаған. Құрықталған әйел осы іспеттес қылмыстарды жасағаны үшін 2015 жылы сотты болған. Алайда, ол бостандыққа шыққаннан кейін өзінің ескі әдетіне қайта басқан», – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
Бүгінгі күні аталған азаматша жасаған 11 алаяқтық фактісі анықталып, дәлелденді. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы 491 мың теңгені құрады. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша жүргізілуде. Сонымен қатар, осы әйелдің қатысуымен жасалған алаяқтықтың басқа да эпизодтарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.