Банк пен қаржы

Банк лицензиясынан айрылды: не істеу керек?

Салымшыларға арналған бірнеше пайдалы фактілер

2021 жылғы 12 ақпанда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ-ты банк және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге арналған лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы fingramota.kz хабарлады.
    
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 48-бабы 1-тармағының 7), 15) тармақшаларына сәйкес:

пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзуы; 
қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамауы;
уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын Банктің ірі қатысушысының орындамауы АзияКредит Банкті лицензиясынан айыруға негіз болды.
Агенттіктің деректері бойынша 2021 жылғы 12 ақпаннан бастап ҚР заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және Банктің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылды.

Лицензиядан айыру күнгі жағдай бойынша АзияКредит Банк активтерінің мөлшері  45,4 млрд теңге, несие портфелі – 45,0 млрд теңге, оның ішінде 31,6 млрд теңге немесе Банктің несие портфелінің 70,0%-ы – 90 күннен астам мерзімі өткен жұмыс істемейтін кредиттер. Банктің өтімді активтерінің мөлшері 75 млн теңгені құрады, бұл ретте орындалмаған клиенттік төлемдердің мөлшері 8,0 млрд теңгеден асады.

Салымшылар не істейді?

Банкте 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша
23 174 жеке тұлғаның депозиттері орналастырылған, олардың жиынтық қалдығы шамамен 19 млрд теңге.

Банк салымшылары қам жемесе болады: олардың теңгемен және шетел валютасындағы депозиттеріне, сондай-ақ төлем карточкалары мен банктік шоттарындағы ақшасына «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ кепілдік береді.

Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 97,7%-ның депозиттері «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) кепілдігімен толық көлемде өтеледі.

ҚДКҚ қаражатынан кімдердің өтем алуға құқығы бар?
– жеке тұлғалар;
– жеке кәсіпкерлер.
 

ҚДКҚ қандай кепілдік береді?

Депозиттерге кепілдік беру жүйесі банк салымдарын ғана қорғамайды. ҚДКҚ жеке тұлғалардың, оның ішінде дара кәсіпкерлердің төлем карточкаларын қоса алғанда, барлық ағымдағы шоттарындағы ақшаға ең жоғары кепілдендірілген сома шегінде кепілдік береді. Депозиттер бойынша есептелген және сол сияқты капиталдандырылған пайыздарға да кепілдік берілетінін атап өту қажет.

Жеке тұлғалардың металл шоттарында сақталатын қаражатқа, банк ұяшықтарында орналастырылған ақша мен құндылықтарға, депозиттік сертификаттарға кепілдік берілмейді.

Кепілдіктердің ең жоғары сомасы қандай?

Ең жоғары кепілдік берілетін сома валютаға және депозит түріне байланысты болады. ҚДКҚ мыналарға кепілдік береді:

–     теңгемен жинақ депозиттеріне – 15 000 000 теңгеге дейін;

–     жинақ депозиттерінен басқа, теңгемен өзге депозиттер бойынша – 10 000 000 теңгеге дейін;

–     шетел валютасындағы депозиттерге – 5 000 000 теңгеге дейін.

Салымшыларға банкті тарату бойынша сот процестерінің аяқталуын күту қажет пе?

Егер бұрын банк дәрменсіз болған кезде салымшылар түрлі себептермен 3-4 айға созылуы мүмкін банкті тарату бойынша сот процестерінің аяқталуын күтуі қажет болса, 2020 жылдың басынан бастап, заңда күшіне енген өзгерістерге байланысты банк лицензиясынан айырылған сәттен бастап 35 жұмыс күнінен кейін өзінің барлық шоттарынан кепілдік берілген соманы алуына болады.
Салымшыларға арналған бірнеше пайдалы фактілер:

– Кепілдік берілген өтеулерді төлеу уақыты лицензиядан айыру процесінен бастап агент-банк арқылы (жұмыс істеп тұрған банк, ол арқылы өтініштерді және өтеу төлемдерін қабылдау жүргізіледі) бергенге дейін 35 жұмыс күнінен аспайды.

–  Егер депозиттегі және банктік шоттардағы сома ҚДКҚ кепілдігінің ең жоғары сомасынан көп болса, онда банктің клиенттері – жеке тұлғалары кредиторлардың банктік шоттар бойынша талаптарын тарату комиссиясы Банктер туралы заңның 74-2-бабында белгіленген кезектілікке сәйкес кредиторлар талаптарының тізіліміне өз бетінше енгізеді. Мұндай талаптарды енгізу туралы ақпарат банк кредиторларына жазбаша нысанда, әрбір кредитордың талабын қанағаттандыру кезектілігі көрсетіле отырып жіберіледі.

Салымшылар тарату комиссиясы туралы ақпаратты және байланысу жолдарын ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, ҚДКҚ және лицензиясынан айырылған банктің сайтынан таба алады.

–  Депозит бойынша есептелген сыйақыны енді ҚДКҚ кепілдік берілген ең жоғары сома шегінде қорғайды.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген тағы бір жаңалық депозит бойынша өтеу кепілдігіне қатысты. Заңға түзетулер енгізілгенге дейін салымшы депозит балансына қосылған капиталдандырылған сыйақыны және егер бұл банк шартында көзделсе ғана ала алатын еді. Есептелген, бірақ  капиталдандырылмаған пайыздар кепілдік объектісі болған жоқ және оларды мәжбүрлеп таратылатын банктің тарату комиссиясы өтеген. Заңға түзетулер енгізілгеннен кейін сыйақының барлық түрлері, оның ішінде капиталдандырылған және есептелген сыйақыға кепілдік беріледі және Қор оларды ең жоғары сомалар шегінде өтейді.