Криптовалютаға инвестиция салу қаншалықты тиімді? Қандай тәуекелдерді ескеру керек?
Соңғы уақытта әлемдік нарықта криптовалюта саудасы қызып келеді. Солардың ішіндегі ең әлеуеттісі биткоин құны өткен аптада 48 мың доллардан асып, өзінің тарихи максимумына жетті. Әйгілі Tesla компаниясының биткоинға 1,5 млрд доллар салуы да бұл валюта түріне деген қызығушылықты еселеп арттырғандай. Жалпы, жыл басынан бері биткоин 69 пайызға қымбаттаған. Осы орайда биткоин жайлы білудің артығы жоқ.
Қаржы сарапшылары криптовалютаға инвестицияны абайлап салу керек екенін айтады. Әйтпесе, бағасы мың құбылған және әлі күнге нақты түсінік қалыптастыра қоймаған нарықтан пайда табу оңайға түспесі белгілі. Мәселен, жылдың алғашқы он күндігінде криптовалюталардың әлемдік нарығы 220 млрд доллар аса көлемінде құлдырап кетті. Басты себеп – биткоиннің 27 сағат ішінде 10 мың долларға құлдырап кеткендігі. Бұл орайда алдымен «криптовалюта дегеніміз не?» деген сұраққа жауап ізделік.
Криптовалюта деген не?
Криптовалюта – бұл интернетте есеп айырысу үшін айналымға қатысушылар пайдаланатын цифрлық ақшаның түрі. Бұл валютаның бірлігі «coin» деп аталады, ол ағылшын тілінен аударғанда «монета» деген мағынаны білдіреді. Криптовалюта электронды түрде ғана қолданылады. Мұндай виртуалды ақшаның негізінде арнайы технология – блокчейн жатыр.
Криптовалюталардың көпшілігінің эмиссиялау (айналысқа жаңа монеталарды шығару) шегі бар. Демек, монеталар саны белгілі бір шекке жеткен кезде қаражаттың одан арғы айналымы валютаның өзінің бағасының өсуі есебінен ғана жүргізіледі. Дәл осы жағдайда криптовалютаны биржада сауда-саттық жасау арқылы қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді де, жасырын, жылдам және тікелей транзакцияларды жүзеге асыра отырып та, интернетте тауарлар сатып алу үшін пайдаланатын әлеуетті инвесторлар әрекет ете бастайды.
Криптовалюталарды төлем құралы ретінде пайдалану Қазақстанның заңнамасына қайшы келеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасында төлем құралы теңге болып табылады, оның эмитенті мемлекет және ақшалай міндеттемелер ұлттық валютамен ғана көрсетілуі мүмкін. Тиісінше криптовалюта Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының түпмәтінінде ақша/валюта, қаржы құралы ретінде қаралмайды және пайдаланылмайды.
Сонымен қатар, криптовалюталарды сатып алу кезінде олардың құбылмалы, жасырын болуы, нақты активтермен қамтамасыз етілмеуінен қаражатты жоғалту тәуекелі жоғары. Криптовалюталарға деген қазіргі күрт қызығушылық және бағалардың «шыңына» инвестициялау әлеуетті түрде кезекті «сабын көпіршігіне» алып келеді, инвесторлар осы цифрлық ақшаны сатып ала отырып бұл туралы білуге тиіс.
Ең танымал криптовалюта
Bitcoin – бірінші, ең танымал және қымбат криптовалюта. «Криптоалтын» деген ресми емес мәртебесі бар. Алғашқы бірнеше жылы барлық жаңа валюта биткоин блокчейнына негізделді. Ағымдағы жағдайларда отандық инвесторлардың шетелдік нарықтарда биткоиндарға инвестициялауының мынадай тәуекелдері болуы мүмкін.
Биткоин Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қаржы құралы болып табылмайды және инвестициялау объектісі ретінде мемлекеттік реттеу аясына кірмейді.
Тиісінше, биткоинге инвестициялайтын отандық инвесторлар мәмілелер, есеп айырысулар жасағанда проблемалар, не қолайсыз сценарийлер туындаған кезде дербес жауапкершілік атқаратынын білуі тиіс.
Биткоиннің бағасы өте құбылмалы.
Құбылмалылық тәуекелдері биткоинға баға белгілеудің түбегейлі негіздерінің болмауымен және оның бағасына негізінен инвесторлар тарапынан – жаппай дүрлігу, инвесторлардың жоғары кірістілікпен инвестициялаудың балама тәсілдерін іздеуі және т.б. мінез-құлық факторларының ықпал етуімен түсіндіріледі. Мысалы, дүйсенбі күні таңертең, 11 қаңтарда, биткоин бағамы сауда-саттық ашылғаннан кейін төмендей бастады. Криптовалюта 33,951 мың АҚШ долларына дейін 11,06 пайызға түсті. Үш күн бұрын биткоиннің құны тарихи максимумды жаңарта отырып, 41 мың АҚШ долларына бағаланды.
Биткоиндарды алаяқтар пайдалануы мүмкін.
Биткоиндармен сауда-саттық жүргізу үшін сенімді реттелетін алаңдардың болмауы әлеуетті инвесторларға қатысты алаяқтық әрекеттерді жеңілдетуге, дербес және карточканың деректерін, сондай-ақ ақша қаражатын жоғалтып алуға ықпал етеді. Әлемдік тәжірибеде бірнеше рет криптовалюталық платформалар мен биржаларды бұзу және қомақты ақша қаражатын ұрлау жағдайлары болған. Мәселен, ашық көздерден алынған деректерге сәйкес 2018 жылы криптовалюталарды ұрлаудан келген залал 1,36 млрд АҚШ долларынан асып түскен.
Сонымен қатар криптовалюталар ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы реттеуді айналып өту үшін де пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан инвесторлар биткоиндармен мәмілелер жасасу кезінде барынша сақтық танытулары тиіс.
Қысқасы, жеке және заңды тұлғалар криптовалюта арқылы операциялар жүргізу кезінде үлкен тәуекелге тап болады. Криптовалюталармен жасалатын кез келген операцияның тәуекелі жоғары және салынған ақшаның сақталуына кепілдік берілмейді.