Жаңалықтар

Ақшаны қай валютада сақтау керек?

Дағдарыс жағдайында ақша жинау тәсілдері

Былтырғы жыл оңай болған жоқ. Наурыз айында  америкалық валюта тағы да бір рет рекорд жаңартып, 1 доллар  бағамы 447 теңге болды. Яғни, тек бір айдың ішінде ұлттық валюта 60 теңгеге құнсызданды.  Жыл соңына қарай доллар біраз арзандағанымен, Қазақстан экономикасының жағдайы тұрақталмады. Коронавирус пандемиясының өршуі, сатып алу қабілетінің төмендеуі, жұмыссыздықтың артуы – бұның бәрі қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігі мен қор жинауына әсер етіп жатыр. 

Осы орайда Freedom Finance Life өмірді сақтандыру компаниясының мамандары зерттеу жүргізіп, шетел валютасына қай аймақ тұрғындары көбірек сенім артатынын анықтапты.

Қазақстандықтар ақшаны қандай валютада жинағанды жөн көреді? 

Ұлттық Банк мәліметтері бойынша, 2020 жылдың аяғында қазақстандықтардың банктегі шоттарында 10,9 трлн теңгеден аса қаражат жинақталған (орташа алғанда әр тұрғынға шаққанда 578 мың теңгеден келеді). Бұл былтырғы көрсеткіштен 17,4%-ға артық.   Жинақтың  61%- ы ұлттық валютада сақталса, 38% — шетел валютасында салынған.

Соның ішінде мерзімді салымдардың үлесі басым — 8,4 трлн тенге. Бұл қазақстандықтардың банкте ұстайтын сомасының 77,5%-ы. Алайда  осы қаржының басым бөлігі шетелдік валютада сақталған:  44,4%, яки 3,7 трлн. теңге.

Қай аймақтын тұрғындары шетел валютасына көбірек сенім артады?

Шетел валютасына алматылықтар көбірек сенім артады екен. Жинағы бар тұрғындардың 55,4 пайыз өз ақшасын шетел валютасында сақтайды. Жиыны –  2,2 трлн теңге.
Алматылық жеке тұлғалардың мерзімді, жинақты және талап етілмелі салымдарында 4 трлн теңгеден аса  қаржы жатыр. Бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіш, ол бүкіл салымның 44%-ын құрайды.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары шетел валютасына сенім артатындар рейтингінде екінші орында тұр.  Олар  жинағының 46%-ын шетел валютасында сақтайды. Бұл –  527 млрд теңге. Атырау облысы үшінші орында — 36,3% (89 млрд. теңге), Маңғыстау облысы төртінші орында –  32,6% (74 млрд. теңге), ал Батыс Қазақстан облысы бесінші — 30% (79 млрд. теңге).

Шетел валютасындағы ең аз салым Түркістан облысына тиесілі — 16,6% (8 млрд. теңге).

Ақшаны қай валютада сақтау керек?

Бар ақшаны бір валютада сақтау  өте қауіпті. Ол құнсыздануы мүмкін, нәтижесінде жиған-тергеніңіз азаяды. Ең дұрысы —  ақшаны әртүрлі валютада сақтау. Бірінің өсімі екіншісінің  құнсыздануын жабады. Мысалы, доллар  мен евроның құны өссе, олардың қымбаттауы құрсызданған теңгенің орнын толтырады.

Келесі мәселе —жинақты валютада қалай орналастырған дұрыс? Бұның тәсілдері көп, бірақ барлығының бір түйіні бар – егер ақша  бір жыл ішінде қажет болса, оны теңгеде сақтаған жөн, ал жинақты бірнеше жыл ішінде жұмсамайтын болсаңыз, доллар мен евро сатып алған дұрыс. 

«Барлық нұсқаны аралас қолданған абзал және жинақты үш түрлі валютада сақтаған қолайлы. Теңге — қысқа мерзімді мақсаттарға және ағымдағы шығындарға, ал доллар және евро — ұзақ мерзімді мақсаттар үшін. Пропорциясы әртүрлі болуы мүмкін: теңге — 10-20%, доллар — 30-40%, евро (қазір ең тұрақты валюта) — 40-50%. Демек, валюта құнсыздануынан біршама қорғануға болады», — дейді Freedom Finance Life мамандары.

Ақшаны қандай қаржы құралдарына салу керек? 

 Тағы бір мәселе – ақшаны қандай қаржы құралдарының көмегімен жинау керек? Қазақстанда ең кең тараған қаржы құралы – банк депозиттері. Оған қазақстандықтардың көбі сенеді. Алайда, депозит пайызы  жинақты инфляциядан сақтап қалуы мүмкін, бірақ табыс әкелмейтінін де есте ұстау қажет. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылғы ресми инфляция 7,5% болған. Бұл ретте мынаған назар аударған жөн, айталық, азық-түлік бағасы 11,3%-ға қымбаттады. Теңгелей салынған банк депозитінің үстемақысы максимум 13% екенін еске алсақ, депозит ұзақ мерзімді ең тиімді қаржы құралы бола алмайды.

Шетел валютасындағы депозиттің табыстылығы жоғары емес, бірақ,  жинақты теңгенің құнсыздануынан сақтап тұрады. Осы ретте шетел валютасындағы  өзге құралдар — қор нарығы және өмірді жинақтаушы сақтандыру жоғары табыс әкелуі мүмкін. Бірінші құралға қазақстандықтар әлі дайын емес болса, өмірді жинақтаушы сақтандыру (ӨЖС) – қарапайым әрі түсінікті қаржы құралы.

«ӨЖС екі функцияны бірден қамтиды: жинақтау және сақтандыру. Атап айтқанда сіз ақша жинап аласыз және бірмезгілде өміріңізді сақтандырасыз. Шетел валютасындағы максималды табыстылығы –доллармен  4% болса,  евромен 1,5% құрайды», — деп түсіндіреді Freedom Finance Life мамандары.