Зейнетақы активтерін басқаратын компаниялар белгілі болды
ҚНРДА зейнетақы активтерін басқару тәртібі мен басқарушы компанияларға қойылатын талаптарды бекітті. Бұл талаптарға нарықтағы 18 басқарушы компанияның әзірге тек алтауы сай.
Агенттік қойған талаптар үдесінен шығатын компаниялар мыналар:
• «First Heartland Jysan Invest» АҚ
• «BCC Invest» АҚ – «Банк ЦентрКредит» АҚ-тың еншілес ұйымы
• «Halyk Global Markets» АҚ («Қазақстан Халық Банкі» АҚ ЕҰ)
• «Қазақстан Халық Банкінің «Halyk Finance» ЕҰ» АҚ
• «First Heartland Capital» АҚ
• «Сентрас Секьюритиз» АҚ
Қаржы нарығын қадағалаушы мекеме сонымен қатар басқарушы компаниялар сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі мен зейнетақы активтерінің есебінен инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру тәртібін де белгіледі.
Қаулы қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтіп жатыр, ресми жарияланғанынан кейін күшіне енеді.
Қараша айында жарияланған қаулы жобасына сәйкес, зейнетақы активтерін басқарушының меншікті капиталы 5 миллиард теңгеден кем болмауы тиіс. Инвестициялық портфельді басқарушы компания кленттерінің жиынтық активі, ол басқарушылар тізіміне енген күннен бастан 15 миллиард теңгеден кем болмауы шарт.
ҚНРДА ай сайын өз интернет-ресурсында төменде жазылған талаптарға сай келетін басқарушылар тізімін жариялап отырады. Егер компания басқарушылар тізімінен шығарылса, бұл зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартты бұзуға негіз болады.
Айта кетейік, зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға қатысты түзетулерге сәйкес, зейнетақы жинағының «жеткілікті ең төменгі шегінен» асатын бөлігін ғана басқаруға беруге болады.