Табысты арттыратын 15 әдет

Жарияланды
Әдеттегідей, пайдалы кеңестер легін әзірлеп қойдық

Табыстың молаюы үшін сіздің тараптан қадамдар жасалуы керек. Яғни «Құдай жатқанға берсін» деп аяқты созып қойып жататын болсаңыз, аспаннан ақша жаумасы анық. Әрине, аяқ-асты біреуден мұра қалып, соның иегері болып кетпесеңіз. Егер ақшаңызды ұқсатып қана қоймай, еселеуді мақсат еткен болсаңыз, бізден сізге бірнеше кеңесті қабыл алғайсыз!

1. Мақсат қою

Айтқандай, құр армандағанмен іс бітпейді. Амалдарын қарастыру керек. Сондықтан сол арманды мақсатқа айналдырсаңыз, орындалатын уақыты жақындай түседі. Ал мақсаттың өзін жіліктеп, реттеу қажет. Оны іске асыру үшін не істейсіз — бәрін анықтап алыңыз. Ертеңнің еншісіне іле салмай, нақты мерзімін белгілеңіз. Осы айтылғанның бәрін реттеген соң, іске кірісіңіз. Әрекетке — берекет. 

2. Кеңінен ойлауды әдетке айналдыру

Мақсат дегеннің өзін ірі және ұсақ деп бөлеміз. Яғни кішігірім мақсаттарды орындау арқылы, соның нәтижесінде үлкен әрі көлемді дүниеге қол жеткізу шарт. Неғұрлым үлкенірек болған сайын, оған жетуге деген ұмтылыс пен құлшыныс зор болады. Сол жолда қаражат табу, ыңғайын келтіру сынды істерге бас қатырасыз. Айталық, миллионер болғыңыз келеді делік. Әрине, әйтеуір бір миллион теңге табу мақсатын орындау тым оңай болар еді. Себебі жинап та қол жеткізуге болады. Ал енді тұрақты түрде миллиондаған табыс тауып тұратын, ісі оңынан жүріп тұрған адам болу басқа. Осындай ірі мақсаттың арқасында дамуға ұмтыласыз. 

3. Шеңберден шығу

Біреудің салып берген сара жолымен жүру қате. Сол сияқты сызып берген шеңберден де шығуға қысылудың қажеті жоқ. Адам баласы кейде өз бағасын өзі түсіреді. Себебі сенімсіздік басым. Мұндайда бар күш-жігерді бойға жиып, көзді жұмып тұрып тәуекелге бел буған дұрыс. Әр басылған жаңа қадам — тәжірибе.  

4. Тапқанның бәрін құртпау

Бай болсаңыз, бар тапқанды шашу керек десеңіз, қателесесіз. Өйткені әр шығынның есебі болуға тиіс. Мысалы, табыстың 30 пайызынан артық құртпау дегендей шарттар қойыңыз. Барынша ақылмен жұмсаған абзал. 

5. Жинақ

Үнемі айтылатын үнемнің де жолын білу керек. Яғни сараңдықпен «Шық бермес Шығайбай» болу шарт емес. Миллионер болып кетпесеңіз де, кедейліктен сақтайтын амал. Сондықтан негізі жинақ болғаны дұрыс. Басыңызға қандай да бір іс түсе қалса, сізге бірінші кезекте көмектесетін сол жинағыңыз болады.  

7. Қосымша табысты ақылмен жұмса

Ай сайын түсетін жалақыдан бөлек, қосымша кіретін табысыңыз болса, оны есепте әу баста болмағаны үшін бірден жұмсап тастау керек деп ойламаңыз. Керісінше, сол ақша болмағанда да күн көретініңізді еске алып, жинақтасаңыз ұтасыз. 

8. Дұрыс адамды үлгі тұту

Әр салада өз мықтысы болады. Сол сияқты кәсібін дөңгелетіп жүргендердің оқиғаларын оқысаңыз, шабыт алуыңыз мүмкін. Сондықтан біреуден үлгі аларда оның қай қасиетін бойға сіңіргіңіз келетіні маңызды. Нақты қаражатты басқаруға келгенде кім мықты, кім сізге үлгі бола алады — анықтаңыз. Адамның істегенін адам істей алады. Осыны ұмытпағайсыз!

9. Дамуға күш салу 

Айтқандай, табыс өздігімен сізді іздеп келмейді. Оған өзіңіз тырысуыңыз қажет. Әрі қазір заман сәт сайын өзгеріп жатыр. Кезінде мықты маман болсаңыз, сізден де білікті әріптестеріңіз пайда болса, таңғалмаңыз. Сондықтан сұранысқа сай болу үшін үнемі дамудан шаршамаған жөн. Яғни салаңыз бойынша жаңа ақпараттарға құлақ түріп, семинар, курс, тренингтерге барып жүріңіз. Бастысы, тәлімгер таңдаудан қателеспесеңіз болғаны.  

10. Оқу, оқу, оқу

Бұл алдыңғы кеңестің жалғасы іспеттес. Соның ішінде қаржылық сауатты арттырып тұрған дұрыс. Осы тақырыптағы кітаптарды парақтап, шолып шықсаңыз, өзгелердің кеңесін, қай жерде қателескенін көре аласыз. Осылайша өзіңіз де сол қатені қайталамайсыз. Жоқ дегенде бизнес бастау, оны дамыту, жетістікке жету жолдары туралы жазылған автобиографиялық кітаптарды оқып көріңіз. Олардың тілі жатық әрі түсінуге өте қарапайым болады. 

11. Уақытты тиімді пайдалану

Күнделікті режиміңізді елестетіңіз. Бәрі дұрыс па? Оянатын уақытыңыз, демалатын кезіңіз, бос уақытыңыз тиімді жұмсалып жатыр ма? Міндетті істерден бөлек, іш пысқанда ақтаратын әлеуметтік желілерге көп уақытыңыз кетіп жатқан жоқ па? Егер солай болса, бұл әдеттен арылудың жолдарын іздеген жөн. Сол уақытты пайдалырақ іске арнаңыз. Осыған дейін айтылған даму курстарына бару, кітаптар оқу, болмаса денсаулыққа мән беру үшін далада серуендеу немесе спортзалға жазылу да уақытыңыздың пайдалы өтуіне мүмкіндік береді.

12. Берілмеу

Өте маңызды. Бір істің басын шалып, ол сәтсіз жүзеге асса, қаймықпаңыз. Бәрі «ә» дегеннен қолдан келе бермеуі мүмкін. Егер алдыңғы кеңестерде айтылғандай, табысты адамдардың өмірі жайлы көп оқысаңыз, сәтсіздіктердің алға жетелеуші күш екенін жақсы білуіңіз керек. Яғни бір рет талпынып, қолдан келмесе, бір сілтеп кете салмаңыз. Бұл дегеніміз — бар болғаны сабақ. Келесіде бұл қателікті істемеу керек. Сіз жай ғана сабақ алдыңыз. 

13. Еңбек етсең, емерсің

Кейбірі минимум жұмыс істеп жатса да, одан максимум табыс түседі, жетістікке қол жетізуге жол ашады деп ойлайды. Десек те, үнемі ондай бола беруі мүмкін емес. Себебі әркім еңбегіне қарай бағаланады. Соған сәйкес табыс табады. 

14. Жауапкершілікті өз мойныңызға алу

Өзіңіз жасаған әр қадамға өзіңіз жауаптысыз. Егер сіз осы күнге дейін сәтсіздігіңізді біреуден көріп әдеттеніп қалсаңыз, дерек өзгеріңіз. Себебі кінәлі адамды іздеп — құр уақыт шығындау. Ол сізге қаншалықты қажет? Тіпті біреуді кінәлі қылған күннің өзінде ол дәл қазіргі ситуацияны реттеуге қауқарлы ма? Не өзгереді? Егер жауабы «ештеңе» болса, демек энергия мен уақыт шығындауға тұрмайтын іс деген сөз. Одан гөрі, қателескен тұсты анықтап, оның себебін анықтаған жөн. Кейін сол бағытта жұмыс істеңіз. Келесіде ол қателікті жібермеңіз. 

15. Бренд болу

Табиғатыңыздан ұяң адам болсаңыз да, ашылуға тырысыңыз. Себебі табыс артып, жетістікке қол жеткізудегі басты қадамдардың бірі — ашықтық. Яғни қаншалықты коммуникацияға жақын, жарқын жүзді, ашық мінезді болсаңыз, соғұрлым табысты болу мүмкіндігі өсе түседі. Әлеуметтік желіде белсенді болудан қашпаңыз. Бос әңгіме емес, пайдалы дүниелерді бөлісіңіз. Жұрт сізді бір сала бойынша білгер, бренд деп танысын. 
 

 
Сондай-ақ оқыңыз