Талғар ауданында туыстар арасындағы түсінбеушілік адам өліміне әкелді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.
Талғар ауданы Полиция бөліміне Тұздыбастау ауылындағы жанар-жағармай бекеті аумағында ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына шұғыл жеткен тәртіп сақшылары қайтыс болған адамның 1973 жылы туған Байбұлақ ауылының тұрғыны екенін анықтаған.
«Қинап өлтіру белгілері бар ер адамның мәйіті табылды. Осыған орай, ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмысқа қатысы бар күдіктіні жедел анықтау шаралары барысында 29 жастағы жігіт ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды», – деді Талғар ауданы Полиция басқармасының бастығы Жанболат Зиядин.
Тергеу барысында күдікті қылмыс жасағанын толығымен мойындаған. Оның қайтыс болған ер адамға жақын туыс екені анықталды. Көп уақытқа созылған туыстар арасындағы кикілжің осы қылмысқа әкеп соққан.
«Тергеу барысында 1992 жылы туған жігіттің неге қылмысқа барғаны анықталады. Туысымен сөзге келіспей қалған ол ашуға бой алдырып, қолындағы пышақпен дене жарақатын салғаны белгілі болды. Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, – деп толықтырды Жанболат Зиядин.