Дамушы елдердің валюталары апта ішінде қалай өзгерді
2021 жылғы 12–19 ақпан аралығында жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу жасалды. Бұл туралы Ұлттық банк баспасөз қызметі хабарлады.
Сауда-саттықтың қорытындысы бойынша 19 ақпанда теңгенің нарықтық бағамы апта ішінде 0,2%-ға (418,86-дан) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 417,97 теңге деңгейінде қалыптасты.
Сыртқы валюта нарығында 2021 жылғы 12–19 ақпан аралығындағы кезеңде дамушы елдер валюталарының серпіні әртүрлі бағытта болды. ФРЖ ашық нарық комитетінің мүшелері қаңтар айындағы отырыстың қорытындысы бойынша облигацияларды сатып алуды қысқарту шарттары орындалмас бұрын уақыттың қажеттілігі туралы айтты. Қаңтарда АҚШ-тағы бөлшек сауда, өндірістік белсенділік және өндірушілердің бағалары туралы мәліметтер сарапшылардың күткенінен асып түсті. АҚШ Қаржы министрі жұмыссыздықтың жоғары деңгейіне байланысты фискалдық және монетарлық ынталандыру қажеттілігін атап өтті.
Ынталандыру шараларының топтамасын тез қабылдау бойынша күтулер аясында АҚШ МБҚ кірістілігі алғаш рет 2020 жылғы ақпандағы деңгейден асты.
Дамушы елдер валюталарының1 АҚШ долларына қатысты бағамдарының серпіні төмендегідей қалыптасты:
Түрік лирасы инфляцияның жеделдеуін күту кезінде ОБ-ның негізгі мөлшерлемені қатарынан екінші рет 17% деңгейінде сақтау жөніндегі шешімі аясында 0,9%-ға (7,03-тен 6,97-ге дейін) нығайды;
Үнді рупиясы инфляцияның 4% таргетке жақындауы туралы деректердің шығуы (қаңтарда 4,06% ж/ж құрады) және желтоқсанда өнеркәсіптік өндірістің (қарашада құлдырағаннан кейін) 1%-ға өсуі аясында 0,2%-ға (72,76-дан 72,65-ке дейін) нығайды;
Бразилия реалы АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюы және АҚШ МБҚ кірістілігінің өсуі аясында 0,2%-ға (5,38-ден 5,39-ға дейін) әлсіреді;
Ресей рублі АҚШ МБҚ кірістілігінің өсуіне байланысты ФҚО тартымдылығының төмендеуі аясында 0,6%-ға (73,64-тен 74,05-ке дейін) әлсіреді;
Индонезия рупиясы ОБ-ның базалық мөлшерлемені 3,5%-ға дейін (-0,25 п.т.) төмендету туралы шешімінің аясында 0,7%-ға (13 973-тен 14 065-ке дейін) әлсіреді. ОБ айырбастау бағамын тұрақтандыру үшін валюталық интервенция жүргізді;
Оңтүстік африка ранды АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің өсуіне байланысты капиталдың әкетілуі аясында 1%-ға (14,55-тен 14,69-ға дейін) әлсіреді;
Мексика песосы АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюы, сондай-ақ АҚШ-тың көршілес Техас штатындағы энергетикалық дағдарыс салдарынан елде электр энергиясын өндірудегі проблемалар аясында 2,4%-ға (19,95-тен 20,43-ке дейін) әлсіреді.