Транзит қала мәртебесін күткен Риддер
Риддер қаласының мыңдаған тұрғынына жұмыс беріп, қала бюджетін толтырып отырған негізгі жүйе құраушы кәсіпорын – «Қазцинк» пен оның еншілес ұйымдары. Жалпы қалада 56 мыңдай адам тұрса, соның 11 мыңнан астамы осы кәсіпорындарда еңбек етеді. Шығыс Қазақстан облысындағы шағын қаланың тыныс-тіршілігі және іскер жандары қандай кәсіп бастап, бизнесі нендей идеяны жүзеге асырып жатқаны жайлы «Шеврон» компаниясы мен «Курсив» бірлесе қолға алған «Нағыз Қазақстан» жобасы аясындағы кезекті мақалада кеңінен тоқталамыз.
Редакциядан: жоба авторының пікірі және қаладағы қандайда бір процестерге берген бағасы осы мәселеге қатысты редакцияның немесе «Шеврон» компаниясының пікірін білдірмейді.
Қаланың 2021 жылғы бюджеті 9 млрд теңгеден асады. Қала әкімдігі сайтының деректеріне сүйенсек, қала қазынасының меншікті кірісі 2020 жылмен салыстырғанда 9,3%-ға (19,4 млн теңге) артып, 228,9 млн теңгені құраған. 225,2 млн теңге салық түскен. Салықтық емес түсімдер болжамды 1,9 млрд теңгеден асып, 2,2 млрд теңгені құрапты. Негізгі капиталды сатудан түскен түсім сомасы – 1,2 млн теңге (2020 жылмен салыстырғанда 51,9%-ға төмен).
Қалауын тапса, қоқыс та кіріс әкеледі
Жол жөндеу, көше тазалау және қатты тұрмыстық қалдық шығарумен айналысатын «Эталон» фирмасы былтыр қалдық пен қоқыс сұрыптауды қолға алды. Қоқыс сұрыптау цехы құрылысы екі жылға созылды. Құрылысқа компания 250 млн теңгеге жуық жеке қаржысын салған. Цех 2020 жылдың сәуірінде іске қосылды. Цехтың өндірістік қуаты тәулігіне 70 тонна қоқыс сұрыптауға жетеді.
«Карантин кезінде де қоқыс азайған жоқ, дегенмен біз қоймада жиналғанын сұрыптадық. Бүкіл жер жабық болғандықтан, аса көп өткізе алмадық. Цехтің іші кең, тең-тең етіп жинап қойдық. Өткізетін жер табамыз дегенше кейбір заттар шіріп, жарамай қалды. Минусқа жұмыс істедік. Сонда да жұмысшылардың айлығын тұрақты түрде төлеп отырмыз. Жұмысшылардың айлығы 90-120 мың теңге аралығында. Жалпы, цехта 21 адам жұмыс істейді, жартысына жуығы жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен келген. Енді ақырындап шығынды жауып, жайлап аяққа тұру керек», – дейді цех директоры Максим Шелкунов.
Сәуірден бері жалпы 40 мың тонна қорап, 15 тонна картон мен полиэтилен пакет, 7-8 тонна бөтелке, 10 тоннаға жуық брикеттелген көмір сатылған.
«Қаладағы қоқысты жинап, конвейерден өткіземіз, онда полиэтилен, пластикалық бөтелке, картон, алюминий банкалар бөлек-бөлек сұрыпталады. Буып-түйіп Семей мен Өскемендегі жергілікті компанияларға сатамыз. Қалған түрлі-түсті пластик, былғары, тоқыма және т.б. заттарды осындағы гидролиз пешінде жағамыз. Оның күлінен брикеттелген көмір жасалады. Бұның кәдімгі көмірден айырмашылығы – ол өте ұзақ жанып, жылуды да ұзағырақ сақтайды. Болашақта ол кәдімгі көмірмен жақсы бәсекелес бола алады», – деді ол.
Жеңіл кірпіш пен құрылыс
Газбетон, бетон блоктар, жеңіл кірпіш пен құм-шлак блоктарын шығаратын «Таймур» компаниясы негізінен жеке секторда жұмыс істейді.
«Біз газбетон блоктарын шығарамыз, оған ЖЭО-дан шыққан экологиялық таза күлді қолданамыз. Жұмыс негізінен жазда жүреді. Сондай-ақ іргетас блоктарын, күл мен құмнан жеңіл кірпіш шығарамыз. Бұл іске 3 млн теңге грант ұтып алдық. Бір ауысымда шамамен 500 дана өндіреміз, бәрі қанша тапсырыс түскеніне байланысты. Бір ауысымда шамамен 3 куб газоблок шығарамыз. Бағасы да аса қымбат емес. Өйткені ары-бері жеткізуге шығынданбайды. Тапсырыс көлемі біз ойлағандай болмаса да, жұмыс ақырындап жүріп жатыр», – дейді кәсіпорын басшысы Мұрат Ордақанов.
Сол арада қала әкімдігі ауқымды құрылыс кезеңіне дайындалып жатыр. Қаладағы ескі тұрғын үйлерді жаңарту жсопарланған. Шаһар аумағында осындай тозығы жетіп тұрған 70 шақты үй бар. Қала тұрғындарының айтуынша олардың басым бөлігін 1947- жылдары неміс және жапон әскери тұтқындары салған. Сонымен қатар, қала билігі биыл 2 көппәтерлі үй құрылысын бастап, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысына жер беруге ниетті.
«Бізде 1500 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Ескі тұрғын қорын жаңалаумен қатар, 62 және 90 пәтерлі көпқабатты үй салу жоспарланған. Егер осы жобаға үкімет қолдау білдірсе, 2022-2023 жылдары жүзеге асырамыз. Жеке тұрғын үй салуға болатын шағын аудан тағы бар. Облыс әкімі инфрақұрылым: су құбыры мен электр желісін жүргізуге қолдау білдірді. Қазір конкурс өткіземіз, одан кейін ЖТҚ-ға жер беруді жоспарлап отырмыз. Тұрғын үй және жалға берілетін тұрғын үй салу есебінен 2023 жылға қарай баспана кезегінде тұрғандардың санын азайтуды жоспарлап отырмыз», – дейді Риддердің жаңа басшысы Дмитрий Горьковой.
Идея бар
Осы ретте жергілікті бизнес-қоғамдастық өкілі Олег Беляев шағын және орта бизнесті қолдаудың қарапайым механизмін ұсынады. Қазір тапсырыс тұрақты түсіп тұрған кәсіпорындардың жұмысы жүріп тұр, қалғандары пандемия салдарынан күндерін әрең көріп отыр.
«Ірі компаниялардың да, шағын және орта бизнестің де өндіріс көлемі төмендеп келеді. Мен ШҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірлік кеңестің мүшесі ретінде осы мәселені екі рет көтердім. Мемлекет елге шетелдік инвесторлардың өз капиталмен келіп, жаңа өндіріс орнын ашып, жұмыс орынын құруы үшін солардың мүддесін қолдап отыр. Егер инвестор 5 млрд теңгеден астам инвестициямен кірсе, мемлекет оған көптеген жеңілдік береді. Бір жағынан ірі бизнес болған соң, бұл да дұрыс.
Екінші жағынан, неге бұндай теңсіздік орын алып отыр? Былай алып қарасаң, шағын және орта бизнес те – инвестор. Ол өндіріске инвестиция салады, ендеше неге біз оларды инвестор ретінде қолдамаймыз? Осы ретте мен «қазақстандық ШОБ инвесторы» деген ұғымын енгізуді ұсынамын. Оны анықтайтын бірнеше критерий енгізуге болады. Ал ең негізгісі – төленген салық көрсеткіштері», – дейді «Авто-Форт» ЖШС директоры Олег Беляев.
Жақсы салық төлеген инвесторға біршама жеңілдік жасалуы керек деп пайымдайды кәсіпкер.
«2018 жылы құрылыс саласындағы заңды және жеке тұлғалар салық жүктемесі коэффициентінің орташа салалық мәні 7% бен 8,4% аралығында болды. Алайда айналымы 100 млн теңгеге жететін кәсіпорындар салықты әртүрлі төлейді. Нәтижесінде, біреудің коэффициенті жоғары, біреудікі төмен. Егер ол салықты толық төлемесе, онда бұл көрсеткіші төмен болады. Салық органынан төленген салық бойынша көрсеткіштерді алып, кім қанша төлегенін қарау керек. Егер ол орташа салалық көрсеткіштен төмен салық төлесе және Мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысса, онда оларға преференция, басымдық бермеу қажет. Айталық, көрсеткішісі 20 пайыздан асатын компания инвестор ретінде танылсын, өйткені ол салықты толық, таза төлейді. Оларға шартты түрде 30-40-50% жеңілдік беріліп, конкурста жеңіске жетсін. Әрине, олар қойған баға қымбаттау болуы мүмкін, есесіне ол салық түрінде мемлекетке қайтарады», – дейді.
Кәсіпкер осындай шара қолға алынса, салықты аз төлейтін компаниялар табысын жасыруды қояды деп тұжырымдайды. Төлеген салығы орташа көрсеткіштен төмен болғандар да алға ұмтылмақ.
«Ал қазір жағдай сәл басқа, салық төлемейтін және салық базасы жоқ адам ұтып отыр. Көлеңкеде жүрген, салықты толық төлемейтін өндірушілерге қолдау көрсетіліп жатыр. Біз экономиканың көлеңкелі емес нақты секторын қолдауымыз керек. Коронавирус салдарына нақты жұмыс азайса да, салықты адал төлеп отырған кәсіпкер жігіттерді қолдау қажет», – деді ол. Оның айтуынша, қазір Өңірлік кеңес жанынан осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылған.
Әуре-сарсаңы көп туризм
Қалада басымдық берілген тағы бір сала – туризм. Риддер қаласы әсем табиғатымен, орманымен, тау шаңғысымен танымал. Алайда қаланың мүмкіндігін толық пайдалануға кедергі келтіріп тұрған бірнеше себеп бар. Шаһардың кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мәліметі бойынша, қалада 30 туризм нысаны бар, оның ішінде: он екі демалыс базасы, екі тау шаңғысы базасы, 10 қонақ үй, 4 қонақ үй жұмыс істеп тұр.
«Топ-50» картасына сәйкес, Риддер тау шаңғысы кластерінің Алтай курорттық аймағына кіреді. Басым бағыттары анықталған. Біріншісі, Үлбі кенті: онда қарда жүретін көлікпен сырғанау, осы бағыттағы ашық мектебі бар RIDDER Resort Hotel, шаңғы спортына бағытталған «Синигорье» тау-шаңғы курорты орналасқан. Сонымен қатар биатлонист спортшыларды дайындайтын «Риддер Хютте» демалыс орны бар.
Басымдық беріліп отырған екінші аймақ – Поперечное ауылы. Бұл ауылда жазда жұмыс істейтін 4 қонақ үй орналасқан. Олар ауылдағы туризмді дамытуы керек. Қаланың қарбалас тірлігінен шаршағандарға таптырмас жер. Керемет табиғат, таза ауа мен нәрлі де дәмді ас. Қазірдің өзінде канадалықтар, филиппиндер келіп кеткен.
Ал үшінші басым аймақ – Коноваловка ауылы. Бұл аулдағы «Березовка» демалыс базасы халық қолөнерін дамытуға бағытталған»,– дейді Риддер қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Әсел Жұмабаева.
Бөлім басшысының айтуынша, аймақтағы туризмді дамыту үшін кәсіпкерлердің марал шаруашылығымен айналысып, кемпиг, демалыс орындарын ашуы үшін жер телімдері беріледі.
«2020 жылы жеке кәсіпкер Климов алғаш рет 5 марал алып келді. Біздің климатқа үйреніп, жерсінуі үшін аз-аздан алып кеп жатыр. Сонымен қатар, «Ерда» ЖШС 10 гектер жерді рәсімдеуді бастап кетті»,– дейді кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы.
Алайда кәсіпкерлер жер телімін алуда бірқатар қиындық бар екенін алға тартады.
«Менің 400 маралым әлі Ресейде тұр. Не жерді рәсімдей алмай жүрмін, көмектесеміз деп құр уәде береді. Құжат жинап, жүз келіп жүрміз. Араб Әмірлігінен инвестор да тауып қойдық. Жылқы да, база да, марал да бар, тек марал ұстайтын қора салу қалды. Өтініш береміз, еш жылдамдық жоқ, тек аяқтан шалып отыр. Өстіп жүргеніме 9 жыл болды», – дейді кәсіпкер Владимир Климов.
Кейбір демалыс орындарына электр желісі жүргізілмегендіктен, кәсіп жанданбай тұрғанын да айтып өтті.
Алтаймен байланыс қашан орнайды?
Осыдан он жыл бұрын ШҚО туристік кластерін дамыту мақсатында Риддер мен Алтай Республикасын байланыстыратын жол салу жоспарланған. Бұдан бөлек, бюджет есебінен республикалық маңызы бар тас жолдың бойында Батыс Алтай қорығына электр желісі жүргізілуі керек еді. Электр желісін осы жол бойында орналасқан бес демалыс орнының иелері де күтіп жүр. Алайда, инфрақұрылым құрылысы жұмысы сол күйі бітпегені белгілі болып отыр.
«Неге бұл жұмыс аяғына жетпей, жарты жолдан тоқтады? Ресей жақта жол жоқ. Менің қолымдағы нақты ақпарат бойынша, Алтай Республикасының федералдық картасы негізінде инфрақұрылымды Қазақстан шекарасына дейін жеткізу 2022-23 жылдарға жоспарланған. Егер олар бұл жобаны жүзеге асырса, біз де жолды салып бітеміз.
Жалпы, қаланың да, облыстың да экономикасын дамытуда инфрақұрылымдың маңызы зор. Халықаралық ынтымақтастық та, туристік кластер бірден қарқын алып, дами бастайды. Өйткені Риддер қаласының туристі әлеуеті жоғары. Ол халықаралық деңгейдегі инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр», – деп атап өтті Риддер әкімі Дмитрий Горьковой.
.Қазақстаннан РФ шекарасына дейінгі жолға қиыршық тас төселіп, асфальт салуға дайындалған. Көрші мемлекеттен кері байланыс болмағандықтан, әкімдіктегілер осы жолға асфальт жауып, оны күтіп ұстауға қаржы жұмсаудың еш мәні болмады дейді. Сол себепті де жол құрлысы тоқтаған. Осы орайда электр желісін салу қажеті жайлы ойланған ешкім болмаған сыңайлы. Электр желісі құрылысы асығыс 2017 жылы қолға алынғанымен, ол да жарты жолда қалып қойған. Ал осы мақсатқа бөлінген 400 млн теңге талан-таражға түсіп кеткен.
«Бұл іске қатысы бар мемлекеттік қызметкерлердің үстінен іс қозғалды. Оны сот шешеді. Биыл құрылысты аяқтауға қосымша 230 млн теңге бөлінді. Әзірге конкурс жариялаған жоқ, алдағы уақытта конкурс жариялап, мердігерді анықтаймыз», – деді қала басшысы.
Ол сондай-ақ жер алу мәселесін де түсіндіріп өтті. Негізінен, туризмді дамытуға жарайтын тартымды жердің бәрі орман қорына, қорғалатын аймаққа жатады.
«Яғни, бұл кем дегенде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен келісу керек деген сөз. Тиісінше, кәсіпкерлердің құжат рәсімдеуі де біршама ұзаққа созылады. Жалпы, Риддерде туристік бизнеске инвестиция салғысы келетіндер көп», – деп түйіндейді Дмитрий Горьковой.