2021–2023 жылдары макроэкономикалық саясат қандай болмақ?
Күні кеше Үкімет, Ұлттық банк және ҚНРДА «2021–2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы» келісімге қол қойды. Осы орайда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов осы келісімнің жай-жапсарын түсіндіреді.
Ұлттық Банк 2019 жылы тұрақты және теңгерімді экономикалық өсімді Үкіметпен бірлесе отырып қамтамасыз ету мақсатында Макроэкономикалық саясат бойынша шараларды үйлестіру туралы Келісімді қолға алған.
Келісім 2020 жылы жаһандық дағдарыс жағдайында да жұмысын жалғастырғанымен, Үкімет пен Ұлттық Банктің негізгі күші коронавирус пандемиясы салдарымен күреске бағытталған.
«Уақытында қабылданған үйлесімді шаралар экономиканың терең құлдырауын болдырмауға, инфляцияны тежеуге және халық пен бизнесті бір уақытта қолдауға мүмкіндік берді», – дейді Баймағамбетов.
Биыл Ұлттық Банк Үкіметпен бірге Келісімді жаңартып, жоспарлау көкжиегін 3 жылға дейін кеңейтті және үшінші тарап ретінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін қосқан.
«Келісімнің негізгі мақсаты өзгеріссіз қалды, бұл – халықтың әл-ауқатын және өмір сүру деңгейін арттыру. Бұл шаралардың экономиканы қалпына келтіру кезеңінде маңызы зор. Осы мақсатта тиімді макроэкономикалық саясатты, оның ішінде бюджеттік, ақша-кредиттік, қаржылық және басқа да саясат мәселелерін іске асыру үшін қажетті бірлескен іс-шаралар белгілі болды»,– деп атап өтті ҰБ төрағасының орынбасары.
Келісімнің барлық тараптары келісілген саясатты жүргізу бойынша өзара міндеттемелерін бекітеді. Бірлескен күш-жігер макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, экономиканы қолдауға және оның өзгерген сыртқы және ішкі жағдайларына бейімдеуге бағытталатын айтып өтті.
Бірлескен іс-шаралар үш бағытта жүзеге асырылады – макроэкономикалық тұрақтылықты арттыру, қаржы секторын және оның инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ ұзақ мерзімді экономикалық өсудің әлеуетін күшейту.
Ұлттық Банк өз кезегінде инфляцияны таргеттеу режимі мен теңгенің өзгермелі айырбас бағамы аясында тұрақты экономикалық өсуге ықпал ете отырып, инфляцияны рет-ретімен төмендетіп, оны төмен деңгейде ұстап тұруға ниеттеніп отыр.
Үкіметпен бірге нарықтық өтімділікті экономика қажеттіліктері үшін тиімді пайдалану және кірістің қисық сызығын құру үшін мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту бойынша шаралар қабылданады. Бұл дамушы елдердің халықаралық индекстеріне қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздарды қосуға мүмкіндік береді, инвестор тартуға, қаржы нарығын дамытуға және экономиканың тұрақтануына, бюджет тапшылығын қаржыландыру көздерін әртараптандыруға көмектеседі.
Экономиканың сыртқы күйзелістерге бейімділігін арттырып, инфляцияның тұрақты төмендеуіне жағдай жасау үшін Үкімет пен Ұлттық Банк 2022 жылдан бастап бюджеттік тәртіпті арттыруға және тауарға деген тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік беретін жаңа бюджеттік ереже енгізеді.
Сонымен бірге, Ұлттық Банк халық пен бизнес үшін транзакциялық шығындарды азайтып, қаржылық қызметтердің қол жетімділігін арттырып, бәсекелестікті кеңейту үшін ұлттық төлем жүйесін құру ісін жалғастырады. Яғни, 2022 жылдан бастап әлеуметтік әмиянды енгізіп, оны одан әрі ұлттық тауар тарату жүйесімен интеграциялау жоспарланып отыр.
Экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру бойынша жүргізіп жатқан Үкімет жұмысы тиімді ақша-кредит саясатын жүзеге асыру үшін өте маңызды. Сол үшін агроөнеркәсіптік кешеннің, индустрияландырудың әлеуетін ашу арқылы экономиканы әртараптандыру бойынша шаралар қабылданады, бұл бизнесті қолдаудың жанама құралдарына көшуді ескере отырып, төлем балансының тұрақтылығын қамтамасыз етуде сыртқы сауда саясатын жүргізеді.
Келісімді іске асыруды үйлестіру аралық индикаторлар мен жауапты орындаушыларды анықтайтын Жол картасы арқылы жүзеге асырылады.
Қабылданған шараларды және экономикалық саясаттың басымдықтарын жаңартуды жүйелі түрде бақылау және талқылау нәтижелері бойынша Келісім жыл сайын жылжымалы негізде 3 жылдық мерзімге бекітілетін болады.