Баланың ертеңіне бүгін салуға болатын инвестиция
Баланың болашағына, соның ішінде білім алуына салынған инвестиция бос кетпейді. Әсіресе, ақылмен, жеті рет өлшеп, бір рет кесілген іс болса, оның жемісін балаңыз ер жеткенде көресіз. Яғни бүгін құнттасаңыз, күні ертең соныңыз үшін өзіңізгее риза боласыз.
Бүгінде баланың ертеңіне ақша жинаудың әдісі жетіп артылады. Біз соның бірқатарына тоқталғымыз келіп отыр. Бірінші кезекте, арнайы мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі жайлы айта кетсек. Бұл — Қазақстан Республикасының кез келген азаматы үшін өзінің не баласының атына білім беру жинақтау салымын ашып, оны болашақта Қазақстанда немесе шетелде кәсіптік техникалық және жоғары білім алу үшін оқу ақысын төлеуге қолайлы мүмкіндік. Осы мақсатта іске асырылатын бұл бағдарлама AQYL білім беру депозиті деп аталады.
Аталған AQYL білім беру депозитіне банктен пайыздар (банкке байланысты) және 5% немесе 7% мемлекеттен жыл сайын сыйақы есептеледі. Мемлекет сыйақысы жыл сайын банктің сыйақыларымен бірге есептегендегі салымдағы жалпы сомаға, бірақ бір жылда 100 АЕК-тен аспайтын мөлшерде аударылады:
• 7% басым санаттағылар үшін: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көп балалы отбасынан шыққан және аз қамсыздандырылған отбасылардан шыққан балалар;
• 5% басқа санаттағы ҚР азаматтары үшін.
Минимал бастапқы жарна – 3 АЕК. Жинақтау мерзімі 3 жылдан 20 жылға дейін. AQYL білім беру депозитін ашу үшін бар-жоғы екі-ақ құжат қажет:
1. Ата-аналарының бірінің жеке куәлігі.
2. Баланың туу туралы куәлігі және ЖСН.
Грантқа ие болған салымшының қандай құқықтары бар?
• депозиттен жинақты алу;
• ақшаны басқа баланың атына аудару;
• білімнің басқа деңгейлерін алу үшін жинақтауды жалғастыру.
AQYL білім беру жинақтау депозитінің ерекшеліктері неде?
• AQYL білім беру жинақтау депозиті мемлекет сыйақысымен көтермеленеді;
• мемлекет сыйлықақысы табыс түрі ретінде есептелмейді. Сәйкесінше, салықтан босатылған;
• AQYL білім беру жинақтау депозиті — жеке тұлғалардың депозиттерін міндетті кепілдендіру қорының нысаны (10 млн.теңгеге дейін);
• мемлекет атынан ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ-ның 100% кепілдігімен Банктен білім кредитін алуға мүмкіндік бар.
Салымды ашу үшін не істеу қажет?
Алдымен, байланыс телефондарына хабарласып, «Қаржы орталығы» АҚ-дан кеңес алу керек. Одан кейін қатысушы саналатын банктердің бірін таңдайсыз. Білім беруге арналған жинақ депозитін ашып, бастапқы жарна саласыз. Одан кейін банктен сыйақы және мемлекеттен сыйақы аласыз. Қазақстанның немесе шетелдің колледждерінде немесе жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеп, грант бойфнша түскен жағдайда банктің немесе мемлекеттің пайыздарын түгел алуға болады.
Келесі әдіс: Банктен депозит ашуға болады
Бұл — бірінші жолы. Одан бөлек, кез келген банктен өзіңізге қолайлы депозит түрін ашып, оны тұрақты толықтырып тұруға болады. Мерзімі әдетте бір жылдан үш жылға дейін болуы мүмкін. Кейін сол мерзім біткен кезде өзіңізге қажет соманы жинау үшін создыра аласыз. Әр банктегі талап пен шарт әр түрлі. Сондықтан қайсыбірін таңдаған кезде нарықты жақсылап зерттеп алған жөн.
«Банкіге» салып жинай аласыз
Ең дәстүрлі әрі ескі әдіс. Әлбетте, бүгінде ақшаны мұндай тәсілмен жинайтындар саны азайды. Дегенмен ара-тұра үйде сақтайтындар табылып қалады. Сол себепті балаға немесе жалпы «күні ертең бірдеңе бола қалса» деген оймен жинақтайтын мұндай әдісті назардан тыс қалдыра алмадық. Бір жаманы, ақша үйде тұрғанда оның жұмсалып кету ықтималы да жоғары. Әрі біздің тойшыл халық екенімізді ескергенде, жинаған ақша баланың ертеңі үшін деп басталғанымен, дәл ертеңгі тойға шашу боп кетуі де бек мүмкін. Одан бөлек, нарық заманы болғандықтан, ақшаның құнсызданатыны тағы бар. Сондықтан, ақша жинауды ойға алсаңыз, оны қандай валютада сақтау жағын да пысықтаған артық болмайды. Инфляцияның кесірінен бар жиған-тергеніңіз тиын болып қалса, еңбегіңіз еш кеткендей сан соғып қаласыз.
Баланың «беспен» бітіруіне бар жағдайды жасай аласыз
Бұл да — бір әдіс түрі. Әдетте, бала ақылы бөлімге оқуға түскенде оның бірнеше жылдық ақысын өтеп қиналмас үшін күні бұрын қамданған әлдеқайда дұрыс дейтін ата-аналар бар. Сондай-ақ, жинап жүрместен, ай сайын түрлі репетиторлар мен қосымша курстарға қатыстырып, білімін шыңдайтындарды жа жоққа шығаруға болмайды. Соның есебінен бала мектеп бітіргенде бір университеттің грантын 11-сыныпта оқып жүргенде-ақ иеленуі мүмкін. Болмаса, сол мектеппен қош айтысар алдында бір-екі жыл бұрын ҰБТ-ға дайындыққа барынша күш салып, мықты мұғалімдерден сабақ алдыруға да болады. Әлбетте, балаңыздың қарым-қабілетіне сеніп тұрсаңыз, оған жарқын болашаққа жол көрсеткен дұрыс.