Жаңалықтар

ЭКО-ны МӘМС аясында тегін жасатуға бола ма?

Болады. Ол үшін не істеу керегін айтып береміз

Жасанды жолмен ұрықтандыру процедурасын жасатуға 18-42 жас аралығындағы әрбір қазақстандық жұптың құқығы бар. Бастысы, ЭКО жасатуға медициналық көрсеткіштері келіп тұрса болғаны. Яғни терапевтік түзетуге келмейтін бедеулік болуы керек. Әу басында жұп дегеніміз, жалпы алғанда ЭКО-ны қарым-қатынасы заң жүзінде тіркелмеген әйел де жасата алады. Бұл жағдайда екіжақты ерікті жазбаша келісім талап етіледі. 

Биыл квота саны — 7 мың 

 Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда аймақтарға бөлініп қойған. Енді ЭКО орталықтары арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу ғана қалып отыр. Кімдердің қатысатыны әйелдер кеңес алуы кезінде белгілі болады. Биылғы тағы бір жаңалық — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне қосылғаны. Яғни былтырға дейін ЭКО-ға квота тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында бөлініп келген еді. Ал қазір өзгерді. Айырмашылық сол — медициналық сақтандыру қорына аударым жасалған болуы шарт. Жалпы алғанда әйел ЭКО жасату үшін МӘМС қатысушысы немесе жеңілдігі бар санатқа жатуы қажет. Осы екі категорияға тиісті болмаса, демек квотаны қолдана алмайды деген сөз. Әйтсе де, өзін-өзі жұмыспен қамтитын әйелдер Медициналық сақтандыру қорына бірыңғай жиынтық төлем аударып отырса да болады.  

Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы шеңберінде жеті мың квота бөлінді. Ал кезекте тұрғандар саны — 10 мың адам. Ескеру керек бір жәйт, квота бөлгенмен, баланың өмірге келуі де сол секілді жеті есе артып кетеді деп қате ойлауға болмайды. Себебі ЭКО ешқашан 100 пайыз нәтиже береді деген кепілдік жоқ. Бірінші реттен-ақ көтеру мүмкіндігі 35-45 пайыз жағдайда болады екен. Әрі бұл ретте ерлі-зайыптының денсаулығы, жасы сынды өзге де факторларға тәуелді.

Дәрігерлер бедеулікті медициналық мәселемен ғана емес, әлеуметтік мәселелермен де байланыстырады. Ерлі-зайыптылардың 15% -ы бала көтере алмағандықтан ажырасады. Олардың жартысына (дәрі-дәрмектер, операциялар арқылы) емдеу көмектеседі. Қалғандарына тек қосалқы репродуктив технологиялар (ҚРТ) көмектеседі, оған мыналар кіреді:

•    экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ);
•    суррогат ана болу;
•    донорлық жасушаларды қолдану;
•    аналық жасушаға сперматозоидтарды интрацитоплазмалық енгізу (АЖСИПЕ)
•    жатырішілк инсеминация (ЖИ);
•    жыныс жасушаларының криоконсервациясы (қатыру және сақтау);
•    эмбрионды имплантациялаудың генетикалық диагностикасы (ЭИГД);
•    еркектерден сперматозоид жинауға арналған TESA әдісі.

Кім өтініш бере алады?

  ЭКҰ — едеулігі бар пациенттерде қолданылатын репродуктивті технологиялардың бірі. Мұндай тұжырымдаманың классикалықтан айырмашылығы, ол ананың денесінен тыс жерде пайда болады. Анасы мен әкесінен қажетті генетикалық материал алынады. Зертханалық жағдайда аналық жасушалар ұрықтандырылады, содан кейін эмбрион арнайы инкубаторға ауыстырылады. Егер ұрықтану процесі және эмбрионның дамуы қалыпты түрде жүрсе, онда әйелдің жатырына көшіру үшін бір немесе екі эмбрион таңдалады, бұл әдетте бесінші күні жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының азаматтары ТМККК шеңберінде ЭКҰ-ға жіберіледі. Бұл репродуктив жастағы, аналық безінің жақсы қоры бар пациенттер болуы керек (табысты бағдарлама үшін аналық жасушалардың жеткілікті саны болуы шарт). Науқастың соматикалық жағдайы қалыпты болуы керек. ТМККК бойынша ЭКҰ жылына бір рет көрсетіледі. Жүктілікті өздігінен көтеруге мүмкіндігі жоқ ауыр сырқаттары барларға квота берілмейді. ЭКҰ бағдарламасына қарсы көрсетілімдерге аналық безінің, жатырдың, қатерлі неоплазмалардың түрлі ісіктері, эмбриондарды имплантациялау немесе жүктілікті көтеру мүмкін емес болып табылатын жатыр қуысының проблемалары, кез-келген органдардың жедел қабыну аурулары, жүктілік пен босануға қарсы көрсетілімдер болып табылатын соматикалық және психикалық аурулар, төмен овариальды резерв жатады.

Қандай клиникаларда жасалады?

Квота бойынша 5 медициналық ұйым жұмыс істейді:
•    ЖШС «PERSONA» халықаралық репродуктология клиникалық орталығы (Алматы) 
•    «Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы» (Астана)
•    ШЖҚ РМК «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» (Алматы)
•    ЖШС «Астана ЭКОЛайф» (Астана)
•    «Неке және Жанұя» медициналық орталық (Тараз қаласы)
•    ЖШС «ЭКҰ орталығы» Алматы қаласы
•    ЖШС «ЭКОмед» 
•    ЖШС «Privat clinic» (Алматы)
•    ЖШС  ЭКҰ Орталығы Өскемен.

ЭКҰ өткізетін әрбір клиниканың сайтын, ресми бағалық деректері, және статистикасы бар, сонымен қатар кеңес  беруге ашық. Пациент ақпаратпен өздігінен танысып, клиника таңдау туралы шешімді қабылдай алады.

Өтініш қалай беріледі?

Егер квотаға алуға көрсеткіштер бар болса, ендігі сіздің жасау керек жұмысыңыз мынадай болады:
•    Тұрғылықты мекен жайыңыз бойынша емхананың әйелдер консультациясы бөліміне барып, кезекке тіркелу;
•    Әйелдер консультациясы бөлімінен репродукция клиникасына және репродуктологтың кеңесіне жолдама алу;
•    Репродукция клиникасында одан әрі қаралу үшін репродуктологтан консультация алу. Тиімді болу үшін екі серіктес те репродуктологтың кабинетіне баруы керек;
•    Қарсы көрсетілімдер жоқ болса – дәрігерлік комиссиядан өту;
•    ЭКҰ процедурасын өткізуге келісім алу үшін, ЭКҰ клиникасында комиссиядан өту қажет;
•    Квота алуға кезекке тұру үшін комиссиядан өту барысында алынған хаттаманы әйелдер консультациясы бөліміне апарып бересіз;
•    Осыдан соң квота аласыз;
•    Клиника репродуктологымен  ЭКҰ күні мен порталға тіркелу туралы келісесіз;
•    ЭКҰ бағдарламасына репродуктологтың барлық ұсыныс пен талабын орындау арқылы кіресіз.

Әлем және Қазақстан

     Репродуктивті медицина институтына жылына 10 мыңға жуық жұп бала көтере алмай жүргенін айтып келеді екен. Олардың 60 пайызына түрлі ем-дом жасалып, нәтижесінде жатырына бала бітеді. Ал қалған 40 пайызына ЭКО жасатудан өзге амал жоқ. Ширек ғасыр ішінде Қазақстанда «түтіктен» шыққан баланың саны 18 мың. Олардың алды бүгінде өздері де ата-ана болған. Елімізде жасанды жолмен ұрықтандырумен айналысатын 25 емхана бар. Процедуралардың дені коммерциялық жолмен өтеді. Өйткені квота шыққанын күтіп, уақыт алғаннан гөрі ақша тауып, ертерек қамданғанды жөн көретіндер көп. Биыл жеті есе көп квота бөлінгенімен, мұқтаж адамдар саны бұдан да асып түседі. Бірден жеті есе артқаны да жөн. Себебі осы күнге дейін біздегі квота санының өте аз екені жайлы талай мәрте айтылып, талай жерде жазылып та жүрді. Мәселен, ESHRE Еуропалық адам репродукциясы қауымдастығының мәліметтеріне сәйкес, 1 млн адамға шаққанда мемлекет тарапынан 1,5 мың жеңілдетілген ЭКО бағдарламасы болуға тиіс. Бұл дегеніміз — Қазақстанға жылына 18 000 квота бөлу керек деген сөз. Яғни Еуропадағы сәбилердің 3 пайызы осы жолмен өмірге келетін болса, біздегі көрсеткіш өте мардымсыз — 0,3 пайыз ғана. Сонымен қатар, дамыған елдердің денінде көмекші репродуктивті технологиялар мемлекеттік бюджет немесе мемлекеттік сақтандыру есебінен іске асырылады. 

     Бүгінде әлем бойынша 12-20 пайызға жуық жұптың бала сүйе алмай отырғаны туралы статистика бар. Оның ішінде жартысына жуығы көмекші репродуктивті технологияларға зәру. Біздің елдегі ахуал да мәз емес. Әрбір алтыншы отбасында осы мәселе бар. Әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесіне қарасақ, қазақстандықтардың 20 пайызы ажырасуға осы бала көтере алмау себеп болады деп есептейді екен. Енді осы мәселеге мемлекет білек сыбана кірісетін болды. Әлбетте, квота санының көбейгені сүйінші хабардың да бұрынғымен салыстырғанда көбейетінін көрсетуі керек. Айталық, Израиль баласыз жоқ жұпқа балалы болмайынша квота бөле береді. Францияда ерлі-зайыптыларға төрт рет мүмкіндік берілсе, Аргентинада үш рет тегін жасатуға рұқсат. Аустралияда 49 жасқа келгенше шектеу жоқ. Біздегі бір ерекшелік сол — баласы бар отбасыларға квотаны пайдалануға тыйым салмайды. Бір анадан оннан астам бала тараған қазақ халқы үшін бұған шектеу қойылмағанының өзі жақсы жаңалық деп бағамдауға болады.