Шағын қалада өмір сүріп, ірі мегаполиске жұмыс істеу жолы – жеке тәжірибе
Шетелде қызық бір үрдіс қалыптасып келеді: адамдар ірі мегаполистен шағын қалаларға көшіп жатыр. Бұл үрдіс Қазақстанда да бар ма, жалпы аймақтағы қалалардың тыныс-тіршілігі қандай?
Павлодар қаласында тұратын ғылыми журналист «Курсив» пен «Шеврон» компаниясының «Нағыз Қазақстан» жобасы аясында аталмыш шаһардың бүгінгі жай-күйі мен тіршілігі туралы сөз қозғайды.
Менің аты-жөнім – Анастасия Горбунова. Павлодар қаласының тумасымын, жасым 28-де. Саналы ғұмырымның басым бөлігінде өзге қалаға, әсіресе ірі мегаполиске көшкім келді. Қанша көшкім келгенімен, түрлі себептермен бұл арманым орындала қоймады. Сөйтіп жүргенде бір күні, маған осы қалада өмір сүрген ұнайтынын түсіндім. Шағын қалада ғұмыр кешудің өзіндік кемшіліктерімен қатар, артықшылығы да бар екен.
Ең бастысы – бар дүниеге шынайы қарау. Осы ретте қала тұрғындарының тіршілігі, болашағы бар ма және қала несімен ұнайтынын айтып өтсем. Бұл материал тек менің өз тәжірибем мен жеке пікірім екенін есте ұстасаңыз. Оны қала тұрғындарының басым бөлігінің пікірі деп қабылдауға болмайды. Ой-пікірі менікімен сай келмейтін, өмір салты басқа павлодарлықтар көп болуы да мүмкін.
Редакциядан: жоба авторының пікірі және қаладағы қандай да бір процестерге берген бағасы редакцияның немесе «Шеврон» компаниясының осы мәселеге қатысты пікірін білдірмейді.
Павлодар облысында кім тұрады және олар немен айналысады?
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегі бойынша, Павлодар облысында 750 мың адам тұрады, оның ішінде облыс орталығы — Павлодар қаласын 360 мың адам мекен етеді. Тұрғындардың арасында көптеген ұлт өкілдері бар: қазақ (47,71%), орыс (41,11%), украин (3,80%), неміс (2,15%), татар (1,97%), сондай-ақ белорусь, молдаван, әзірбайжан, шешен, ингуш, башқұрт, өзбек, кәріс, поляктар мен т.б. тұрады. Түрлі ұлт өкілдерінің шоғырларуы – көп қатпарлы тарихымыздың бір бөлігі.
Павлодар облысы – еліміздің ірі индустриялық аймақтарының бірі, мұнда көптеген ірілі-ұсақты өндіріс орындары бар. Олардың ішінде Қазақстан электролиз зауыты, «Қазақстан алюминийі» зауыты, Ақсу ферроқорытпа зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, Павлодар машина жасау зауыты, Бозшакөл кен-байыту комбинаты, «Богатырь», «Северный» және «Восточный» көмір кені, бірнеше ЖЭО және ГРЭС бар. Бұл кәсіпорындарда көптеген тұрғын жұмыс істейді.
Павлодар алюминий зауыты
Қызыл үйінділер — бокситтер (алюминий оксиді гидраты, темір және кремний оксидтерінен тұратын алюминий кені)
Павлодар облысында бидай, қара бидай, қарақұмық, тары, арпа, сұлы сынды дәнді дақылдар мен картоп, сәбіз, жүгері, күнбағыс секілді көкөніс өсіріледі. Сонымен қатар, бізде мал шаруашылығы жақсы дамыған: ет-сүт өнімдері, құс шаруашылығы, балық және орман шаруашылығымен де аздап айналысады.
ҚР Статистика комитеті 2020 жылдың ақпан айында 2019 жылғы медианалық жалақы туралы мәлімет жариялады. Осы мәліметке сәйкес, Павлодар облысы ең жоғары медианалық жалақы бойынша 4 орында тұр. Бұл көрсеткіш жалпы орта жалақыдан гөрі шындыққа жақын. Павлодар облысында қызметкерлердің басым бөлігі алатын жалақы – 119,5 мың теңге (аймақтағы орташа айлық 177,4 мың теңге). Бұл көрсеткіш Атырау және Маңғыстау облысы, Алматы мен Нұр-Сұлтанда ғана жоғары. Ол ең төменгі көрсеткіш болмағанынмен, бұл есепте шағын кәсіпорындар ескерілмеген. Ал олардың қызметкерлері табатын табыс орташа жалақыны тіптен төмендетіп жіберуі мүмкін.
hh.kz сайтында жарияланған бос жұмыс орындарына көз жүгіртсек, Павлодарда жұмыс берушілер расында Статистика комитеті келтірген жалақыға тең айлық ұсынады.
Ал шынайы өмірде өзге аймақтар секілді, бұл жақта да тұрғындардың табатын табысында үлкен айырма бар деп ойлаймын. Бұл өңірде айлығы шайлығына жетпей жүргендер де, жақсы табыс тауып, шалқып жүргендер де баршылық.
Ертіс жағасында бой көтерген қала
XVIII ғасырдың басында Ресей империясы әскери-инженерлік құрылыс – әскери бекініс сала бастады. Алғашқы кезде олар орыс-қазақ шекарасының бойында орналасқан еді, кейіннен патшалық Ресейдің көрші елге ықпалы күшейе бастаған кезеңде, қазіргі Қазақстан аумағына қарай жылжи түсті. І Петрдің жарлығымен салынған қамал желісінің алғашқысы – Ертіс бойындағы бекіністер. Ол Омбы, Семей және Өскемен бекіністерін біріктіріп жатты. Құрылыс Ертістің оң жағалауын бойлай салынып, Коряков қамалы сынды бекіністер бой көтерді.
Қазақ жерін отарлаған сайын, шекара да жылжып, уақыт өте келе басқыншылардан қорғану үшін әскери бекіністер мен қамалдар қажет болмай қалды. Осылайша бекініс пен қамалдар ауыл мен стансаға айналып, оларға ішкі империядан жер ауып келгендер қоныстана бастады.
1938 жылы Коряков қамалы станса мәртебесін алып, онда казак мектебі мен лазарет пайда болды.
Ауыл кеңейе берді: кеме қатынасына қолайлы өзен жағасындағы тұруы, көптеген табиғи тұзды көл, тұз өндірісі, мыс, қорғасын және күміс қоры табылған аудандармен шектесеуі — мұның бәрі мекеннің экономикалық дамуына ықпал етті, сонымен қатар қоныс аударушыларды да қызықтырды. Сауда-саттыққа да қолайлы жағдай жасалып, ауылда алғашқы саудагер-көпестер пайда болды. Бай саудагерлер сәулетті үй, діни ғимарат, аурухана сала бастады. Бір көшенің бойында орналасқан үйлердің кейбір әлі күнге дейін сақталған.
Көпес А.Деровтың 1996 жылы салынған сауда үйі. Бұл жерде қазір Г.Потанин атындағы өлкетану музейі орналасқан.
1887 жылы салынған Зайцев көпестің үйі. Қазір мұнда Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі орналасқан.
Көпестер стансаның мәртебесін көтеруді талап етті. Олар оған 1861 жылы қол жеткізді: Коряков стансасы герцог Павел Александровичтің дүниеге келуіне орай, Павлодар атауын иеленді. Осылайша іргетасы қаланған туған қаламның одан бері атауы өзгерген емес.
Ұлы Отан соғысы жылдары бұл өлкеге «сенімсіз» ұлт өкілдерін жер аудартып, (мәселен, Павлодар облысында немістер көп) Ресейден көптеген кәсіпорынды жұмысшыларымен бірге көшірді.
Соғыстан кейінгі бейбіт кезеңде қаланың екінші тынысы ашылғандай еді. Бұл аймаққа комбайн құрастыратын, алюминий шығаратын және мұнай өңдейтін зауыт, химия комбинаты, құрылыс саласы кәсіпорындарын салу туралы шешім шықты. Бәрін азық-түлікпен қамту үшін егінді де молынан егу керек болды.
1954 жылы КСРО-ның түкпір-түкпірінен жиналған тың игерушілердің алғашқы легі келіп жетсе, бір жылдан соң өнеркәсіптік нысандардың құрылысы басталды. Өндіріс кәсіпорындарының көпшілігі дәл осы уақытта салынды. Менің замандастарымның ата-әжесі тың игеру мен кәсіпорын салуға қоныс аударғандар еді. Олар біраз жыл еңбек еткен соң, осында тұрақтап қалды. Павлодар облысында су тапшы, егіншілікке қолайсыз, бұл жерде бірдеңе өсіру қиын болғандықтан, тың игерушілерге оңай болған жоқ.
Павлодар облысындағы тұзды көл. Бұндай көлдер көп.
Ямышево көлінің бетіне түзілген тұз
1989 жылдары Павлодар облысында 943 мың адам тұрған. Кеңес одағы құлаған соң, біраз адам көшіп кетті. Көпшілігі тарихи отанына оралса, біразы жақсы тұрмыс пен жұмыс іздеп кетті. Қазір бұл аймақты 751 мың жан мекен етеді. 2003 жылдан бері бұл сан бір-екі мыңға ары-бері ауытқығаны болмаса, бір деңгейде тұр.
Өңірге қоныс аударып жатқандар әлі де бар. Солтүстіктегі өндірісті қолдау, сондай-ақ оңтүстіктің халық тығыз орналасқан қалаларындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін Қазақстанда ерікті қоныс аудару бағдарламалары іске қосылды. 2014 жылдан «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» — «Серпін-2050» бағдарламасы қолға алынған.
Аталмыш бағдарлама бойынша оңтүстік өңірлерден келген жастар техникалық немесе ауыл шаруашылығы саласы бойынша тегін білім алады. Оқуын бітірген соң солтүстік облыстарда тұруы керек.
«Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» 2017 жылы басталды. Ол өңірлердегі еңбек диспропорциясын теңестіру мен еңбек ресурсын ынталандыруға бағытталған. Қатысушыларға оңтүстіктен солтүстікке көшу, бір жыл бойы тұрғын үй жалдау және коммуналдық шығынын өтейтін қаржылық қолдау көрсетіледі, жер телімдері өтеусіз пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, бұл бағдарлама бойынша қоныс аударушылардың жалақысын көбейту үшін олады жұмысқа қабылдайтын кәсіпорындарға субсидия бөлінеді, ал бағдарлама қатысушыларының, қажет болса, білім алып, кәсіби біліктілігін арттыруына жағдай жасалады.
Павлодарда өмір сүру қымбат па?
Павлодарда сатылатын немесе жалға берілетін үйлер көп емес. BI-Group сынды ірі құрылыс компаниялары жоқ. Сондықтан жаңа үйлер сирек салынады. Негізінен элиталық немесе әлеуметтік баспана тұрғызылады. Алғашқысының бағасын қалтасы көтеретіндер аз, ал әлеуметтік баспана сатылмайды, тек кезекте тұрғандардың арасында бөлінеді. Яғни, қаланың тұрғын үй қорының басым бөлігі – кеңес заманынан қалған мұра.
krisha.kz сайтындағы бағаларға қарасақ, бір бөлмелі пәтерді айына 80-150 мың теңгеге жалдауға болады. Баға үй орналасқан аудан мен пәтердің жағдайына байланысты.
Бір бөлмелі пәтерді шамамен 8-12 млн теңгеге сатып алуға болады. Бұдан арзан да, қымбат та ұсыныстар бар. Үй бағасына баспананың жай-күйі мен ауданы әсер етеді.
Бір бөлмелі пәтердің айлық коммуналдық шығыны – 8-10 мың теңге. Жылдамдығы жоғары интернет үшін айына 7-10 мың теңге төлейсіз.
2021 жылдың ақпан айындағы негізгі азық-түлік бағасы:
* Сиыр жон еті, 1 кг – 2200 теңге
* Тауық еті,1 кг – 1320 теңге
* Қияр, 1 кг –1000 теңге
* Картоп, 1 кг — 165 теңге
* Бас пияз, 1 кг – 88 теңге
* Банан, 1 кг– 740 теңге
* Алма, 1 кг – 575 теңге
* Сүт, 3,2%, 1 л — 255 теңге.
Баға әр сауда нүктесінде әртүрлі.
Облыстағы шағын шаруа қожалықтарының да өнімдері де сатылады. Оларды негізінен базар мен шағын дүкендерден таба аласыз.
Қалада Fix Price және «Светофор» (ресейлік дүкен желісі), деген маркет желілері танымал. Сонымен қатар, Greenwich, Small, Inmart, «Лидер» сынды супермаркеттер де бар.
Үлкен қоймаға ұқсайтын «Светофор» желісі дүкенінің бірі.
Қоғамдық көліктегі жолақы – 80 теңге. Ал қала аумағында такси шақыртқыңыз келсе, Яндекс.Такси бір бағытқа 400-600 теңге алады.
Көшкен жөн бе, қалада қалған дұрыс па?
Достарымның басым бөлігі Павлодардан көшіп кетті. Мен де ұзақ уақыт көшкім келіп талпынсам да, бір реті келмеді. Қазір қалада қалғаныма қуанамын. Алайда менің жағдайым – мыңнан бір кездесетін жайт. Мен өзіме ұнайтын, қашықтан отырып та істей беретін жұмыс таба алдым. Мақала жазу, онлайн-білім беру сынды бірнеше жобаны қатар алып жүрмін. Қашықтан жұмыс істеген кезде, қайда тұратының маңызды болмай қалады. Алматы немесе Мәскеу сынды ірі қалалардағы басылымдар, компаниялармен жұмыс істеуге, қызықты жобаларды жүзеге асырып, жақсы табыс табуға болады. Дегенмен, бұндай істің қиын тұстары да бар: ірі қала қарқынымен жұмыс істеп, шағын қала ағынында өмір сүруге тура келеді. Есесіне карантин кезінде аса қиналмай, жаңа жағдайға тез бейімделдім.
Пандемия кезінде ғылыми журналистика мен онлайн-білімге деген сұраныс арта түсті. Карантинге дейін де бос жүрген жоқ едім, қазір жан-жақтан түсетін ұсыныс қатары артып, тіпті кейбірінен бас тартуға тура келеді.
Кейінгі кезде оқуды да онлайн оқып жүрмін. Жалпы, қашықтан жұмыс істеу бір жағынан болашақ мүмкіндіктерді ашса, екінші жағынан ірі қалада тұруды міндеттемейді. Ірі қалалар маған аса жақпайды. Оның үстіне ірі компания басшысы болам деген мақсатым да жоқ. Ал енді алдыңа осындай мансаптық мақсат қойсаң, онда қаладан көшуге тура келеді.
Жазғы кештегі жағалау. Бұл оның бір бөлігі ғана, Ертіс бойындағы қала жағалауы 1 шақырымнан асады.
Маған қаланың болашағы, келешегі жайлы пікір айту қиын, өйткені қаладағы кәсіпорындарда еңбек етіп көрген жоқпын, үнемі қашықтан жұмыс істеп келемін.
Павлодарда 3 ЖОО бар: Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті және Инновациялық Еуразия университеті (жекеменшік). Көптеген студенттер машина жасау немесе энергетика сынды техникалық мамандықта оқиды. Себебі, біріншіден, Павлодар – индустриалды қала, екіншіден, әдетте бұл мамандықтарға мемлекеттік грант көп бөлінеді. Әрине, басқа да мамандықтар оқытылады.
Колледждер де техникалық мамандарды жиі дайындайды. Білім сапасы және оның қаншалықты сұранысқа ие екені жайлы ештеңе айта алмаймын. Өзім жоғарғы оқу орнын 6 жыл бұрын бітірдім және оқыған «университеттік Биология» мамандығы бойынша (бізді ҒЗИ және зертхана маманы ретінде дайындады) бір күн де жұмыс істемедім. Мен үшін академиялық білім ғылыми журналистикадағы маңызды негіз болды: алған бір жапырақ құжат емес, білім пайдаға жарады.
Ертістің көктемгі тасқыны
Өмір бойы Павлодардағы зауытта жұмыс істегенді жаны қалайтын адам бар-жоғын, білмедім. Алайда бұл жеңіл жұмыс емес деген ойдамын, үлкен ұжым, бюрократия көп, айлығың өсуі үшін көп жыл күту керек.
Павлодар – шағын қала, бұнда кептеліс жоқ. Қаланың бір басынан екінші басына 40 минутта-ақ жетуге болады. Тұрмыстық тірлікті де атқару жеңіл. Павлодар – солтүстіктегі климаты қатаң қала, ауа-райы қыста -35-40 гарусқа дейін төмен түссе, жазда күн 35 градусқа дейін көтеріледі.
Экологиялық мониторинг қала ауасы таза де көрсеткенімен, оған сену қиын. Маған бұл қалада бәрі ұнайды: көрікті жері көп, адам аяғы аз, тыныш, барар жеріңе, ата-анаңа қонаққа да тез жетесің.
Алайда бұл өмірде алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің, бәлкім болашақта басқа жаққа көшуге себеп пен мақсат табылып та қалар. Бір білерім анық: қайда жүрсем де, қалама деген махаббатым жүрегімнен ешқашан өшпек емес.