Қазақстандықтар жеке басқарушы компанияларға сенім артып зейнетақы қаржысын бере ме?

Жарияланды
Алты компания таңдап алынған

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін пайдалануға болады дегелі бері қаражатты  зейнетақы портфелін басқарушыға (ИПБ) аударуға байланысты 238 өтініш түсіпті. Аударымның жалпы сомасы 692 млн теңгеден асады. Орташа сомасы 3 млн теңге.

Зейнетақы жинағын инвестициялық портфелді басқарушыға аударуға өтініштердің басым бөлігі, нақтырақ айтсақ 50 пайызы Алматы қаласының тұрғындарынан түскен. Олар орта есеппен 2,5 млн теңге аударыпты. Елорда тұрғындарынан аударымға өтініштердің шамамен 19 пайызы түсті және олар ИПБ-ға орта есеппен 3,8 млн теңгені сеніп тапсыруға дайын. Берілген өтініштердің саны бойынша үшінші орында – Қарағанды облысы (4,2 пайыз) тұр. Аударымның орташа сомасы 1,2 млн теңгені құрайды. 

ИПБ-ға жасалатын аударымның ең көп орташа сомасы – 11,4 млн теңгеден астам сома Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Мұнда тек 2 өтініш берілді, бірақ жалпы сомасы – 23 млн теңге.

БЖЗҚ хабарлауынша, салымшының зейнетақы жинақтары ИПБ басқаруына:

  • салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының нақты сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспайтын мөлшерде; немесе;
  • өмір бойғы төлемдерді көздейтін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде берілуі мүмкін.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аудару салымшыдан өтініш түскен күннен кейінгі күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылатын болады. Зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қалады. Ал БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын есепке алуды жалғастырады.

Зейнетақы жинақтарын аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтініш жасауы қажет, оны enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне өзі келгенде беруге болады.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға қатысты үш ИПБ-мен шарт жасасты. Олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын зерделеуді enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аудару» бөлімінде жүзеге асыруға болады.

1 наурыздағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану туралы 737 өтініш берілген. Аударымның жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асады. 271 өтініш орындалып, уәкілетті операторларда ашылған салымшылардың арнайы шоттарына 277,7 млн теңге аударылды. Қазақстандықтар емделуге орташа есеппен 1 млн теңге аударады. Өтініштердің басым бөлігі Алматы қаласы (20,9 пайыз), Нұр-Сұлтан қаласы (18,6 пайыз) және Атырау облысының (7,3 пайыз) тұрғындарынан келіп түскен екен. 

Ал тұрғын үй жағдайын жақсартуға қатысты уәкілетті операторлардан («Отбасы банкі» ТҚЖБ» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, сондай-ақ «Банк ЦентрКредит» АҚ) біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға 181 842 өтініш келген. 

«Жалпы сомасы 643,1 млрд. теңгеден асатын 121 809 өтініш орындалды. Салымшылардың арнайы шоттарына түскен төлемдердің орташа сомасы 5,3 млн теңгеден асады» делінген БЖЗҚ хабарламасында. 

Осыған дейін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қазақстандықтардың зейнетақы қаржысын басқаратын компанияларға қойылатын негізгі талаптарды жария еткен болатын. 

«Зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы бар, кемінде 3 млрд теңге мөлшеріндегі меншікті капиталы, соңғы үш жылда клиенттердің 5 млрд теңге мөлшеріндегі активтерін басқару тәжірибесі бар, сондай-ақ соңғы екі жыл ішінде шығынды қызмет фактілері жоқ компанияларға беруге болады» деген еді агенттік төрағасының орынбасары Мария Хаджиева. 

Сонымен бірге портфельді инвестициялау және әртараптандыру тәуекелдерін барынша азайту көзделген. Реттеуші зейнетақы активтерін қаржы құралдарының бір шығарылымына инвестициялау лимиттерін белгіледі – облигациялар үшін зейнетақы активтерінің 50 пайызынан аспайды және акциялар үшін 10 пайызынан аспайды, сондай-ақ бір ұйым және оның үлестес тұлғалары шығарған қаржы құралдарына 10 пайызынан аспайды. 

Валюта түрлері бойынша қаржы құралдарының теңгерімді портфелін қалыптастыру үшін шетел валютасымен номинирленген қаржы құралдарына инвестициялау лимиттері көзделеді: зейнетақы активтерінің 50 пайызынан көп емес. Бұл ретте зейнетақы активтерін қандай да болмасын қаржы құралына инвестициялаудың нақты лимиттері басқарушы компания бекітетін инвестициялық декларацияда белгіленетін болады.

Инвестициялық портфельді басқаруға арналған лицензиясы бар 18 басқарушы компанияның алтауы бекітілген талаптарға сай келген: 
•    «First HeartlandJysan Invest» АҚ
•    «BCC Invest» АҚ – «Банк ЦентрКредит» АҚ-тың еншілес ұйымы»
•    «Halyk Global Markets» АҚ («Қазақстан Халық Банкі» АҚ-тың ЕҰ)
•    «Halyk Finance» Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ» АҚ
•    «First Heartland Capital» АҚ
•    «Сентрас Секьюритиз» АҚ. 
 

 
Сондай-ақ оқыңыз