1,2 млн кәсіпкерге қолдау көрсетілмек

Жарияланды
Нәтижесінде ЖІӨ 3 пайызға өседі

ҚР Президенті жанындағы Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия кәсіпкерлерді қолдау бойынша шұғыл шаралар топтамасын мақұлдады, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі. 

 Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығынмен өткен жиында қазіргі қалыптасқан экономикалық жағдайда іскерлік белсенділікті ынталандыру мәселелері қаралған.

2020 жылдан бастап ұлттық экономикадағы қалпына келтіру серпінін қамтамасыз ету мақсатында жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді, кәсіпкерлік қызметті жандандыруды, цифрландыруды, АӨК әлеуетін ашуды, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық, көлік, әлеуметтік және сауда инфрақұрылымын дамытуды көздейтін дағдарысқа қарсы шаралардың бірнеше топтамасы қабылданды. 

Тікелей іс-қимыл шаралары биыл ЖІӨ-нің 3%-ға өсуіне ықпал етпек.  3,3 млн-нан астам адам жұмыс істейтін 1,2 млн астам кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетіледі.

COVID-19 пандемиясының салдарынан экономиканың ең көп зардап шеккен секторы –  шағын және орта бизнес. Осыған байланысты, биыл «Атамекен» ҰКП 50 мыңнан астам кәсіпкерге қосымша қолдау шараларына қажеттілік тұрғысынан сауалнама жүргізген.

Сауалнама нәтижесі негізінде 4 бағыт: бизнес жүктемесін азайту, қаржыландыру, сұраныс нарығы және сапалы адам ресурстарына қолжетімділікті кеңейту бойынша 24 шарадан тұратын қосымша пакет әзірленді.

Жаңа шаралар топтамасы биыл 26 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңес аясында  қаралды.

Шаралар кешені экономиканың зардап шеккен салаларындағы ШОБ субъектілерін 2021 жылғы 1 маусымға дейін жеңілдікті шарттармен қайта қаржыландыру үшін ЭҚЖЖ тізбесін 29-дан 174-ке дейін кеңейтуді, мемлекеттік мүлік объектілері және квазимемлекеттік сектор мүлкі бойынша жалдау төлемдерін есептеуден 2021 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартуды, жылдың соңына дейін мүлік салығын төлеуден босатуды ұзартуды, жұмыс берушіден алған қорғау қаражаты түрінде кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлері табысын ЖТС-дан босатуды қамтиды.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бастамасы бойынша заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығына мораторийді 2021 жылғы 1 шілдеге дейін ұзарту, отандық тауар өндірушілердің мемлекеттік сатып алуға қолжетімділігін арттыру, «Даму» КДҚ» АҚ кепілдік беру құралын Ұлттық Банктің жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасында да қоданылмақ.

Премьер-Министр  Ұлттық экономика министрлігіне 12 наурызға дейін қолданыстағы заңнамаға  енгізілетін тиісті түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз