«АSHYQ» жобасы адамдардың қозғалысын шектеп тастамай ма?

Жарияланды
Шенділер ең маңызды сауалдарға жауап берді

Коронавирус пандемиясынан сақтану мақсатында қолға алынған «АSHYQ» пилоттық жобасы қоғам тарапынан көптеген сауалдарды туындатып отыр. Мәселен, елордада екі адамның ПТР мәртебесі «қызыл» болып шыққан. Алайда кейінірек бұл нәтиженің бес ай бұрынғы екені анықталған. 

«Деректер жүйеде әр 20 минут сайын жаңартылады, яғни тексеру жүргізіледі. Ақпарат бірыңғай дерекқорға зертханалардан олардың регламентіне сәйкес түседі, мысалы, күніне бір рет. Орын алған жағдайлар бойынша айтарым, клиентте немесе емделушіде коронавирус анықталған, содан кейін емдеу барысында қайтадан ПТР тапсырмаған» деді «Digital innovation and transformation» ЖШС директорының орынбасары Виталий Пустовойтенко.

Сонымен қатар ол QR коды субъектіге берілетінін атап өтті: кіргенде және шыққанда. Бұл бизнес нысандары аумағының үлкен болуына байланысты. Клиент екі QR-код басып шығарады – біреуі кіруге, біреуі шығуға арналады. Ғимаратқа кіруге цифрлық рұқсаттама алу тікелей мобильді қосымшада тексеріледі.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жүйе адамдардың қозғалысын шектемейді. Тек карантин жағдайында бизнеске жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің цифрландыру басқармасының басшысы Саян Әбдішевтің айтуынша, жүйе ерікті түрде жүзеге асырылады, мемлекет өз тарапынан оған қатысуға ешкімді міндеттемейді.

«Бүгінде бизнес үшін ақпараттық технологиялардың көмегімен карантин және шектеу шаралары жағдайында жұмыс істеу мүмкіндігі пайда болды. Бұл жүйенің мақсаты – қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету және келушілерді коронавирус инфекциясынан қорғау. Қосымша бизнеске карантиндік шаралар кезеңінде өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Бас санитарлық дәрігердің 67-ші қаулысы бойынша мәртебе берілетінін ескеру керек. Нысанға кіргенде QR-кодты сканерлейсіз, келушілер тарапынан мобильді қосымшада индикаторлар шығады. Мысалы: «қызыл» мәртебе – COVID-19 оң нәтижесімен базада тіркелген, сары – байланыс, көк – дерекқорда жоқ, жасыл – ПТР тест нәтижесі теріс екендігін білдіреді» деп түсіндірді спикер. 

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегі бойынша, қазірге дейін 15 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі өз жұмысын жандандырмаған. Жекелеген өңірлерде аймақтарға байланысты шектеулер бар, оларды жергілікті жерлердегі бас санитарлық дәрігерлер қабылдайды. 
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, 2021 жылғы 22 қаңтардан бастап «Ashyq» қосымшасы «Infokazakhstan.kz» платформсыамен біріктірілді, ол арқылы қатысуға өтінім беруге және QR код алуға болады. Бұл пандемия жағдайында 700 мыңнан астам кәсіпкерлік қызмет субъектісінің жұмысын жандандыруға мүмкіндік берді.

«Ashyq» пилоттық жобасы адамның бойында аурудың қандай да бір симптомдарының, бизнес ортаға жататын қоғамдық орындарға баруға қарсы көрсетілімдердің бар-жоғын анықтайды. Пилоттық жоба Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында қаңтар айынан бастап іске қосылды. Бір аптадан кейін облыс әкімдігінің бастамасымен Қарағанды қаласында жүзеге асырылуда. Жалпы, жобаға Қазақстан бойынша 130-дан астам субъект қатысады, осы платформада 20 000-ға жуық тіркеу жүргізілді. Өткен аптада бас санитарлық дәрігер белгілі бір субъектілердің жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік беретін жаңа қаулыға қол қойды. Бұл жоба Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде оң нәтижелер берді. Бүгінде ірі әуе тасымалдаушылар да «TravelPass» сияқты платформаны әзірледі. Онда да QR жүйесі қолданылады. Меніңше, қазіргі кезде бұл ең оңтайлы және қолайлы жол» деп атап өтті спикер.

Бір қызығы бұл жобаға қарсылық танытушылар да бар. Қазақстандықтардың кейбірі бұл қосымшаны App Store мен Google play-де бұғаттап тастағысы келген. Виталий Пустовойтенконың айтуынша, бұл вакцинацияға қарсы топтардың әрекеті. Оның айтуынша, қосымша азаматтардың жеке дерегін жинаумен айналыспайды. Ол тек бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін ғана шығарылған. 

Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің сөзінше, қазір қалада 27 кәсіпкер қосымшаны пайдаланып көріп жатыр. Оның ішінде 10 кафе мен мейрамхана, 15 фитнес-орталық, СПА және бассейн бар. Төрт бірдей боулинг-орталық та бұл жобаны пайдалануға қызығушылық танытқан. 
 

Сондай-ақ оқыңыз