Ұлттық банк дәстүрлі түрде базалық пайыздық мөлшерлемеге қатысты шешімін жария етті. Бас қаржылық қадағалаушының ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 9 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдаған.
«Шешім азық-түлік нарықтарындағы сақталып отырған теңгерімсіздіктерге, сыртқы сектордағы жоғары белгісіздікке, сондай-ақ инфляцияның жылдамдау тәуекелдерінің болуына байланысты экономикадағы басым проинфляциялық қысымға негізделген. Халықтың инфляциялық күтулері тұрақталмаған және жоғары деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар тұтынушылық сұраныс тарапынан дезинфляциялық әсердің біртіндеп әлсіреуі күтілуде, бұл эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы жағдайында экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне байланысты болады» делінген хабарламада.
Ұлттық банктің хабарлауынша, азық-түлік инфляциясының құрылымында шектеулі ұсыныс, әлемдік тауар нарықтарындағы бағалардың, сондай-ақ отандық өндірушілер бағаларының өсуі жағдайында тауарлардың жекелеген түрлерінің (май және тоң май, жұмыртқа, қант) қымбаттауы байқалады. Сонымен бірге алдыңғы айларда байқалған ет және ет өнімдері, нан-тоқаш өнімдері мен жармалар бағасы өсуінің баяулауы ақпанда тоқтаған. Тұтынушылық сұраныстың төмен болуына және тұтынушылар талғамының неғұрлым арзан өнімдерге қарай өзгеру үрдісіне байланысты азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының қалыпты өсу қарқыны инфляцияға тежеуші әсер етеді. Ақылы қызметтер құрылымында тұрғын үй-коммуналдық реттелетін қызметтердің жекелеген түрлеріне тарифтердің төмендеуі байқалады. Жеке қызмет көрсету және демалыс қызметтері бағасының өсуі жалғаса түскен.
«2021 жылғы қаңтарда экономиканың бірқатар негізгі секторларындағы іскерлік белсенділік ІЖӨ-нің күтілген көрсеткішінен де төмен құлдырай отырып (-4,5%), қысқарды. Мұнай өндіру секторында, сондай-ақ көлік және сауда салаларында айтарлықтай қысқару байқалды. Озыңқы индикатор – іскерлік белсенділік индексіне сәйкес 2021 жылғы ақпанда 49,0 тармаққа дейін (қаңтарда – 48,4) қалпына келу байқалғанын атап өткен жөн. Пікіртерімге сәйкес нақты сектордағы кәсіпорындар бизнесті жүргізу жағдайларының жақсарғанын атап өтті, қазіргі жағдайды бағалау бойынша жауаптар теңгерімі 2020 жылғы қаңтардан бастап алғаш рет 0,4 болды. Кәсіпорындардың пікірінше, инфрақұрылым, қаржы мен кредитке қолжетімділік, сондай-ақ бизнесті қорғау мәселелері жалпы алғанда жақсарды. Бұл ретте өнімге/қызметке сұраныс және салықтық жүктеме бизнесті жүргізу жағдайларына теріс әсер еткен факторлар болып қалып отыр» делінеді хабарламада.
ЕО елдерінде экономиканың қалпына келуі коронавирус пандемиясымен күрес шеңберінде шектеу шараларын сақтаумен тежеледі. Ресейде ОПЕК + келісімінің қолданылуы және әлсіз ішкі сұраныс өсуді қалпына келтірудің жоғары қарқынын шектейтін болады.
Әлемдік экономиканың қалпына келуі және сұраныстың, оның ішінде шикізат тауарларына сұраныстың өсуі бойынша күтулер аясында мұнай бағасының болашақ серпініне қатысты болжамдар жоғарылау жағына қарай қайта қаралды. Мұнай өндіру деңгейін сақтау туралы ОПЕК+ қабылдаған шешімге қарамастан, әлемдік мұнай нарығын дамыту перспективалары пандемияның бұдан былайғы серпініне, вакциналау тиімділігіне және ОПЕК+ қатысушыларының бұдан былайғы іс-әрекеттеріне байланысты белгісіздікке әлі де тәуелді. Осы жағдайларда «2021 жылғы ақпан-наурыз» болжамды раунд алғышарттары ретінде 2021 жылы мұнай өндіру көлемі 86 млн тонна деңгейінде сақталып, Брент сұрыпты мұнай бағасы базалық сценарий шеңберінде 2021 жылдың соңына дейін және 2022 жылы бір баррель үшін 45 АҚШ долларынан бір баррель үшін 50 АҚШ долларына дейін көтерілді.
«Биылғы жылдың басында экономиканың жекелеген секторларындағы ағымдағы серпінді және ахуалдың нашарлауын ескере отырып, Ұлттық Банк экономиканың өсу қарқыны бойынша болжамдарды биылғы жылы төмендеу жағына қарай қайта қарады. 2021 жылы базалық сценарий шеңберінде экономиканың өсуі 3,4%-3,7% (ж/ж) болып, 2022 жылы 3,7%-4,0%-ға (ж/ж) дейін жылдамдайды. Халық табысының өсуі, дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды жалғастыру және инвесторлар ахуалының жақсаруы аясында ішкі сұраныстың қалпына келуі экономиканың өсуіне негізгі үлес қосатын болады. Әлемдік экономикадағы және Қазақстанның сауда әріптес елдеріндегі ахуалдың жақсаруы жағдайында 2021 жылдың екінші жартысынан бастап нақты экспорттың қалпына келуі күтілуде. Сонымен бірге, кеңейіп келе жатқан ішкі сұраныстың нәтижесінде импорттың күтілетін қалпына келуі таза экспорттың ІЖӨ өсуіне үлесін шектейтін болады» деп жазады Ұлттық банк.
Жалпы алғанда, ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен инфляцияның жылдамдау тәуекелдері жоғары деңгейде қалып отыр. Ішкі тәуекелдер жекелеген нарықтарында азық-түлік тауарлары теңгерімсіздіктерінің сақталуына және ішкі сұраныстың күтілгенге қарағанда тезірек қалпына келуіне байланысты болды. Жаңа штамдардың пайда болуы және вакциналаудың тиімсіз болу тәуекелі аясында әлемдегі коронавирус пандемиясына байланысты ахуалдың нашарлауы сыртқы тәуекелдердің негізгі факторы болып қалуда. Мұндай сценарий әлемдік экономиканың қалпына келуіне кедергі болуы мүмкін, мұнай бағасының төмендеуіне және тауарларды жеткізу мен қызмет көрсетудің іркілісіне әкелуі мүмкін. Азық-түлікке әлемдік бағаның неғұрлым ұзақ өсуі жағдайында сыртқы инфляциялық аяны күшейту тәуекелі бұрынғысынша жоғары. Бұдан басқа, сауда әріптес елдерге қатысты санкциялық риториканың күшеюіне және әлемдік қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың әлеуетті артуына байланысты сақталып отырған геосаяси тәуекелдерді, сондай-ақ ОПЕК+ және ОПЕК-тен тыс елдер ұсыныстарының ұлғаюына байланысты энергия тасымалдағыштар бағасының күрт төмендеуін атап өткен жөн.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2021 жылғы 26 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 15:00-де жарияланатын болады.