Ұлттық банк ақша-несие саясатын жақсартуды және жетілдіруді мақсат еткен 2030 жылға дейінгі стратегияны ресми түрде жария етті. Бұл орайда бас қадағалаушы инфляциялық таргеттеу негіздерін одан әрі нығайту маңызды деп санайды. Инфляциялық таргеттеудің толыққанды режиміне өтуді аяқтау жүргізілетін ақша-кредит саясатына және соның салдарынан ұлттық валютаға сенімнің жоғары деңгейін, инфляциялық күтулердің тұрақтануын, сондай-ақ төлем балансының орнықтылығына және халықаралық резервтердің жеткілікті деңгейін қолдауға септігін тигізетін еркін өзгермелі бағам белгілеудің сақталуын қамтитын әртараптандырылған экономиканың орнықты өсуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік бермек.
Ақша-кредит саясаты мемлекеттің макроэкономикалық саясаты элементтерінің бірі ретінде бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын қолдау және арттыру мақсатына қызмет ететін болады. Ол экономиканың орнықты жұмыс істеуін және елдің жалпы экономикалық мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз етуді жалғастырады.
Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және пайыздық мөлшерлемелердің сұранысқа әсері арқылы экономикалық белсенділіктің циклдік ауытқуларын реттеу ақша-кредит саясатының неғұрлым маңызды басымдығы болып қала береді. Бағаның тұрақтылығына нақты инфляцияны төмендету арқылы ғана емес, оның ұзақ мерзімді серпінін тұрақтандыру арқылы да қол жеткізіледі. Тұрақты және төмен инфляция халық пен компаниялар активтерінің құнын сақтауға, сондай-ақ онымен байланысты қоғамдық шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді.
Ұлттық Банктің екінші маңызды мақсаты – қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету. Қаржы жүйесі үшін тәуекелдер туындаған кезде ақша-кредит саясаты оның орнықтылығын арттыруға бағытталады.
Инфляция бойынша орта мерзімді таргет 3-4 пайыз деңгейінде белгіленген. Бұл ретте COVID-19 пандемиясының Қазақстан экономикасына теріс әсері 2020 жылы осы таргетке қол жеткізу мерзіміне өзгерістер енгізді. Экономиканың әлсіз әртараптандырылуынан және Қазақстанның бірқатар тұтыну тауарларының импортына тәуелділігінен туындаған ағымдағы инфляцияның өз мақсатынан асып түсуі экономиканы құрылымдық қайта құру мен оның сапалық өсуінің шұғыл қажеттілігін көрсетті.
Стратегияда теңгерімді экономикалық дамуды қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк инфляцияны орта мерзімді таргет деңгейіне дейін біртіндеп төмендетуді жүзеге асыратыны атап көрсетілген. Бұл үшін 2021-2022 жылдарға арналған нысаналы бағдар 4-6% деңгейінде сақталады. 2023 жылдан бастап инфляцияның неғұрлым бірқалыпты төмендеуін және оның 5%-дан төмен деңгейде бекітілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 4-5% аралық бағдар белгіленетін болады. 2025 жылдан бастап орта мерзімді 3-4% таргет белгіленбек.
«Қазақстан экономикасының құрылымында тау-кен өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласы басым. Экспорттың негізгі үлесі көмірсутек шикізатына тиесілі. Қазақстанда 2019 жылы өңделген биржалық тауарлардың үлесі 19,9%-ға дейін төмендеуі кезінде шикізат экспортының үлесі 72,9%-ға жетті. Экспорттың төмен әртараптануы да дайын тауарлардың 6,6%-дық деңгейіндегі үлесімен расталады. Осы орайда экономикалық циклдерде әлемдік шикізат тауарларымен тығыз байланыс бар. Бұл ретте соңғы 20 жылда олардың баға құбылмалығы, сондай-ақ сауда талаптарының күтілмеген өзгерістерінің мөлшері мен жиілігі біршама ұлғайды. Мұнай бағасы мен экспорттың өзара байланысы 82%-ды құрайды.
Экономиканың шикізат экспортына тәуелділігі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге: мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігіне, елдің төлем балансына, ішкі валюта нарығына әсер ете отырып, экспорттық қаражат түсімдерінің айтарлықтай құбылмалылығына әкеледі. Мұнайдың әлемдік бағасы құлдырау салдарынан төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығы кеңеюде. Өңдеу өнеркәсібінің тауарлар шығаруды төмендетуі және оларды экспорттаудың қысқаруы («голланд ауыруы») экспорттың шикізат секторында шамадан тыс шоғырлануының жанама нәтижесі де болып табылады. Әлемдік шикізат нарықтарындағы күтілмеген өзгерістер айырбастау бағамының құбылуына әкеледі және ауысу әсері арқылы ішкі бағаларға әсер етеді. Инфляцияның өсуі, өз кезегінде, ақша-кредит саясаты құралдарының тиімділігін шектейді және Ұлттық Банк тарапынан барынша қатаң шаралар қабылдау қажеттілігіне әкеледі» делінген хабарламада.
Стратегия мәтінінде көрсетілгендей, банк секторы елдегі ЖІӨ-нің 44,5 пайызын құрап отыр. Қаржы секторының басқа сегменттерінің активтері ел экономикасында неғұрлым төмен үлеске ие – сақтандыру ұйымдарының активтері ІЖӨ-ге қатысты 2,1%-ды, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының активтері – 0,7%-ды, банктік емес ұйымдардың активтері -1,8%-ды, микроқаржы ұйымдарының активтері – 0,7%-ды, ипотекалық ұйымдардың активтері – 1,9%- ды құрайды. Осыған байланысты қор және сақтандыру нарығының құралдары арқылы экономикаға ақша-кредит саясатынан серпін беру арналарын одан әрі дамыту мен жетілдіру әлеуеті бар. Соңғы жылдары банк секторы қаржылық орнықтылықты едәуір арттырды. Банктердің несие портфелінің сапасы жақсарды, дәрменсіз банктер жүйеден шығарылды. Алайда, сақталып отырған кредиттік тәуекелдер әлі де банктік кредиттеуді тежейді. Тартылған ресурстардың қысқа мерзімді сипаты, квазимемлекеттік ұйымдардың қаражатына тәуелділік, төлемге қабілетті қарыз алушылар санының қысқаруы және коронавирус пандемиясына және экономикалық жағдайлардың өзгеруіне байланысты банк қарыздарына сұраныстың төмендеуі кредиттер ұсынуға және соның салдарынан банктердің ақша-кредит талаптарының өзгеруіне ден қою мүмкіндігіне қосымша тежеуші әсер етеді.
Ұлттық банктің хабарлауынша, ақша-кредит саясатының пәрменділігін арттыруға арналған негізгі басымдықтар мыналар:
1) инфляциялық күтулерді тиімді бекіту үшін ақша-кредит саясатының институционалдық және операциялық негіздерді нығайту;
2) тұрақты және тиімді қаржы секторы арқылы ақша-кредит саясатының импульстерін беруді күшейту;
3) тұрақты фискалды тәртіппен нығайтылған қолайлы және құрылымдық теңгерімді макроэкономикалық ортаны құру.
Осы бағыттар бойынша ойдағыдай және тәртіпке келтірілген жұмыс ақшакредит саясатының тиімділігі арттыруға, және барынша маңызды, Қазақстан экономикасының орнықты дамуы үшін негіз болмақ.