Соңғы жылдары қазақстандықтар банк қызметін, оның ішінде мобилді қосымшалар қызметін жиі пайдалана бастады. Әсіресе, пандемия кезінде қаржы институттары маркетплейстерін дамытып, онлайн форматта қызмет көрсету тұрғысынан ашық бәсекелестікке түсті. Әрине, бұл өз кезегінде отандық қаржы секторында ашықтықпен қатар мобилі аударымдардың жедел дамуына ықпал етті.
Ranking.kz дерегінше, еңбекке жарамды әрбір қазақстандықтың әрқайсына 5 картадан тиесілі болса, соның үш картасы белсенді түрде пайдаланылады. Биыл қаңтар айында 49,3 млн төлем картасы тіркеліп, соның 26,5 миллионы белсенді түрде қолданылған. Белсенді карталар саны бір жыл ішінде 44,1 пайызға, бес жылда 3,6 есе, ал он жылда 7 есе өскен. Бұл әрине, елеулі көрсеткіш.
Адамдар қолма-қол ақша тұтынуды азайтып, банк карталары арқылы аударым жасауды жиілетті. Елде қазір жұмыс істеп тұрған 24 банктің 18-інде банк картасы бар болса, соның 15-інің мобилді қосымшасы белсенді жұмыс істейді екен. Мобилді қосымша арқылы картадан басқа картаға ақша жіберу отандық екінші деңгейлі банктердің барлығында тегін қызмет болып саналады. Алайда басқа банктің картасына ақша аударымын жасау қажет болса онда шарт өзгереді. Мобилді қосымшасы арқылы басқа банк картасына тегін аударым жасау тек Банк Хоум Кредит қаржы институтында ғана қарастырылған. Бұл ретте картаны шығарған эмитент басқа онлайн-ортада жүзеге асырылатын төлем және аударым операциялары кезінде түрлі шектеулер қойып тастауы мүмкін – тәуліктік немесе айлық лимит, комиссия не басқалай шектеулер деген сияқты.
Ал Евразиялық банк пен Банк Центр Кредит мобилді қосымшаны қолдану арқылы басқа банк картасына 50 мың және 200 мың теңгеге дейін тегін аударым жасауға мүмкіндік береді. Егер аударым көлемі бұл сомадан асып кетсе онда комиссия 0,9 және 1 пайызды құрайды. Halyk Bank пен Jýsan Bank те ақша аударымы үшін арнайы комиссия бекітіп қойған (150 және 200 теңге). Өзге екінші деңгейлі банктерде басқа банк картасына аударым жасау үшін ұсталатын комиссия 0,2 және 1,5 пайыз көлемінде болып келеді. Сонымен бірге банктер аударым үшін комиссияның ең төменгі мөлшерін қосымша белгіледі, ол банкке байланысты 100-ден 500 теңгеге дейін өзгереді.
Осыдан біраз уақыт бұрын мобилді қосымша арқылы жасалатын ақша аударымдарына салық салу туралы сыбыс тараған.
«Қазір қаланы былай қойып, ауыл-аймақтың өзінде аударым арқылы төлем жасайды. Алайда бұлай аударым жасау заңды тұлғаға заңды ақша болып түспейді. Сондықтан мемлекет ойлана бастады. Кейіннен банктер өздерінің POS-терминалының үлкен желісін құрды. Сөйтіп, QR-код арқылы төлеу мүмкіндігі туындады. Яғни, бұлай төленген ақша кәсіпкердің заңды шотына барып түседі. Әрі QR-код арқылы төлеу клиент үшін де тиімді. Әрбір төлем жасаған сайын оған жақсы кешбэк түсіп отырады. Ал жалпы аударымға салық саламыз деу қисынсыз. Себебі, кімнің жеке тұлға екенін, кімнің заңды тұлға екенін айыру қиын. Тіпті сіз ЖК-сы бар (ИП) жеке тұлғаға ақша аударғанның өзінде оның тауар үшін аударылды деген сөз емес. Ақша мүмкін туыстардан келетін шығар» дейді EXANTE инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев.