2021 жылы әлемдік мұнай бағасы қалай құбылады?

Жарияланды
Ұлттық банк базалық сценарий ұсынды

2021 жылы әлемдік мұнай бағасы айтарлықтай өсе қоймайды. Мұнай бағасы барреліне 45-50 доллар төңірегінде ғана құбылуы мүмкін. Бұл Ұлттық банк ұсынған базалық сценарий негізіндегі болжам. 

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов біз инфляцияны 7,3 – 7,5 пайыз көлемінде болады деп болжадық, 2020 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 7,5 пайыз деңгейінде қалыптасты. Демек біздің болжамға сай келді дейді. 

  «Инфляцияның қалыптасуына көбіне азық-түлік тауарларының қымбаттағаны әсер етті. Дегенмен, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы мен ақылы қызметтердің құны жалпы инфляцияның қарқынын төмендетті. 2020 жылы азық-түліктің күрт қымбаттауы пандемияның салдары ретінде бүкіл әлемде байқалған тенденция болды. Біріншіден, жекелеген тауарларға деген сұраныс артты (мысалы, жеміс пен көкөніс, ет, нан мен тоқаш, дәнді дақылдан жасалатын тағамдар, сүт өнімдері). Екіншіден, карантин мен қашықтан жұмыс істеу режиміне ауысқан соң, шикізат пен өнім жеткізу жүйесі үзіліп, кейбір тауарлар мен қызметтерді ұсыну деңгейі төмендеп кетті» дейді Баймағамбетов. 

Сондай-ақ ол жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қатысты болжамдарының да орындалғанын айтады. «Біз ЖІӨ 2,5–2,7% төмендейді деп болжағанбыз, жыл қорытындысы бойынша экономиканың қысқаруы 2,6% деңгейіне жетті. COVID-19 пандемиясының Қазақстан экономикасына тигізген жағымсыз әсері біртіндеп азайып келеді. Алайда, 2020 жылдың соңғы айларында байқалған экономикалық белсенділіктің қалпына келу белгілері 2021 жылдың қаңтарында қайта әлсіреп, ЖІӨ 4,5%-ға төмендеді. ЖІӨ қарқынына, негізінен, тау-кен өнеркәсібі, сауда және көлік салалары жағымсыз әсер етті» дейді. 

Сарапшының айтуынша, азық-түлік тауарларының қымбаттауы біртіндеп бәсеңдейді деген болжам бар. Бұл жекелеген азық-түлік нарығындағы жағдайдың тұрақтануына (май, қант, жұмыртқа, жемістер мен көкөністер) және азық-түлік тауарлары бағасының жоғары мәнін есептеуден кетумен байланысты болады. Сондай-ақ, 2021 жылдың екінші жартысынан бастап, 2021-2022 жылдардың егіні орылған соң, әлемдік азық-түлік бағалары біртіндеп арзандайды деген болжам бар.

Ұлттық банк мұнай бағасына қатысты біршама төменгі диапазонда болжам айтады. Олардың сараптауынша, Brent мұнайының бағасы 2021-2022 жылдары 45-50 доллар аралығында болмақ. 

 «Соңғы кезде мұнай нарығындағы жағдай айтарлықтай жақсарды. Мұнайға деген сұраныс біртіндеп қалпына келіп жатқанын байқауға болады. Бұл COVID-19 салдарынан болған карантиннің жеңілдеуімен, әлемнің кейбір елдерінде вакцинацияның басталуымен, сондай-ақ өнеркәсіптік сектордың одан әрі өсуімен байланысты. Мұнай бағасының қазіргі деңгейіне АҚШ-тағы ынталандыру пакеті мен ондағы суықтың да әсері бар. Осы факторлардың арқасында, мұнай бағасы 2021 жылы ақпан айының басынан бастап барреліне 60 доллардан асты. Нарықтағы қазіргі жағымды жағдайларды ескере отырып, мұнай бағасының болжамы жақсарғанына қарамастан, көптеген сарапшылар биыл мұнайдың орташа бағасы барреліне 55-56 доллардан аспайды деп отыр. Бұл баға ұсыныстарының одан әрі өсу мүмкіндігін шектейтін бірқатар факторларға байланысты. Ең алдымен, коронавирус пандемиясы қалай қарқын алып, жаппай вакцинацияның уақыты қандай болатыны әлі белгісіз. EIA мәліметтері бойынша, әлемдік мұнай тұтыну деңгейі әлі де дағдарысқа дейінгі кезеңдерден төмен, ал мұнай қорлары 2019 жылдың деңгейіне тек 2022 жылдың аяғында ғана қайта оралады» деді ҰБ өкілі. 

Бас қаржылық қадағалаушы пессимистік сценарий ретінде мұнай бағасының барреліне 40 долларға дейін төмендеуін қарастырады. Егер әлемдегі эпидемиологиялық жағдай нашарласа, 2021-2022 жылдары әлемдік экономика ақырын қалпына келсе, мұнай нарығындағы теңсіздік сақталса, осы сценарий орындалуы мүмкін. Ал оптимистік сценарий іске асса, онда мұнай бағасының траекториясы 2021–2022 жылдары барреліне 60 АҚШ доллары деңгейінде болады. 

Әдеттегідей импорт жоғары, экспорт төмен. Қазақстан көбіне сырттан гаджет, дәрі-дәрмек, медициналық жабдық, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін қажетті тауарлар тасиды. Ал халықаралық нарықта мұнай сатудан түсетін түсімнің 29 пайызға құлдырауы экспорттың төмендеп кетуіне себеп болған. 

 «Біздің бағалауымыз бойынша, тауарлардың экспорты импортқа қарағанда жылдам қарқынмен өседі – 2,5%-дан 12%-ға. Төлем балансының оң динамикасы қаржылық шотта да көрініс тауып, шетелдік инвестициялар тұрақтанады деген болжам бар. Бұл факторлар жиынтықта сыртқы экономикалық жағдайдың едәуір жақсарғанының көрінісі бола алады» дейді Ақылжан Баймағамбетов. 

Жыл басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021–2022 жылдары инфляцияны 4–6% деңгейіне қайтаруды тапсырған болатын. Ол үшін экономика қалпына келіп, оң көрсеткіштер артуы қажет. 

 «Біздің жағдайда бейтараптылыққа көшу үшін базалық ставканы көтерудің қажеті жоқ. Инфляцияның төмендеуі жағдайында базалық ставканы ұстап тұру саясаттың бейтараптығын қамтамасыз етеді. Базалық мөлшерлемені белгілеу кезінде Ұлттық Банк, ең алдымен, болжамды инфляция деңгейі мен инфляциялық болжамдарды, ішкі қаржы нарығындағы жағдайды және негізгі тауарлық және қаржылық халықаралық нарықтардағы тенденцияларды ескереді. Қазақстан экономикасының нақты секторының даму динамикасына ерекше мән беріледі» дейді эксперт. 

 

Сондай-ақ оқыңыз