Жаңалықтар

Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2025 жылға қарай 1,5 есеге өседі

Бұл үшін салада жыл сайынғы өсім өткен жылға қарағанда орта есеппен 10,8% болуы тиіс

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі жоспарларын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында баяндады.

 «Қазіргі уақытта біз өңірлер мен салалар бойынша 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі бойынша жоспарлы көрсеткіштерді айқындадық. Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібін 2025 жылға қарай 1,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауды Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырады», – деді министр.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өсімін 1,5 есеге арттыруды тапсырды. Бұл үшін салада жыл сайынғы өсім өткен жылға қарағанда орта есеппен 10,8% болуы тиіс. Бұл міндет «Нұр Отан»партиясының сайлауалды тұғырнамасына енгізілген.

2021 жылға өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексінің (НКИ) 2020 жылмен салыстырғанда 5,8% өсуі жоспарланған.

Қара металлургияда биыл НКИ деңгейі – 105% деп белгіленген.

Елімізде 2021 жылы ферроқорытпа өндірісі 10,4%, болат өндірісі 17% және прокат өндірісі 19% артады деп болжанып отыр. 

2025 жылға дейін өндіріс көлемін жылына 4 млн.тонна болатқа дейін жеткізіп, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының негізгі техникалық қуатын жаңғырту аяқталады. Салынатын инвестиция көлемі 1,3 трлн. теңге.

2021 жылы мырыш өндіру көлемі 18,6%, қорғасын 18,8%, мыс концентраты 9%, алюминий өндірісі  6% ұлғайтылады.