Қолдан жиі жасалатын жалған ақша – 2000 және 5000 теңгелік банкноттар

Жарияланды
Былтыр 823 жалған банкнот пен монета анықталған

2019 жылмен салыстырғанда, былтыр  қолдан жалған ақша жасау 38 пайызға азайған.  Ұлттық Банк пен екінші деңгейлі банктер 823 жалған банкнот пен монета анықтапты. Ал 2019 жылы қолдан жасалған 1 319 банкнот пен монета айналымнан алынған. 

Ұлттық Банк банкноттар мен монеталарға сараптама жасау басқармасының басшысы Асхат Әбішевтің айтуынша, жалған ақшаның біршама азаяына карантин шектеулері әсер еткен. Қолдан ақша жасайтындар  оны әдетте базар, жанармай құю бекеті мен шағын азық-түлік дүкендерінде өткізіп жібереді.

Қолдан  ең жиі жасалатын  ақша – 2 000 және 5 000 теңгелік банкноттар. Анықталған жалған ақшаның  42,5% және 37,6% пайызын солар құрайды. 

Жалған банкноттардың басым бөлігі Алматыда анықталған. 

Жалған ақшаны қалай ажыратамыз? 

Шын банкнотты жалған банкноттан ажырату үшін түпнұсқаның бірнеше белгісін білген жөн. Қазақстанда  жалған банкноттардың негізгі бөлігі түпнұсқаның кейбір белгілерін ғана имитациялайтын жеңілдетілген технология бойынша шығарылады. Мұндай қолдан жасалған банкнотты арнайы жабдықтың көмегінсіз-ақ, «сезін – қара – аударып көр» әдісін қолдану арқылы анықтауға болады.

Алдымен банкнотты ұстап көру қажет

Банкнот қағазы ерекше шытырлайды. Барлық банкноттарда бедер беретін арнайы мөр басылған. Егер «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген атауы немесе архитектуралық бейнелер, Қазақстанның картасы бойынша саусақпен жүргізіп көрсе бедерді сезуге болады.

Сонымен қатар, барлық банкноттарда көзі нашар көретін адамдарға арналған белгілер бар, олар банкноттың төменгі бөлігінде орналасқан. Бұлар – ұстап көргенде жақсы ажыратуға болатын жоғары бедерлі элементтер.

Екіншіден, банкнотты мұқият қарау қажет

Бастапқыда ақша белгісінің таза, айқын, контрастты немесе лас болуын, дақтарының болуын жалпы көзбен көріп зерделеу қажет. Банкнотты жарыққа қаратып, аңыздағы «Самұрық» құсы түріндегі су белгісін және номиналдың сандық бейнесін көруге болады.

 Дәл осы сияқты, жазулары бар нүктелік сызықтар түрінде қағаз бетінде пайда болатын магнитті (металдандырылған) үзік жіпті тексеру қажет. Ол біртұтас болуы керек.

Үшіншіден, банкнотты аударып көру керек

1000 теңгеден 20 000 теңгеге дейінгі банкноттарда банкноттың көлбеу бұрышына қарай түсін жасылдан алтынға түстеске өзгертетін ерекше элемент бар. Банкнотты әр түрлі бұрыштарда баяу бұрған кезде элемент бойымен түсті жолақтың қозғалысын көруге болады.

2000 және 5000 теңгелік банкноттардың сырт жағында голографиялық жолақ бар. Голограммадағы суреттер жарқырайды және динамикалық әсер етеді.

Бұл үш әдіс сізге банкноттың шынайылығын арнайы жабдықсыз анықтауға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыз