Жаңалықтар

Қайрат Нұртас әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Тойға жасырын қатысқан танымал әнші айыппұл төлейді

«Алматының түндері-ай» деп әндетіп жүрген белігі өнер иесі алматылық мейрамханалардың бірінде мониторингтік топтың көзіне түсіп қалды. 200-ден астам мейманды шақырып алып, той жасаған мейрамхана басшылығы үш сағат бойы тексерушілерді ішкі кіргізбеген соң жарықты сөндіруге тура келді. Сөйтіп, санитарлық талапты қадағалаушылар тойдың ортасына «топ етіп» түсе қалған кезде сол жиынның төрінен Қайрат Нұртас, Кенжебек Жанәбілов табылды. 

Бұл туралы ақпарат желдей есіп, жедел тараған соң Қайрат Нұртас өзінің әлеуметтік желісінде ағалардың тойына барғанын айтып ақталды. 

«Дәл мені ұстағысы келді ме, білмеймін әйтеуір. Маған қарап қалды ма? Жақсылық болсын», – деген жазба жариялады. 

Кейін белгілі болғандай, өнер «жұлдызына» санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 87 510 теңге айыппұл салды. Мерекелік басқосуға жиналған өзге қонақтар да дәл осындай сома төлейтін болды. Ал карантин талабын бұзған тойхана иесіне 670 мың теңге айыппұл төлеуге тура келеді. 

Айта кетелік, Қайрат Нұртастың бұған дейін Семейдегі сауық-сайрандардың бірінде бой көрсеткені әлеуметтік желілерде жарияланған еді. Меймандардың бірі әншінің тойда жүргенін дәлелдеп, видео жүктеді. Кейін бұл бейнежазба жойылды. Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті әншінің бұл әрекетіне қатысты шешім қабылдау үшін істі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберген көрінеді. 

Әнші-әртістер санитарлық шектеулерге қарамастан мерекелік басқосулардан бас тартар емес. Алтынай Жорабаева, Абай Бегей, Ернар Айдар және тағы басқа отандық эстрада өкілдерінің концерт ұйымдастыруға шектеу қойылғандықтан, сахнаны тойханаға ауыстырғаны бір емес, бірнеше рет байқалды. Мұны көзі қарақты көпшілік бірден аңғарды. Жаһандық желі қолданушыларының пікірлері ауру дендеп, той-томалақтарға шектеу қойылған тұста ақшаға құнығып, табыс табу үшін ережені ескермейтін әншілерді қатаң жазалау керек дегенге саяды. Көпшіліктің пайымынша, олар үшін кешірім сұрап, видео жазу, айыппұлды төлеу – оңай іс. Өздеріне де, өзгелерге де сабақ болуы үшін қоғамдық жұмыстарға тартып, бірнеше күн қамауға алған әлдеқайда тиімді болар еді деп санайды жұрт.