Пандемия экономикасы әлсіз елдердің ең төменгі жалақысына қалай әсер етті?

Жарияланды
Қазақстанда да ең төменгі жалақы аз

Пандемияның әсеріне орай әлем елдерінде экономика құлдырап, бұл азаматтардың жалақысына да әсерін тигізді. Көптеген мекеме мен кәсіпорын жалақы төлеуді кешіктірсе, біразы штат санын қысқартуға мәжбүр болды. 

Осы орайда арнайы зерттеу де жүргізілген. Зерттеуге қатысқан әрбір үшінші ел 2021 жылдың қаңтарынан бастап минималды еңбекақыны арттырмаған. Оның ішінде федералды мөлшерлемесі 2009 жылдан бері өзгермеген Армения, Эстония, Әзірбайжан және АҚШ та бар. 

Picodi.com зерттеуінше, Украинада ең төменгі жалақы өскен. Аталған елде ең төменгі жалақы былтырдан бері 27 пайызға артыпты. Алайда доллармен есептеген кезде бұл елдегі жалақы мөлшері ең төмен елдердің қатарына түсіп қалады: 171 доллар. Ал Өзбекстандағы минималды жалақы өсімі пандемия кезінде де тоқтамаған. Салық төлегеннен қалған төменгі жалақы 2019 жылмен салыстырғанда 7 пайызға өсіп, 558 мың сумды құраған. Теңгеге шаққанда – 22 208 теңге. Осылайша, Орталық Азиядағы көрші мемлекет 56 елдің ішінде 15-орынға жайғасқан. Жоғарыда атап өткеніміздей Армения мен Әзірбайжанда минималды жалақы мөлшері біраз жылдан бері өзгермеді. Бірақ Әзірбайжанда 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап «таза» жалақы міндетті медициналық сақтандыру жарнасына байланысты азайып, 235,25 манатты құрамақ. Теңгеге шаққанда – 58 мың теңге. 

Picodi рейтингінде Қазақстан соңғы орында. Рейтингті ұйымдастырушылар елдегі минималды жалақы мөлшерінің өзгермеуін (өспеуін) сақтандыру жарналарының өсуімен байланыстырады. 

«Зерттеу жүргізу үшін біз шартты түрдегі азық-түлік себетін қалыптастырып, азық-түлік құнын ең төменгі жалақы мөлшерімен салыстырдық.  Сеебет нан (10), сүт (10 литр), жұмыртқа (20 дана), күріш (1,5 келі), сыр (1 келі), ет (6 келі), жеміс (6 келі) және көкөністен (8 келі) тұрады. Тізімдегі өнімдер саны аз болғанымен, ондағы тағамдар (көрсетілген мөлшерде) ересек адамның минималды қажеттілігін орташа қамтамасыз ете алады. 2021 жылдың басында мұндай азық-түлік себетінің бағасы Әзірбайжанда 109,19 манатты құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 6,1 пайызға артқан. Мұндай өнімдер жиынтығы Арменияда да 2,59 пайызға өсім көрсеткен: 33 618 армян драмы. Өзбекстанда мұндай жиынтық мөлшеріндегі себетке 620 мың сумнан астам ақша төлеуге тура келеді» деп жазылған зерттеу мәтінінде. 

Ең төменгі жалақыға қай елде өмір сүруге болады?

Зерттеу осы сауалға да жауап іздеп көрген. Әр отбасының тамақтануға қатысты өзіндік жоспары, әдеті бар. Дегенмен сарапшылар әртүрлі елдегі бірдей тауарлар  құнын салыстырып, негізгі азық-түлік себетін жабуға ресми ең төменгі кірістің қанша пайызы кететінін тексерген. 

Былтырғыдай, Англия, Ирландия және Австралия ең төменгі жалақы коэффициентіне дейінгі азық-түлік бағасына ие. Бұл елдерде азық-түлік себеті жергілікті ең төменгі жалақының 7-ден 7,6%-на дейін жетеді. 

Бұл рейтингте Қазақстан 67,6% нәтижесімен 56 елдің арасында 54-орынға ие болды. Бізге қарағанда Филиппин (53-орын) мен Арменияның (52-орын) жағдайы тәуір екенін байқаймыз. 

Ал Өзбекстан мен Нигерия сияқты елдерде ресми ең төменгі жалақы өнімнің ең қарапайым жиынтығын сатып алуға мүмкіндік бермейді.

Зерттеу барысында сарапшылар 2021 жылғы қаңтардағы ең төменгі жалақы мөлшерін 2020 жылғы қаңтардағы мөлшермен салыстырған. Деректер үкімет немесе тиісті министрліктердің ресми сайттарынан алынды. Бұл ретте сарапшылар жалақыны кәсіподақтар анықтайтын және ұлттық ең төменгі жалақы жоқ елдерді қарастырмаған. 

Қазақстанда минималды жалақы деңгейі қашан көтеріледі? Бұл әрине, әрбір қазақстандықты ойландыратын мәселе. Себебі, минималды жалақы деңгейінің өсуі бүкіл экономикаға да, жекелеген тұрмысқа да өз әсерін тигізеді. Осы орайда ел үкіметі минималды жалақы мөлшерін арттыру бойынша арнайы жол картасын әзірлемек. Депутаттық сауалға жауап берген премьер-министр Асқар Мамин Қазақстан үкіметі азаматтардың әл-ауқатын және табысын арттыру бойынша тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр дейді. 

«Қазақстан Республикасының «минималды әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдігі туралы» заңының 11-бабына сәйкес ең төменгі жалақы еңбек саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарттардың бірі болып табылады. Ол жыл сайын Қазақстан Республикасының «Республикалық бюджет туралы» Заңымен Еңбек кодексінің 104-бабына сәйкес белгіленеді және ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен бола алмайды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап минималды жалақы мөлшері 1,5 есе – 28 284 теңгеден 42 500 теңгеге көтерілді. Осы мақсатта республикалық бюджеттен қосымша 259 млрд теңге бөлінді. Бұл халықтың орташа жалақы мөлшеріне оң әсер етті» дейді премьер-министр. 

Үкімет басшысы ел билігі бұл соманы тағы да өсіре түсуге ынталанып отырғанын жеткізді. 

«Минималды жалақы мөлшерін ұлғайту бойынша арнайы жол картасы әзірленбек. Оның аясында ең төменгі жалақыны көтерудің негізгі тәсілдері мен тетіктері зерттеліп, ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесі жетілдіріледі. Ең төменгі жалақының өсуі республикалық бюджеттен қосымша шығындарды қажет ететіндіктен, бұл мәселе елдің экономикалық жағдайына және мемлекеттік бюджеттің нақты мүмкіндіктеріне байланысты қарастырылатын болады. Қазіргі уақытта үкімет ең төменгі жалақының өсуіне әсерін бағалай отырып, елдің макроэкономикасын зерттеп жатыр, нәтижесінде Қазақстан Республикасы азаматтарының әл-ауқатын жақсарту үшін қажетті шаралар қабылданатын болады» дейді үкімет басшысы. 

2021 жылға бекітілген негізгі әлеуметтік көрсеткіштер мынадай: 
Минималды жалақы мөлшері – 42 500 теңге; 

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің минималды мөлшері – 18 524 теңге; 
Зейнетақының минималды мөлшері – 43 272 теңге; 

Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін күнкөрістің ең төменгі мөлшері – 34 302 тенге;

Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2917 теңге. 

Сондай-ақ оқыңыз