Бейнеконференция режимінде жүк тасымалы жөніндегі ТЖЫҰ комиссиясының кеңесі аяқталды. Кеңес жұмысына Қазақстан, Қытай Халық Республикасы, Ресей Федерациясы, Вьетнам Социалистік Республикасы, Корей Халық Демократиялық Республикасы және Моңғолия теміржол әкімшіліктерінің өкілдері қатысты. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
Келіссөздер барысында 2021 жылға арналған экспорттық, импорттық және транзиттік жүктерді тасымалдау көлемі мақұлданды.
ҚР мен ҚХР теміржол әкімшіліктерінің өкілдері жүк тасымалының 2021 жылға көлемі 25,2 млн. тонна болады деп бекітті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,6% жоғары.
Оның ішінде ҚР-дан ҚХР-ға 16 млн.тонна көлемінде тасымалдау көлемі келісілді. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 14,6% көп. Қытайдан Қазақстанға 9,2 млн. тонна жеткізіледі, бұл өткен жылғы деңгейден 20% көп.
Шекаралық өткелдер арқылы: Достық – Алашанькоу – 16,4 млн.тонна жүк, Алтынкөл – Қорғас – 8,8 млн. тонна жүк тасымалдау жоспарланып отыр.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Қанат Көбесов тараптардың тасымал көлемін арттыруға дайын екендерін атап көрсетті.
Келіссөздер қорытындысында ТЖЫҰ комиссиясы кеңесінің хаттамасына қол қойылады.