Жаңалықтар

Тарихы Бұқтырма бөгеті құрылысынан басталған шағын қаланың бүгінгі жайы

Қираған ғимарат, инвестиция тарту және үзілмеген үміт

Кезінде респиратор, газтұтқыш пен өндірістік фильтр шығарып, дүркіреп тұрған зауытты қалай «құтқарып», қаланың қордаланған тұрғын үй-коммуналдық мәселесі қалай шешілмек? «Курсив» пен «Шеврон» компаниясының «Нағыз Қазақстан» жобасы аясында жарық көрген кезекті мақалада Шығыс Қазақстандағы шағын қала жайы айтылады. 

Қазіргі кезде Серебрянск қаласында 8 мыңға жуық адам тұрады. Ашық дереккөз мәліметіне сүйенсек, кезінде қала тұрғындарының саны 16 мыңнан асқан. 

Қала халқының көші 70-жылдары басталған. Дегенмен, қазіргі кезде жастар кеңесі жұмысы қолға алынып, түрлі үйірмелер мен секциялар қайта жандана бастағаны байқалады.
 

o-gorode-v-vko,-istoriya-kotorogo-nachinalos-so-stroitelstva-buxtarminskoj-ges (2).jpg

Табыс қайдан табады?

Бүкіл Шығыс Қазақстан облысындағыдай, қалада дәрігер, мұғалім және ауыл шаруашылығы мамандары жетіспейді. 
o-gorode-v-vko,-istoriya-kotorogo-nachinalos-so-stroitelstva-buxtarminskoj-ges.jpg

Бір ғана денсаулық сақтау саласына оншақты маман қажет, оның жартысына жуығы – салалық кадрлар. Қаладағы 3 мектептің екеуі –  орыс тілінде, 1 мектеп қазақ тілінде білім береді. Бір орталық аурухана халыққа қызмет етіп тұр. 

Ал қоныс аудару бағдарламасы бойынша көшіп келгендердің басым көпшілігі мал және егін шаруашылығымен айналысады. Қала тұрғындарының басым бөлігі Бұқтырма ЖЭС-інде жұмыс істейді. Жергілікті колледж де жылу стансасына қажет мамандарды даярлайды. Алайда олардың бәрі осында қалып жұмыс істегісі келмейді. Жастар оқып-тоқып, біраз тәжірибе жинаған соң, жалақысы тәуір жұмыс тауып, көшіп кетеді. 

Әкімдік мәліметі бойында, бұл жақта айлық жалақы – 50 мың мен 200 мың теңге айналасында. Айталық, локомотив депосы мен әскери бөлімдегі ең төменгі жалақы – 100 мың теңге. Ал мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің айлығы біршама аз. Кейбір тұрғындар жеке кәсібін ашып жатыр. 

Мәселен, Ирина Колесникова 2019 жылы мемлекеттік бағдарламамен нан өнімдерін шығаруға грант алған. 

«Қазан айында 10 млн теңгеге жер учаскесі бар наубайхана сатып алып, нан пісіруді қолға алдым. Бұның  5 млн теңгесі – «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша грант қаражаты болса, тағы 5 миллионын 6 пайызбен 5 жылға несиеге алдым. Күніне шамамен 200 бөлке мен 400  тоқаш-нан пісіреміз. Карантин кезінде де сауда жүріп жатты, бірақ нанды орап, пакетке салып сату талабы қойылған соң, шығын біршама артты. Оның үстіне нанды ыстықтай орау мүмкін емес, сондықтан біраз суығанын күтеміз. Ал адамдар нанды ыстықтай алғысы келеді», – дейді кәсіпкер.

Наубайхана өнімдерін дүкендерге, арнайы мектеп, аурухана мен балабақшаға өткізеді. Қалада екі наубайхана бар, олар қала халқын нан өнімдерімен толық қамтамасыз етіп отыр. Кейде қала маңындағы ауыл дүкендері де тапсырыс береді. 

o-gorode-v-vko,-istoriya-kotorogo-nachinalos-so-stroitelstva-buxtarminskoj-ges (5).jpg

Зауыт ғимараты әлеуметтік нысанға айналады 

Серебрянск қаласының әкімі Нұрлан Махамбетов  алға қойған жоспарлары көп екенін және жақын арада іске асыратынын айтады. Махамбетовтың қала әкімі қызметіне келгеніне –  бар-жоғы 3 ай. Оған дейін Сергей Гордиенко 14 жыл әкім болған. 

Қазіргі әкімнің айтуынша, басты міндеттің бірі – қаладағы негізгі кәсіпорын, кеңес заманында шығарған өнімі бүкіл одаққа тараған – Серебрянск бейорганикалық өндіріс зауытының мүшкіл жағдайын шешу. 1969-1990 жылдары зауыт қорғаныс кешені ретінде жұмыс істеп, 3 мыңнан аса тұрғынды жұмыспен қамтып келген еді. Бұл зауыттың баламасы жоқ. Кезінде одақ бойынша осындай үш-ақ зауыт болған екен. 

2011 жылы кәсіпорын БТА банкінің алдындағы  миллиардтаған несие борышына байланысты қызметін тоқтатты. Нәтижесінде зауыт «Проблемалық несиелер қорына» өтіп,  содан кейін кәсіпорынды қайта жандандыру әрекеті қолға алына бастады. Зауыт инвестордан-инвесторға, жалға алушылардың қолдан-қолына өтті. Бірақ зауытты аяғынан тік тұрғызуға ешкімнің шамасы жетпеді. Айналым қаражаты жетіспей, зауыт жұмысшылары жалақысын ала алмай, қарыз қордалана берді. 

o-gorode-v-vko,-istoriya-kotorogo-nachinalos-so-stroitelstva-buxtarminskoj-ges (7).jpg

«Серебрянск бейорганикалық өндіріс зауыты» ЖШС – Қазақстандағы респиратор мен түрлі өндірістік фильтр шығаруға маманданған бірден-бір кәсіпорын аталып келеді. 

Ең соңғы инвестор да кәсіпорынды сатып алып, 2020 жылы пандемия кезінде маска мен респираторды молынан шығаруға ниеттенген. Одан да нәтиже болмады. 

«Қазіргі кезде ең қордаланған мәселе  – зауыт жұмысшыларына төленетін жалақы қарызы. Кәсіпорын өз қызметкерлеріне 27,5 млн теңге қарыз. Бұл мәселені зерделеп, осы қарыз қордаланған шақта басшылықта болған азаматтармен талқыға салып жатырмыз. Сонымен қатар зауытты ШҚО коммуналдық меншігіне өткізу мәселесі жақын арада шешілуі тиіс», – дейді Серебрянск қаласының әкімі  Нұрлан Махамбетов.

Әкімдіктегілер зауыт коммуналдық меншікке өткеннен кейін де бұрынғы көлемдегідей өнім шығармаса да,  жұмысын тоқтатпайтынын айтады. Зауыт толық өндірістік қуатында жұмыс істеуі үшін кешенді жаңғырту мен қомақты қаржы қажет. 

«Зауыт өнімдеріне деген сұраныс жоғары, тек осы жұмысты жолға қою керек. Жаңа құрал-жабдық қажет. Қазір бұл жерде Ескендір Бақтыбаевтың қол астында 13 адам жұмыс істейді, қазан айынан бері Үлбі металлургиялық зауыты үшін фильтр шығарып жатыр», – дейді Нұрлан Махамбетов.

Әзірге  жұмысты зауытқа тиесілі, 25 жылдан бері қаңырап бос тұрған бес қабатты әкімшілік ғимараттан бастамақ. 
o-gorode-v-vko,-istoriya-kotorogo-nachinalos-so-stroitelstva-buxtarminskoj-ges (9).jpg

Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіп, мәдениет үйін, спорттық және әлеуметтік ұйымдарды орналастырмақ. Осы бағыттағы жұмыс жақын арада басталады. 

Қомақты қаржы қайдан келеді? 

Жуырда ШҚО әкімі Даниал Ахметов биыл  Шығыс Қазақстанның бұрынғы 13 аудан орталығын дамыту бойынша кешенді жоспар іске асырыла бастайтынын мәлімдеген еді. Осы мақсатқа жеке инвестиция, республикалық және облыстық бюджеттен 64 миллиард теңге қарастырылған. Соның ішінде Серебрянск қаласын дамытуға жалпы – 8 млрд теңге, биыл  2,9 млрд теңге бөлінбек. 

Серебрянск қаласының бюджеті 2019 жылы 126,8 млн теңгені құраса, соның 60,7 миллионы – облыс бюджетінен бөлінген қаржы. Ал 2020 жылғы бюджеті 267,3 млн теңгені құраған, оның 58,5 млн теңгесі – республикалық қазынадан бөлінген трансферт болса, 129,2 млн теңге облыстық бюджеттен бөлінген. 

Бұрынғы аудан орталықтарын дамыту жоспары аясында қаладағы «Химик» стадионының орнына дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ. Соңғы онжылдықта алғаш рет 10 бір бөлмелі тұрғын үй құрылысы басталып, қаладағы бүкіл үй орталық жылу жүйесіне қосылмақ. 

«Биыл жылу жүйесіне жеке үйлерді қосуды жоспарлап отырмыз. Былтыр жылу сорғысын орнатып, 50 шақты үйді қостық. Барлығы 200-ге жуық үйді қамтимыз», – дейді Нұрлан Махамбетов. 

Қаладан күй кеткен. Тұрғын үйлердің барлығы дерлік ескі, 60-жылдары салынған. Олардың басым бөлігі жекенің қолында. Қараусыз, қаңырап қалған ғимараттар да жетерлік. Кейбірі тіпті қайта қалпына келтіруге де жарамайды. Мәселен, мына үйдің тұрғындары 90-жылдары баспанасын тастап, көшіп кеткен. 

o-gorode-v-vko,-istoriya-kotorogo-nachinalos-so-stroitelstva-buxtarminskoj-ges (3).jpg

Қалада осылай иесіз, қаңырап тұрған бірнеше үй бар. Бұрынғы тігін фабрикасының жатақханасы да қараусыз қалған. Десе де, кейбір ғимаратты қалпына келтіру жоспарланып отыр. Мәселен, қала әкімдігіне жақын орналасқан бұрынғы тігін фабрикасы жатақханасын қалпына келтіру қолға алынған. Оны бюджет қаражатына сатып алып, жетім балаларға арналған 36 пәтерлі тұрғын үйге айналдырмақ. 

o-gorode-v-vko,-istoriya-kotorogo-nachinalos-so-stroitelstva-buxtarminskoj-ges (4).jpg

Ал әскерилерге арналған, бірақ құрылысы бітпей қалған ғимаратты Нұрлан Махамбетов дәрігерлер үйіне айналдырса жаман болмас еді деп пайымдайды.  Бұл үйдің құрылысы 90-жылдары басталғанымен, сол күйі аяқталмаған. 

o-gorode-v-vko,-istoriya-kotorogo-nachinalos-so-stroitelstva-buxtarminskoj-ges (8).jpg

Айта кетейік, қаланың жаңа әкімі – 30 жыл әскерде қызмет еткен, запастағы офицер. Әскери қызметінің 10 жылы Серебрянск қаласында орналасқан 97638 әскери бөлімінде өткен. 

 «Елімізде басқа бұндай атақты әскери бөлім жоқ. Ол бірден 4 қолбасшы орденімен марапатталған. Полк Ұлы Отан соғысының басында миномет полкі ретінде құрылды. 1961 жылы Бұқтырма ГЭС құрылысы басталған кезде, полк Германиядан осында көшіріліп, қайта жарақтандырылды. Содан бері ол біздің әуе шебімізді қорғап келеді. 2013 жылы мен мұнда командир боп келген кезде,  бос тұрған, құрылысы аяқталмаған ғимаратқа қызығушылық танытып, комиссия шақырттым, ол  ғимарат қалпына келтіруге жарамсыз деп таныды. Бұл ғимаратты бұзып, орнына дәрігерлер тұратын үй салуға болады. Осыған байланысты оған иелік ететін Қорғаныс министрлігіне хат жаздық», – дейді Серебрянск басшысы.

Инвестициялық жобаларға келетін болсақ, қалада форель өсіру жобаларын іске асыру жоспары бар. 

«Балық өсіру бағдарламасы аясында үш жобамен жұмыс істейміз, Алматы мен Павлодардан келген инвесторлар Ертіс жағалауында балық шаруашылығы, форель өсірумен айналысуға дайын. Олардың жинаған тәжірибесі мол. Кәсіпкерлер құны 30 және 100 млн теңге болатын жобаларды жүзеге асырғысы келеді. Қосымша 30 жұмыс орны ашылады», – деп түйіндейді Серебрянск қаласының әкімі Нұрлан Махамбетов.