Жаңалықтар

Ахметжан Есімов «Самұрық-Қазына» басшысы қызметінен кетті

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ ұжымына басқарманың жаңа төрағасы Алмасадам Сәтқалиев келді

Есімов «Самұрық-Қазына» басшысы қызметінен кетті. Бұл туралы elbasy.kz хабарлады. 

Елбасы Ахметжан Есімовке «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы лауазымында атқарған жемісті қызметі үшін алғыс білдірді. 

Нұрсұлтан Назарбаев А.Есімовтің басшылығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтеріліп, БҰҰ есебінде алдыңғы қатарлы халықаралық үздік жиырма қордың қатарына қосылғанын атап өтті.

Ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің Төрағасы бұл нәтиже негізінен А.Есімовтің жоғары жауапкершілігі мен зор кәсіби тәжірибесінің арқасында мүмкін болғанын айтты. Сондай-ақ А.Есімовтің басқа да маңызды мемлекеттік лауазымдарда жүктелген міндеттерді барынша тиімді орындағанына тоқталды.

Өз кезегінде А.Есімов өзіне артылған жоғары сенімі үшін Елбасыға алғыс айтты. Ол Қордың жеткен жетістіктері Тұңғыш Президенттің халықтың тұрмысын жақсарту және мемлекетімізді гүлдендіру бағытында жүргізген саясатының арқасында еліміз қол жеткізген толағай табыстың шағын бір бөлігі ғана екенін атап өтті.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ ұжымына басқарманың жаңа төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті таныстырды.

Асқар Мамин Қордың жаңа басшысы Алмасадам Сәтқалиевті таныстыра отырып, оның энергетика саласындағы және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жүйесіндегі үлкен жұмыс тәжірибесін атап айтты.  

    «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорының алдында маңызы үлкен міндеттер қойып отыр. Бұл еліміздің инфрақұрылымдық, көлік-логистикалық және индустриалдық дамуын қамтамасыз ету арқылы, сонымен қатар, отын-энергетика кешенін дамыту, инвестицияларды тарту және отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету арқылы ұлттық экономиканың одан әрі тұрақты дамуына жағдай жасау», – деді Асқар Мамин.