Гендерлік теңдік. Мемлекеттік қызмет пен қаржы саласында жүрген әйелдер саны қанша?
Елімізде мемлекеттік қызмет пен қаржы саласында жұмыс істейтін әйелдер саны жыл санап артып келе жатыр. Тіпті әйелдер басшылық жасайтын мекеменің еңбек өнімділігі жоғары болатыны да айтылып қалып жүр. Қысқасы, бұл тақырыпқа қатысты сөз көп. Біз ең сөлді-сөлдісіне тоқталып көрейік.
Ресми статистика бойынша, еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің нақты саны 88 409 адамды құраса, оның 49 031-ы, яғни 55,5 пайызы әйел адамдар. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарды атқаратын әйелдердің саны 39,8 пайызды құрайды (9531 адам). Бұл ретте мемлекеттік қызметтегі жалпы басқарушы лауазымды атқаратындардың жалпы саны – 23 961 адам. Жергілікті мемлекеттік органдардағы әйелдердің үлесі – 51,9 пайыз (21744 адам). Үздік үштікте – Ақмола (63, 3 пайыз), Солтүстік Қазақстан (61,5 пайыз) және Шығыс Қазақстан облыстары (61,4 пайыз).
Бұл тақырыпқа президент Қасым-Жомарт Тоқаев та елордада өткен әйелдердің экономикалық мүмкіндігін кеңейту туралы эксперттік отырыста пікір білдірді.
«Еңбек сүйгіштік пен мақсатқа ұмтылудың және мемлекеттік қолдау шараларының арқасында шағын және орта бизнестегі әйелдер үлесі 43 пайыздан асты. Елімізде тіркелген жеке кәсіпкерлердің жартысынан астамы – ел дамуына белсенді атсалысып жүрген әйелдер. Әйелдердің іскерлік белсенділігі арқасында қазір миллионнан астам қазақстандық тұрақты жұмыспен қамтылып отыр» деген еді президент.
ҚР Президенті жанындағы отбасылық демографиялық саясат және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Ләззат Рамазанованың айтуынша, әйелдердің іскерлік белсенділігі олардың әлеуметтік мәртебесімен қатар жалпы қазақстандықтардың әл-ауқатын нығайта түседі.
«Осыған байланысты әйелдерді ұсынылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларымен қамту, оларды үкіметтік емес ұйымдар мен қаржы институттарының перспективалы жобаларына қатыстыру өте маңызды» дейді.
Осыған орай ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» ҰКП және отбасылық демографиялық саясат және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссиясы арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Аталған келісім бойынша өңірлерде 17 әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары құрылады. Бастама аясында әйелдерді оқыту бағдарламалары мен маркетингтік зерттеу жобалары қолға алынып, әйелдер бизнесін танымал етуге бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылмақ. Қазірдің өзінде мемлекет тарапынан әйелдерді қолдау шаралары жақсы деңгейде деп айтуға болады. мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаеваның сөзінше, қор қолдап отырған жобалардың 51 пайызы әйелдер кәсіпкерлігіне тиесілі екен.
«Негізінен әйелдер кәсіпкерлігі білім (68 пайыз), жылжымайтын мүлік операциясы (60 пайыз), өмір сүру және тамақтану (58 пайыз) салаларына бағытталған. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіндегі әйелдер кәсіпкерлігінің өсуінің оң динамикасын атап өте аламыз. Клиенттің орташа статистикалық портретін былай сипаттап бере аламыз: әрбір екінші клиент – жеке кәсіпкерлікпен айналысатын 39-40 жастағы әйел. Орташа жылдық кірісі – 67 миллион теңге. 3 миллион теңге салық төлеп, 10 адамды жұмыспен қамтиды» дейді «Даму» басшысы.
Ал «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, елімізде дәп қазір әйелдерге арналған несиелеу бағдарламасын енгізу аса маңызды.
«Біз жақында жүзеге асырғалы отырған әйелдер ипотекасын несиелеу бағдарламасының басты мақсаты – Қазақстандағы әйелдердің тұрғын үй қаржыландыруына қол жетімділігін кеңейту. Бұл Азиядағы әйелдерге арналған алғашқы ипотека. Бәлкім, әлемдегі тұңғыш жоба шығар. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін Азия Даму Банкінің 38 млрд теңге қаржысы тартылып отыр. Осы сома арқылы банк 3970 әйелді қаржыландыруға ниетті» дейді банк төрағасы.
Отандық zakon.kz сайтына сұхбат берген дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша директоры Лилия Бурунчук Қазақстандағы жұмыс істеп жүрген әйелдер үлесі көңіл көншітерлік деңгейде деп есептейді.
«Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы әйелдердің 64 пайызы экономикалық белсенді болып саналады. Олар жұмыс істейді немесе жұмыс іздеп жүр. Бұл экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің (OECD) көрсеткішіне сай келеді (64 пайыз). Әлемдік орташа деңгейден де (48,5 пайыз) біршама жоғары. Бірақ Ресейден аздап төмен (68 пайыз). Қазақстандағы жұмыссыз әйелдер деңгейі шамамен 5,4 пайыз» дейді Бурунчук.
Қазақстандық әйелдердің бизнеске деген ықыласы ерекше артып келеді. Еліміздің ең маңызды экономикалық драйвері саналатын Алматыда бизнестің 45 пайызы әйелдердің еншісінде. Қалада тіркелген 174,5 мың шағын және орта бизнес субъектісінің 78 мыңын әйелдер басқарып отыр. Республика бойынша қарастырар болсақ, тіркелген 1,2 млн шағын және орта бизнес субъектісінің 536 мыңын әйелдер басқарады. Яғни, 43 пайызын.
«Халық банк» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова да шағын және орта бизнестегі әйелдер белсенділігін жоғары бағалайды.
«Алматыда несие алушылардың 53 пайызы әйелдер, ал Алматы облысында бұл 60 пайызды құрайды. Банктің жеке кәсіпкерлік несие портфелінде, шағын бизнесте әйелдер үлесі жоғары. Ал орта бизнесте ерлер жоғары. Бұл әйелдердің аздаған сомалармен тәуекелге баратынын көрсетеді. Сондай-ақ қарыз алушы әйелдер өте тәртіпті. Біз банк ретінде әйелдер кәсіпкерлігін бөлек қолдаймыз. Бізде 5 пайыздық мөлшерлемемен 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл бастаманы бір жыл бұрын жарияладық» дейді Шаяхметова.
Ресми дерек көздері екінші деңгейлі банктерде әйелдер үлесінің жоғары екенін дәлелдей түседі. Әйел қызметкерлері көп қаржы ұйымы – «Халық банк» екен (73 пайыз). Ерлері ең көп деген «Альфа банк» пен Kaspi-дегі ерлер саны ұжымдағы әйелдер санынан бір жарым есе аз болып шықты. Тіпті Ұлттық банктің орталық аппараты да (26 департамент, 4 басқарма) негізінен әйелдерден қалыптасқан (67,5 пайыз). Ал ҰБ-ның өңірлік филиалдарындағы әйелдер саны бүкіл қызметкердің 59 пайызын құрайды