Жаңалықтар

Visa VS Mastercard: айырмашылығы қандай?

Қай төлем жүйесін қандай жағдайда таңдаған дұрыс екенін айтып береміз

Банк карталарының сыртында Visa немесе Mastercard деген жазу болады. Рәсімдегелі жатқанда менеджерлер қай түрін таңдайтынымызды сұрап та жатады. Ондайда екеуінің айырмашылығын білмегендіктен, тығырыққа тіреліп қалуымыз мүмкін. Есіңізде жүрсін деген ниетпен бүгін сіздерге осы екі төлем жүйесінің ерекшеліктері туралы айтуды жөн көріп отырмыз.  

Төлем жүйесі деген не?

Алдымен жалпы төлем жүйесі жайлы қысқаша түсіндіріп өтейік. Бұл — электронды түрде ақша аударуға арналған жүйе. Яғни түрлі бағдарлама, аппарат не техникалық құралдың көмегімен жүзеге асырылады. Төлем жүйесінің көп түрі бар. Кейбірі бір елдің ішінде ғана жүретін жергілікті, енді бірі ұлттық нарықтың жеке сегменті аясында, ал тағы бір түрі халықаралық болуы мүмкін. Біздің тақырыпқа негіз болып отырған «Виза» мен «Мастеркард» — ең танымал әрі халықаралық төлем жүйелері. 1958 жылы қаржы нарығында алғашқы банк карталары пайда болды. Ал араға 18 жыл салып, 1976 жылы Visa өмірге келді. Осылайша банк халықаралық төлем жүйесінің статусына ие болады. Mastercard та араға көп уақыт салмай қатарға қосылды. Америкалық банктер бірлесіп 1979 жылы еуропалық төлем жүйесінің негізін қалайды. Сөйтіп оған MasterCard World Wide деген атау беріледі. 

Visa — доллар

Visa-ның туған жері — АҚШ. Әлемнің 200-ден астам елінде қолданылады. Соңғы жылдары жаһандық төлемдегі үлесі 8,3 трлн доллардан асып жығылады. Дүние жүзі бойынша мұны қолданатын 60 миллионға жуық сатушы мен 2,9 миллиард есепшот бар. «Визаның» негізгі валютасы — доллар. Сол үшін Америкада осы төлем жүйесін қолданған қолайлы болады. Яғни конвертация тиімдірек. Visa-ға ақша жібергенде есепшотқа түсетін ақша аударым жасалып жатқан шоттың валютасына автомат түрде аударылады. Әлбетте, банктің ішкі конвертациясы есепке алынады.  

Mastercard — еуро

Ал енді «Мастеркардтың» валютасы — еуро. Дегенмен оның да тегі америкалық. Яғни валютасы еуро болғанына қарап, мұны Еуропада шыққан төлем жүйесі екен деп қате ойлап қалмаңыз. Демек, валютасына байланысты Еуропаға сапарға шығатын болсаңыз, сізге тиімдісі — осы. Конвертация сіз тұрған жерге тікелей байланысты. АҚШ-та — доллармен, еуроаймақта еуромен жасалады. Mastercard ауқымы сәл кеңірек, атап айтқанда 210 елде қолданылады. Бұл төлем жүйесін 20 миллион сауда нүктесі қабылдайды екен.   

Бастапқы деңгейдегі дебеттік карталар

Банк карталарының төлем жүйесінен бөлек, бірнеше түрі де болады. Ендеше,  Visa мен Mastercard-тың қандай түрлері болатыны жайлы да айта кетейік. Бастапқы деңгейдегі дебеттік карталар деген бар. «Визада» — Visa Electron, «Мастеркардта» Masterсard Standard деп аталады. Бұл түрлері көбіне ТМД елдерінде кең таралған. Әдетте, шектеулі не тіпті банк тарихы жоқ клиенттерге беріледі. Бұл карта түрлерімен банкоматтардан ақша шешуге, төлем терминалдары арқылы төлеуге болады.  

Классик карталар

«Визада» картаның бұл түрі Visa Classic деп аталады. Мұнда да банкоматтан ақша алу, төлем жасау, онлайн-дүкендердегі сауда үшін есептесу, офлайн режимде істейтін құрылғылар арқылы төлеу мүмкіндігі бар. Байқасаңыз, алдыңғысынан сәл ауқымдырақ. Мұндай карталар орташа табысы бар адамдарға ашылады. Бірақ «Мастеркарда» классик карталар жоқ.   

Премиум карталар

Бұл енді алдыңғы екеуінен жоғары. «Визада» — Visa Gold, Visa Platinum, Visa Infinite және Visa Signature, «Мастеркардта» Mastercard Gold, Mastercard Platinum, World Mastercard, World Mastercard Black Edition, World Elite Mastercard деген түрлері шығарылады. Мұндай картасы барлар ерекше статусқа ие деген сөз. Яғни бұл жай ғана төлем құралы емес, карта иесінің жағдайы жақсы екенін сөзсіз білдіреді десек болады. Сауда орындарында карта иелеріне көбіне түрлі жеңілдіктер жасалады. Одан бөлек, қосымша қызметтер де ұсынылады. Мысалы, шетелге шыққанда сапарыңызды Visa Infinite арқылы төлесеңіз, тегін сақтандыру беріледі. Ал «Виза платинум» иелері банкпен байланысқанда VIP қызмет алады. Артықшылықтары өзгеріп, серіктес банктер ұсынатын жеңілдіктер де ауысып тұрады. Сондықтан мұндай карта ашқызатын болсаңыз, менеджерден нақтылап сұрап алсаңыз болады. 

Кредиттік және дебеттік карталар

Екі төлем жүйесінде де дебеттік, кредиттік карталар шығарылады. Яғни бірінші түрінде клиент өз ақшасын ғана жаратса, екіншісінде банктің ақшасын қарызға алып, бірнеше айға несие ретінде бөліп төлейді. Сондай-ақ, овердрафты бар дебеттік карталар болады. Бұл дегеніміз клиент алдымен өз ақшасын құртады. Егер қаражаты таусылып қалса, минусқа кіріп, банктен қарызға ала тұра алады. Кредиттік карталар жайлы айта кететін жайт, әр эмитенттің өз шарттары бар. Мысалы кей банктер қызмет көрсеткені үшін комиссия алып отырады. Енді бірі өтінімді қарағаны, төлемді кешіктіргені, қолма-қол ақша алғаны, кредитке алғаны, кредиттік шектен асқаны, тіпті есепшотты ұзақ уақыт қолданбағаны үшін де комиссия алуы мүмкін.   

Жұмыс істеу принципі қандай?

Картадан картаға ақша аударғанда немесе интернетте төлем жасағанда біз бүгін айтып отырған қызметті қолданасыз. Картаңыздан ақшаны «суырып» алмас бұрын сіздің ұялы телефоныңызға код келеді. Соны енгіз арқылы төлемді өзіңіздің жасап отырғаныңызды дәлелдейсіз. Бұл қауіпсіздік хаттамасы 3DS деп аталады. Яғни бұл ретте үш түрлі доменнің рас екені нақтыланады: сатушының, сатып алушының және төлем жүйесінің. Егер қандай да бір күмән туса, жүйе ақша аударымын жасатпай қояды. Соңғы кездері алаяқтардың көбейіп кеткенін жақсы білетін боларсыз. Міне, аталған смс-кодты біліп алу арқылы «алдайды». Сондықтан адам баласына телефоныңызға келген құпиясөзді айтпаңыз. Ешқашан банк менеджері, интернет-сатушының сізден құпия кодты сұрауына құқығы жоқ. Осыны жақсылап есте ұстаңыз. Ал егер алаяққа тап болып, кодты айтып қойған болсаңыз, ол қадамды саналы түрде жасаған болып саналасыз.  

Қай елде қайсысын таңдаған жөн?

Америка мен Еуропаны жоғарыда айтып өттік. Сол сияқты Африкаға барсаңыз — «Мастеркард», Оңтүстік-шығыс Азия, Латын Америкасы, Аустралия, Канада үшін «Виза» дұрысырақ. Жалпы алғанда өзіңізге қажет валюталық есепшот ашып, банк комиссиясы мен конвертацияға «желініп» қалмауды ойлаңыз. Тоқетері сол, екі жүйенің біреуіне тоқталуға қатысты кеңес бере алмаймыз. Себебі ескеруге тиіс жайттарды айттық. Кейде «Визаны» да, «Мастеркардты» да ашып қойған артық болмайды.