Жаңалықтар

Декреттік төлем 2021 жылы қалай есептеледі?

Барлығын нақты әрі түсінікті етіп түсіндіреміз

Жүкті және босанған әйелдерге арналған төлем, жәрдемақы жайлы толық ақпарат бергенді жөн көріп отырмыз. Себебі мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы жыл сайын өзгеріп отырады. Соған сәйкес, биылғы мөлшердің қандай екеніне тоқталамыз. Сонымен қатар декреттік демалысқа шыққан әйелдерге төленетін бір реттік төлемді қалай есептеу керегін де түсіндіреміз.

Төлем мен жәрдемақы түрлері

Алдымен мынаны есте ұстаңыз. Жүкті және босанған әйелдерге берілетін төлемнің үш түрі болады: босанғанға дейін, босанған соң және бала бірге толғанша берілетін жәрдемақы. Оның алғашқысы, яғни босанғанға дейінгі төлемді жұмыс істейтін немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысатын, салық төлейтін әйелдерге төленеді. Яғни үй шаруасында отырған әйелдерге төлемнің бұл түрі қарастырылмайды. Одан кейін — бір реттік жәрдемақы. Мұны бала туған кез келген әйел алады. Былайша айтқанда, мемлекеттің балаға берген көрімдігі десек болады. Жәрдемақының биылғы мөлшеріне келсек, алғашқы үш балаға дейін — 110 846 теңге, төртіншіден әрі қарай болса 183 771 теңге төленеді. Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін бұл жәрдемақы бәріне бірдей және бір-ақ рет берілетінін есте ұстаңыз. Бала бірге келгенше берілетін жәрдемақы түрі бар. Оның көлемі жұмыссыз және жұмыстан уақытша демалыс алған әйелдер үшін әртүрлі. Ол туралы сәл кейінірек толығырақ тоқталамыз. Жалпы алғанда балалы болғандарға берілетін негізгі үш төлем түрі осындай.

Декреттік төлемді қалай есептейміз?

Ендеше, кезек бойынша талдайық. Жүктіліктің 30-аптасына келгенде сіз жұмыстан уақытша демалыс аласыз. Яғни алдымен гинекологтан жұмысқа жарамсыз екенін білдіретін парақ алу керек. Елімізде декреттік демалыстың үш түрі болады. Оның біріншісі — 126 күнге созылатын жүктілікке және босануға дейінгі демалыс. Атап айтқанда, босанғанша 70 және одан кейін 56 күнге беріледі. Ал қиын босанған жағдайда, егіз не үшемді өмірге әкелсе, 56 күн емес, 70 күнге ұзартылады. Сондай-ақ, жаңа туған баланы асырап алса да 56 күнге демалыс беріледі. Ол үшін, әлбетте, барлық құжат сақадай сақ болуға тиіс. Үшіншісі — бала үшке толғанша оның күтіміне байланысты берілетін, жұмыс орны сақталғанымен, айлығы сақталмайтын демалыс.

Ең қызығы, босанғанға дейінгі бір реттік төлем. Өйткені көпшілігі «декреттік төлем қанша түсер екен?» деп арагідік ойлайтыны жасырын емес. Есептеу әдісіне келсек, жұмысқа жарамсыздығын білдіретін парақты кадр бөліміне апарып, оның бір данасын ХҚКО-ға тапсырасыз. Төлемнің көлемі жалақыңызға тікелей байланысты. Бұл ретте 1 жылдағы табысыңыз есепке алынады. Жұмысқа жарамсыздық парағы 126 күнге берілсе, коэффициент мынадай болады: 126/30=4,2. Мысал үшін есептеп көрелік. Табысы 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайтын, яғни 297 500 теңгеге дейін делік. Айталық, міндетті зейнетақы жарнасын шегергенде бір жылдағы табысыңыз 1 944 000 теңге болсын. Осы соманы 12 айға бөлеміз де, бір айдағы орташа табысыңызды табамыз. 1 944 000 теңге / 12 = 162 000 теңге. Осы бір айлық табысты әлгі 4,2 коэффициентке көбейтеміз. Сонда 680 400 теңге болады. Бұдан 10% міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады. Сөйтіп біздің қолға алатын сомамыз 612 360 теңге болады. Ескере кететін жайт, әлеуметтік аударым табыстан МЗЖ ұсталып, 3,5% мөлшерлесімен төленеді. Мейлі соңғы 6 айда ғана жұмысқа кіріскен болсаңыз да, жалпы сома 12 айға бөлінеді. 

Айлығы жоғары әйелдер ше?

Ең төменгі жалақының (ЕТЖ) жетеуінен асып, ай сайынғы табысы 500 мың теңге болса, онда әлеуметтік мөлем мөлшерін анықтау үшін ай сайынғы табыс 297 500 теңге деңгейінде ескеріледі. Осылайша Қорға 12 ай бойы әлеуметтік аударылым жасалып тұрған болса, 297 500 теңге * 4,2 = 1 249 500 теңге. Әлеуметтік төлемнен 124 950 теңге сомасынан 10% МЗЖ ұсталып, БЖЗҚ-ға аударылады. Сөйтіп соңында шотыңызға 1 249 500 теңге түседі. 

Бала бірге келгенше берілетін жәрдемақыны қалай есептейміз?

Әйел босанған соң берілетін бір реттік көрімдік жайлы жоғарыда айтып өттік. Ендігі кезекте — жәрдемақының бала жасы бірге толғанша төленетін түрі. Бала күтіміне байланысты табысынан айырылған яки жұмыс істейтін әйелдерге 12 ай бойы жалақысына байланысты аударылып отырады. Декреттік демалысқа үш жылға шықсаңыз да, жәрдемақы бір жылдан кейін тоқтайды. Кейін қалауыңыз бойынша жұмысқа шыға аласыз, болмаса ақысыз демалыста отырасыз. Төлем қалай есептелетініне келсек, соңғы 2 жылдағы жалпы табыс 24-ке бөлінеді. Әлеуметтік аударым жасалуы міндетті. Одан шыққан соманы 0,4-ке көбейтіп, одан 10 пайыздық зейнетақы жарнасын шегересіз. Айталық, соңғы екі жылдың біріншісінде айлығыңыз 150 мың теңге, екінші жылы 200 мың теңге болсын. Сөйтіп жалпы табысты былай есептейміз: 12*150 000+12*200 000=1 800 000 + 2 400 000= 4 200 000 теңге. Алынған соманы 24 айға бөлеміз: 4 200 000/24= 175 000 теңге. 175 000 теңге – табыстың орташа айлық мөлшері. Одан соң бұл көрсеткішті 0,4 коэффициентке көбейтіп, 10 пайызын алғанда 63 мың теңге шығады. Демек, балаңыз бірге келгенше сізге осынша қаражат түсіп тұрады деген сөз. 

Үй шаруасындағы әйелдерге қанша төленеді?

Егер ешқандай әлеуметтік аударым жасамаған болсаңыз, бекітілген төлем алып отырасыз. Биыл бірінші балаға — 16 802 теңге, екінші балаға — 19 865 теңге, үшінші балаға — 22 898 теңге, төртіншіден асса 25 961 теңге беріледі.  

Бір жолғы әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажет құжаттар:
1.    Жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылған жағдайда өтініш.
2.    Жеке басын куәландыратын құжат.
3.    Жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты берілген жұмысқа уақытша қабілетсіздігі парағы  (төменде сіз оны қалай алуға болатындығы туралы біле аласыз).
4.    Банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының (шотты кез келген ҚР ЕДБ ашуға болады), немесе түзету мекемесінің қолма қол ақшаны бақылау шотының нөмірі туралы құжат.

Өзін-өзі жұмыспен қамтитын азаматтар қосымша мынадай құжатты ұсынады:
– жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтер);
– Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 27 ақпандағы № 306 бұйрығымен бекітілген жеке шоттарын жүргізу қағидаларына 16-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік кірістер органдары берген бюджетпен есеп айырысулардың жай-күйі туралы, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар бойынша салық төлеушінің жеке шотынан үзінді көшірме.

Баланың бір жасқа толуына дейін оның күтімі бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау үшін қажетті құжаттар:
1.    Өтініш.
2.    жеке басын куәландыратын құжат.
3.    Баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) немесе туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме.
4.    банктерде және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі туралы құжат. Шотты  кез келген ҚР ЕДБ немесе банктік операцияларды жүзеге асыратын  «ҚазПошта» АҚ  сияқты басқа ұйымдарда  ашуға болады.  
5.    Бір жасқа дейінгі баланы (балаларды) асырап алған жағдайда – қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органмен берілген баланы (балаларды) асырап алу туралы сот шешімінен үзінді көшірме.
6.    Балаға қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленген жағдайда, балаға қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленгенін растайтын құжат ұсынылады.
7.    Егер құжаттарды үшінші тұлға берсе, нотариалдық куәландырылған сенімхат. алуға болады.