Ораза-2021: Пандемия кезінде қалай ауыз бекітеді?

Жарияланды
Денсаулыққа қатысты көп сауалдарға жауап

Санаулы күннен соң Рамазан айы басталады. Былтыр да, биыл да ораза пандемиямен қатар келіп отыр. Осы ретте көпшілікте біраз сауал туындайды. Ендеше, коронавирус кезіндегі ораза жайлы аз-кем ақпарат бере кеткенді жөн көріп отырмыз. Әсіресе, денсаулыққа қатысты санада сауал көп. Коронавирус жұқтырған адам ораза ұстай ма, вакцина салдыруға бола ма және т.б сұрақтарға жауап берейік.  

Ораза қашан басталады?

2021 жылы Рамазан айы 13 сәуірде басталады. Ал соңғы күні — 12 мамыр. Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр күні Ораза айт болса, 8 мамырдан  мамырға қараған түн — Қадір түні.  

Коронавирус жұқтырғандар ауыз бекіте ме?

Бұл сұраққа қатысты екіжақты пікір бар. Дәрігерлер иммунитет әлсірейтіндіктен, ұзақ уақыт бойы ашығу ағзаға қиын болады дейді. Дегенмен коронавирус пандемиясы кезінде оразаны қалай ұстау керегі туралы нұсқаулық жариялаған Ұлыбританиядағы ислам медициналық қауымдастығы мүшелері бұл пікірмен келіспейді.

«Дені сау және бұрын оразаны қиындықсыз өткерген адам биыл да құлшылығын жалғастыра алады. Осы жолы ораза ұстауға болмайды деген тұжырымды растайтын еш дәлел жоқ», – дейді Оксфорд университеті емханасының ғылыми қызметкері, дәрігер Салман Вакар.

«Көп жағдайда денсаулығы жақсы және бұрын еш қиындықсыз ораза ұстап келген адамдар пандемия кезінде де ауыз бекіте алады», – дейді Ұлыбританиядағы Ковентри және Уоркшир университеттік емханаларында трансплантациялық нефролог болып істейтін дәрігер Шафи Малик.

Маманның айтуынша, созылмалы ауруы бар және дене қызуы көтерілген адамдар дәрігермен кеңесіп, қажет болған жағдайда, оразадан бас тартуы керек.

Қазақстандық дінтанушы Кеңшілік Тышқан оразадан ағзаға зиян болады дегенмен келіспейтінін айтқан.  

«Қазіргі осы ахуалда оразаны ұстамау немесе ораза ұстаған жағдайда иммунитет құлап қалады немесе ораза ұстаса ауруға ұшырып кетуі мүмкін деген пікірмен келіспеймін. Өйткені нақты ораза иммунитетті әлсіретеді деген пікірге де сыни қарауға болады» дейді дінтанушы.

Қандай ауру түрлері ораза ұстамауға негіз бола алады?

Адам баласы әдетте шыдай алмайтындай деңгейде ауырса, не болмаса ауру адам ораза ұстап, оразасы өлімге алып келетіндей деңгейде болса ауруы ораза ұстамауға негіз болады. Ауруынан айыққан соң әр күнге бір күн қазасын өтейді. 

Қант диабеті, онкология сынды айықпайтын аурулармен ауыратын адамдарға Рамазанда ораза ұстау міндетті ме?

Бұл адамдардың егер өмір бойы мүлдем ораза ұстауға шамалалары жетпесе әр күні үшін фидия өтемін өтейді. Фидияның мөлшері пітір садақаның мөлшеріне саяды. Яғни оразаның әр күні үшін бір міскінге мына төмендегі төрт түрлі азықтың кез-келген біреуін немесе соның құнын береді:
1. Бидай ұнының міндет болған мөлшері: 1 кг. 459 гр. немесе осы мөлшердегі құны.
 2. Арпа немесе арпа ұнының уәжіп болған мөлшері: 2 кг. 918 гр. немесе осы мөлшердегі құны.
3. Мейіздің уәжіп болған мөлшері: 2 кг. 918 гр. немесе осы мөлшердегі құны.
4. Құрманың уәжіп болған мөлшері: 2 кг. 918 гр. немесе осы мөлшердегі құны.

Бұған да шамасы жетпейтін кісілер фидия беруге міндеттелмейді. Ал кей күндері ораза ұстауға шамасы жеткен адам сол күндері ораза ұстап, қалған ұстамаған күндерінің қазасын шамасы келген күндері өтейді. Бұларға фидия өтемі рұқсат емес. Ал енді бұл адамдардың кейбірі жаз мезгілінде күннің ыстық болуына байланысты ораза ұстауға шамасы келмесе, қыс мезгілінде жазғы оразаның қазасын өтейді.

Вакцина салдырса, ораза бұзыла ма?

Адам ағзасына ауыз, мұрын, ішек сияқты табиғи жолмен түскен нәрсе оразаны бұзады. Ал екпе бұлшықетке салынады. Сондықтан оразаны бұзбайды. Қазір ислам ғалымдарының көбі екпе арқылы денеге салынатын дәрі-дәрмекке ем және адам ағзасына қажетті энергия ретінде қарайды екен. Ал көктамырға салынатын екпеге қатысты ортақ бір шешім жоқ. Егер екпе терінің астына бұлшықетке салынса, ораза бұзылмайды. Жалпы, пенициллин, инсулин, вакцина, ауырсыну мен қызуды басатын дәрілер сияқты ауруды емдеуге және алдын алуға арналған препараттар мен дәрумендер қолданылған жағдайда ораза бұзылмайды.

 Көзге дәрі тамызу оразаны бұза ма?

Көзге дәрі тамызу оразаны бұзбайды. Себебі көз бен ішкі қуыстың (тамақ) арасында байланыс жоқ.

Құлақ пен мұрынға дәрі тамызу оразаны бұза ма?

Құлақ пен мұрынға дәрі тамызу оразаны бұзады. Өйткені екеуінің ішкі қуыспен (тамақпен) байланысы бар. Яғни дәрінің тамаққа өтіп кету қаупі бар.

Асқазанды тексеру үшін медициналық құралды пайдалану (зонд жұту), оразаны бұза ма?

Егер ішке кіретін тарапы құрғақ болса ораза бұзылмайды, ал егер ішке кіретін жағына мазь не болмаса сол секілді заттар жағылса, ораза бұзылады.

Вагиналды ультра дыбыстық зерттеу (УЗИ) оразаны бұза ма?

Вагиналды УДЗ құрғақтай қолданса ораза бұзылмайды. Ал егер оған мазь не болмаса сол секілді сұйықтық жақса, ораза бұзылады.

Хайызды кешіктіру үшін әдейі дәрі ішкен әйел оразасының үкімі қандай?

Егер әйел кісі хайызын кешіктіру үшін дәрі ішіп хайызы келмей ораза ұстаса, оразасы дұрыс болып есептеледі. Алайда, бұл әрекеті ағзасына зиян келтірмейтініне сенімді болуы керек. Егер денсаулығына зиян келтіруі мүмкін деген күмән болса, бұлай жасамағаны абзал.

Әйелдер «свеча» қолданса оразалары бұзыла ма?

Аузы берік кезде ішке барар  жолдардың бірінен қандай да бір зат түбегейлі ішке еніп орнықса, онда ораза бұзылады. Осыған сәйкес аталмыш медициналық препаратты күндіз, ауыз берік сәтте қолданатын болсаңыз, оразаңыз бұзылады (сол күнді Рамазаннан кейін бір күн қаза етіп өтейсіз, кәфәрат қажет емес). Сондықтан мүмкін болса, әлгі препаратты қолдануды ауыз ашар уақытына қалдырғаныңыз жақсы. «Медициналық свеча» ғұсылды керек етпейді.

Рамазанда қан алдыру оразаны бұза ма?

Ораза ұстаған адамнан қан алдыру оразаны бұзбайды.

Оразада етеккірі тоқтаған әйел не істейді?

Оразаның күндізінде (сәресінің уақыты өтіп кеткен соң) етеккірі тоқтаған әйел сол күні ауыз бекітпейді. Ауыз бекітетін болса, ораза тұтқан болып есептелмейді. Рамазаннан кейін сол күнді де, алдыңғы тұтпаған кұндерімен қосып қазасын өтейді. Сәресіге дейін хайызы тоқтаса, оразаға ниет етіп ауызын бекітеді.

Сондай-ақ оқыңыз