Қанша адам БЖЗҚ арқылы емделіп, үй алуға сенім білдірді?

Жарияланды
Зейнетақы жинағын жеке компанияларға да беруге болады

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегінше, қазіргі уақытқа дейін 190 мыңға жуық салымшы тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу, инвестициялық портфельді басқарушыларға беру мақсатында БЖЗҚ-дан өз жинақтарын алған. 

Биылдан бастап азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және(немесе) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емделуге ақы төлеужәне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін, сондай-ақ, жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалануға құқығы берілген еді. 

1 сәуірдегі жағдай бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін уәкілетті операторлардан («Отбасы банк» ТҚЖБ» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, сондай-ақ, «Altyn Bank» АҚ)  269 759 өтініш  келіп түскен. 

«Жалпы сомасы 940,7 млрд теңгеден асатын 184 109 өтініш орындалды. Салымшылардың арнайы шоттарына келіп түскен төлемдердің орташа сомасы 5,1 млн теңгеден асады. Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге пайдалану туралы өңірлер бөлінісі бойынша толық ақпарат enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінде ұсынылған. Қазақстандықтардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсатта пайдаланатынын enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінің мақсаттары бойынша» бөлімінен білуге болады. Өтініштердің басым бөлігі Алматы қаласы (17,3%), одан кейін Маңғыстау облысы (16,7%) және Нұр-Сұлтан (14,2%) қаласының тұрғындарынан келіп түсті» делінген БЖЗҚ хабарламасында. 

4 263 өтініш зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану үшін берілген. Оның ішінде 2 807 өтініш орындалып, «Отбасы банк» ТҚЖБ» АҚ уәкілетті операторында ашылған салымшылардың арнайы шоттарына 2,7 млрд теңгеден аса сома аударылған. 

Қазақстандықтар емделуге орташа есеппен 1 млн теңге пайдаланады. Өтініштердің басым бөлігі Алматы қаласы (20,6%), Нұр-Сұлтан қаласы (17,3%) және Атырау облысының (7,9%) тұрғындарынан келіп түсіпті. 

Еске сала кетейік, салымшының зейнетақы жинақтары сондай-ақ, инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына:

•    Салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының нақты сомасы мен зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспайтын мөлшерде; немесе

•    Өмір бойғы төлемдерді көздейтін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде берілуі мүмкін.

1 сәуірдегі жағдай бойынша БЖЗҚ-ға зейнетақы жинақтарын зейнетақы портфелін басқарушыға (ИПБ) аудару бойынша 1062 өтініш келіп түсті.

Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға аударуға өтініштердің 39,5% астамы Алматы қаласының тұрғындарынан  түскен екен. Одан кейін Нұр-сұлтан қаласы (21,5%) мен Маңғыстау облысының (5,3%) тұрғындары тұр.

Қордың хабарлауынша, қазіргі сәтте берілген өтініштердің 690-ы орындалып, ИПБ-ға аударылған қаржының жалпы сомасы шамамен 1,7 млрд теңгені құрады, бұл ретте аударымның орташа сомасы 2,4 млн теңге болған. 

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аудару салымшыдан өтініш  түскен күннен кейінгі күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылатын болады. Зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қалады. Ал БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын есепке алуды жалғастырады.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға қатысты төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Олар туралы ақпаратпен танысып, инвестициялық декларацияларын зерделеуді enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына аудару» бөлімінде жүзеге асыруға болады.
 

Сондай-ақ оқыңыз