Қазақстанда 1 сәуірден бастап әлеуметтік-экономикалық өмірімізге бірқатар өзгеріс енді. Мәселен, электр энергиясының тарифі 15 пайызға қымбаттайды, зейнетақы төлемі өзгереді, т.б. Соларға кеңінен тоқтала өтейік.
Электр энергиясы қымбаттайды
Энергетика министрлігінің мәліметінше, елімізде электр энергиясы тарифі 15 пайызға қымбаттайды. Энергия өндіруші ұйымдар шығынның шектен тыс артып кетуіне байланысты осындай өтініш жолдаған. Мамандар еліміздегі жылу электр станцияларындағы құрылғылар мен түрлі техниканың әбден тозғанын, энергетика саласы мамандарының жалақысы тым төмен екенін айтады. Салада бұдан басқа да қордаланған мәселе көп. Осындай проблемалардың әзірге жалғыз шешімі – тарифті көтеру ғана. Өйткені бұл сала мемлекеттен қаржылай көмек алмайды.
Зейнетақы төлемі өзгереді
БЖЗҚ зейнетақы айлық төлемін есептеудің жаңа әдістемесі енгізілгенін жариялады. Жаңа әдістеме өз төлемдерін БЖЗҚ-дан 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап алатын зейнеткерлерге қатысты. Зейнетақы алуды 2018 жылдың 1 қаңтары мен 2021 жылдың 31 наурызынан бастағандар үшін жаңа әдістеме 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қана әсер етеді.
Әдістемеге сәйкес зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың бірінші жылындағы зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы зейнетақы жинақтары сомасының зейнетақы жинақтары төлемдерінің мөлшерлемесіне көбейтіндісі ретінде есептелетін болады – 6,5 %. Одан кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне жыл сайын арттыру жолымен қайта есептелетін болады – 5%.
Егер зейнетақы жинақтарының сомасы өтініш берген күнге ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспайтын болса тиісті қаржы жылына белгіленген республикалық бюджет туралы заңға сәйкес аталған сома алушыға БЖЗҚ-дан бір-ақ рет төленеді ( 2021 жылы – 519 264 теңге = 12 * 43 272).
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін іске асырған адамдарға зейнетақы төлемінің жыл сайынғы мөлшері ең төменгі зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болмайды (2021 жылы 30 х 43 272= 1 298 160 теңге). Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.
Зейнетақыға және жәрдемақыға өтініш беру жеңілдейді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сәуір айынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы алуға берілетін өтініштерді қабылдау тәртібін кезең-кезеңімен жеңілдетуді жоспарлап отыр.
Енді қазақстандықтар орналасқан жеріне қарамастан кез-келген халыққа қызмет көрсету орталығына барып зейнетақы мен жәрдемақыға өтініш қалдыра алады.
Бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталады
Қазақстанда 1 сәуірден бастап бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталады. Ол үшін egov.kz электронды үкімет порталына кіріп, келесідей құжаттарды тіркеу маңызды:
• Ата-анасынан өтініш (немесе оларды алмастыратын адамдардан);
• Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
• 026/у-3 «Баланың денсаулық паспорты» формасындағы денсаулық жағдайы туралы құжат;
• Денсаулық жағдайы туралы 063/у формасындағы құжат;
Қалдырылған өтініш бір жұмыс күні ішінде қарастырылады. Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 тамызға дейін қабылданады. Білім министрлігінің хабарлауынша, аталған мерзім ата-аналар мен мектепке ыңғайлы болу үшін таңдап алынған.
Осылайша, ата-аналар мектепті алдын ала таңдап, құжаттарды уақытылы өткізе алады. Ал мектеп әкімшілігі сыныптарды алдын ала жасақтап, қажетті оқулықтарды сатып алып, сағаттарды бөліп, мұғалімдер құрамын бекіте алады.
2021-2022 оқу жылы маусымында бірінші сыныпқа 340 мың бала барады деп жоспарланған.
Вакцинация
1 сәуірден бастап елімізде вакцинация есептегіші енгізілді. Яғни, кез-келген азамат денсаулық сақтау министрлігінің сайтына кіру арқылы коронавирус вакцинасының қарқынымен таныса алады. Есептегіш Қазақстанға қанша вакцина келіп түскенін, оның өңірлер бөлінісіндегі үлесі қанша екенін көрсетіп тұрады.
31 наурыздағы жағдай бойынша ресейлік «Спутник V» вакцинасының алғашқы компонентін 134 841 адам, ал екінші компонентін 38 588 адам алған. Жыл соңына дейін Қазақстанда 6 миллион адамға вакцина салу көзделіп отыр.