ҰБТ-2021: Ең ерекше және ең қиын емтихан
Расында, осы жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу бұрынғылардан басқарақ. Өйткені өзгеріс көп. Осы ретте биылғы түлектер мен олардың ата-анасына емтихан ережесі жайлы нақтырақ айтып өткенді жөн көріп отырмыз. Мысалы 2021 жылдан бастап оқушылар ҰБТ-ны бір емес, екі рет тапсыра алады. Сонымен қатар, осы жылы тұңғыш рет компьютер алдында отырып жауап береді. Осы және өзге де ерекшеліктері туралы толығырақ материалымыздан оқи аласыздар.
Қашан басталады?
Биыл электрон форматта өтетін тестілеу 10 сәуір мен 30 маусым аралығында өтеді. Бұл — грантқа үміткер болу үшін тапсыратын сынақтың мерзімі. Ал ақылы бөлімге тапсыруға арналған емтихан 10 наурызда басталып кетті. Ол 10 сәуірге дейін жалғасады.
Жауап нұсқасын өзгерте аласыз
Бұл жолы оқушылардың алдына бұрынғыдай алдына кітапша таратылып, кейіннен дұрыс нұсқаны жауап парағына белгілемейді. Электрон форматта өтетін сынақтың артықшылығы да сол — алдыңғы сұраққа қайта оралып, жауабына күмәнданса, өзгерте алады. Сақтап, тестілеу аяқталған соң әлгі өзгертілген нұсқа белгіленеді. Бұрын көпшілігі қобалжығаннан қате нұсқаны бояп қоятын болса, енді ондай жағдай болмауға тиіс.
Компьютер экранында не болады?
Жаңашылдықтың тағы бір түрі деп Менделеев кестесі мен калькулятордың компьютер экранында болатынын айту керек. Бұл да өте қолайлы болады деп ойлаймыз.
Үзіліс беріледі
Түлектердің ішінде жаратылыстану-математика бағытында тапсыратындарға 240 минут, яғни 4 сағат беріледі. Ал гуманитарлық бағыттағылар үшін одан 15 минут аз, яғни 225 минут уақыт берілмек. Сондай-ақ, компьютерлік тестілеу кезінде екі рет үзіліс жасауына болады. Яғни тестілеуге берілген 120 минут аяқталған соң, үзіліс үшін 15 минут беріледі. Одан кейін бір сағат өткен соң, тағы үзіліс ала алады. Сол уақытта талапкер көзін демалтып не дәретханаға шығып, беті-қолын жуып келсе болады. Тағы бір жаңашылдық, әркімнің уақыты өзінде болады. Ол дегеніміз, «тестілеуді бастау» деп оқушы басқан кезде ғана ол үшін тест басталады. Демек, аудиториядағы басқа оқушылардың уақытына тәуелді болмайды. Бұл да қолайлы. Себебі бұған дейін берілген уақытта жауап парағына белгілеп үлгермеу сынды жағдайлар көп болатын.
Тестілеу арнайы орталықтарда өтеді
Кейбірі электрон форматта өтетінін естіп, үйдегі компьютермен тапсыруға болады деп шатасып жүруі мүмкін. Бұл жерде нақтылай кету керек дүние — сынақтың онлайн өтпейтіні. Оқушылар арнайы тестілеу орталықтарының компьютерінің алдына отырып тапсырады.
Уақытын таңдауға ерік беріледі
Осы жолғы тестілеудің келесі бір ерекшелігі — өтететін мерзімі. Бұрын қай мектептің қай жерде, қай күні тапсыратыны уақыты жақындағанда белгілі болатын. Ал енді ҰБТ тапсыратын күнді оқушы өзі таңдай алады. Бір жағынан, психологиялық және моральдық тұрғыдан көңілі қалаған күнді белгілеу арқылы талапкер өзін жайлы сезіне алатын болар деп үміттенеміз. Осыған дейін Қазақстан бойынша жалпы мерзімі 10 күнде барлығы тапсырып болатын. Биыл ҰБТ үш айға жалғасады.
Екі рет тапсыруға мүмкіндік бар
Жаңа ережелерге сәйкес, оқушылар тестілеудің екі рет тапсыруға құқылы. Яғни екеуінің қайсысында нәтиже жақсырақ болса, университет грантын иелену үшін өткізілетін конкурсқа соны жібере алады. Әзірге белгілісі, бір рет тапсырудың тегін болатыны. Қазіргі таңда екінші тестілеудің ақылы не ақысыз болатынына қатысты мәселе қаралып жатыр. Тіпті ақылы болған күннің өзінде оның бүгіндегі бағасы 2 242 теңгеден аспайды.
Бір аудиторияда — елу талапкер
Пандемия жылында сақтау керек талаптың бірі — аудиториядағы адам саны. Биыл бір залда бір мезгілде 50 адамнан тапсырады. Әр жұмыс орны бөлек қоршалады.
Ел бюджетіне де салмақ аз түседі
ҰБТ-ның ескі форматын өткізу үшін ел қазынасынан 1 миллиард теңге бөлінетін. Ал биылғы электронды форматқа 400 миллион теңге кетеді деседі. Салыстырмалы түрде қаржы үнемдеуге де үлесі тиіп жатыр деген сөз. Қосымша ақпарат айта кетсек, Қазақстанның барлық аймағында 56 тестілеу орталығы жұмыс істейді. Жалпы саны 6000 түлек екі кезеңмен тапсырады. Атап айтқанда, бірінші лек — 10:00 мен 14:00 аралығында, екіншісі 15:00 мен 19:00 аралығында.
IT-қауіпсіздік жоғары деңгейде болады
Тестілеу орталығындағылардың сөзіне сүйенсек, аймақтардағы орталықтармен байланысты жабық VPN-канал арқылы жүргізіледі екен. Оған сырттан бұзып кіру мүмкін деседі. ҰБТ-ны арнайы компьютерлерде ғана тапсырады. Логин пен құпиясөзді басқа адамға беру мүмкін болмайды. Сондай-ақ, тест тапсыратын компьютерлерде флэш-карта мен USB тығатын жер болмайды. Ал идентификациядан өту үшін Face-ID қолданылады. Оқушылардың жеке басы мемлекеттік жеке тұлғалар базасымен сәйкестендіру арқылы тексеріледі. Бұдан бөлек, тыйым салынған заттар, яғни смартфон, шпаргалка сынды заттардың бар-жоғын тексеруге арналған қазақстандық прокторинг жүйесі қолданылады. Егер ондай заттар табылса, оқушы аудиториядан шығарылып, биыл тестті қайтадан тапсыру мүмкіндігінен айырылады. Бағдарлама толықтай тестілеу орталығына тиесілі. Дайындалып жатқан тестілеу базасы қолдан енгізілмейді. Серверде сақталады. Сөйтіп бағдарлама автомат түрде нұсқаларды қолдан құрастырады. Осы копмьютерлік форматтың көмегімен әр оқушының нұсқасы басқа ешкімде қайталанбайтындай етіп жасалады. Мәселен, бұрын бірегей нұсқаның саны 120 мың балаға 1500 болса, енді 130 мың оқушыға арналған 130 мың нұсқа болады екен. Бірінің нұсқасы біріне мүлдем сәйкес келмейді. Жаңа форматтың ерекшелігі де осы деседі.
Қанша алғаныңызды бірден білесіз
Ескі формат бойынша, тест жауабын кешке дейін, тіпті түнге дейін күтуге тура келетін. Ал биыл олай ұзақ уақыт күтудің еш қажеті жоқ. Өйткені ұпайыңызды бірден білесіз. Сонымен қатар, тестілеу аяқталған бойда апелляцияға бере аласыз.
Өзгермеген не қалды?
Сұрақтар саны бұрынғы қалпында қалды. Яғни жалпы саны — 120. Десек те, жекелеген пәндердің сұрақтарында өзгеріс бар. Мысалы Қазақстан тарихынан — 15, математикадан — 15, оқу сауатынан — 20, екі бейіндік пәннен — 35. Бұл дегеніміз басты назарға профильдік бағыттың қойылғанын білдіреді.