Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев туып-өскен қала
Абай қаласы – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың құрметіне аталған. Қарағанды облысында орналасқан шағын шаһар – 2002 жылдан бері Абай ауданының әкімшілік орталығы. Ауданға Топар, Оңтүстік және Қарабас сынды 3 ірі елдімекен, сондай-ақ 33 шағын ауылдар кіреді.«Kursiv» басылымы мен «Шеврон» компаниясының «Нағыз Қазақстан» жобасы аясында автор қаланың қазіргі тіршілігі туралы әңгімелейді.
Абай қаласы Қарабас теміржол станциясынан сегіз шақырым және Қарағандыдан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан. Қала ішінен Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда тас жолы өтеді. Сондай-ақ, оған көршілес жатқан Шахтинск және Саран қалаларына автобус қатынайды.
Егер Қарағандыдан Абайға барғыңыз келсе, онда екі аралықта №146 (Қарағанды-Абай) немесе №122 (Қарағанды-Топар) автобустары жүреді немесе таксимен де жетуге болады
Абай қаласының маңызды кәсіпорындары:
- Абай шахтасы;
- ООФ «Шығыс»;
- Ағаш өңдеу комбинаты;
- Тұрғын үй құрылысы комбинаты;
- Абай тігін фабрикасы (2019 жылы жұмысын қайта бастады);
- Наубайхана;
- «Қарағандыкөмір»;
- Қарағанды ГРЭС-2 (Топар кенті).
Абай қаласындағы тау-кен техникумы және кешкі энергоқұрылыс техникумы орта арнаулы білім береді.
Тұтқындар салған қала
1949 жылы Кеңес үкіметі Қарағанды көмір бассейнінің Шерубай-Нұра бөлігін игеру туралы шешім шығарды. Болашақтағы шахтерлер қаласының орнында Шерубай-Нұра кенті пайда болды. Бұл қала тарихындағы қаралы кезең еді: 1949 жылдан 1957 жылға дейін Шерубай-Нұра кенті құрылысына КарЛАГ пен ПесчанЛАГтың мыңдаған тұтқыны күштеп жұмылдырылды, ал уақыт өте келе бұнда ПесчанЛАГтың бөлімшесі пайда болды.
Тұтқындар 1957 жылға дейін болашақ Абай қаласының алғашқы көшелерін, құрылыс материалдарын жеткізетін темір жол тармағын салды. Тұтқындар жұмыс істеген аудандарда тікенек сым жүргізіліп, күзет мұнараларында қарулы күзет тұратын.
Көмір кен орнын игерген алғашқы жылдарда Шерубай-Нұра кентінен өзге де «шахта қоныстары» да пайда болды: Қараған, Қызыл, Вольный, Новодолинка елді мекендері. Бұнда әркім өз қалауынша салған бір қабатты ағаш және саман үйлер бой көтерді. Қараған кентінің құрамына: Солтүстік Қараған, Оңтүстік Қараған, Жаңа Қараған сынды үш ауыл кірген. Топар шахтасын салған тұтқындардың жатағы Жаңа Қараған болды.
1954 жылы Шерубайбай-Нұра қала типтес кентке айналды.
Ал 1956 жылы кентке Украинадан құрылысшылар топ-тобымен келе бастағанда, ауыл өмірінің жаңа кезеңі басталды.
«Украинаның Ровно қаласында басымыз қосылып, бір топ қыз-жігіт Қазақстанға бет алдық. Қазақстанға 7 күн жүрдік. Біз келген пойызға түрлі ұран ілініп, би билеп, ән салып жеткен едік», – деп еске алады сол жылдары қала құрылысына қатысқан Наталья Музычук.
1961 жылы Шерубай-Нұра қалалық үлгідегі кенті жойылып, ал Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының картасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1961 жылғы 15 тамыздағы Жарлығымен Абай қаласы — ұлы қазақ ағартушысы Абай Құнанбаевтың есімімен аталған шахтерлер шаһары, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев дүниеге келетін қала пайда болды.
Қалаға серпін берген бағдарлама
Кеңес заманында Абайқ қаласы едәуір үлкен шаһар болған. Мәселен, 1989 жылы онда 46 533 адам тұрған.
Қайта құру кезеңі мен КСРО-ның ыдырауы, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау, Қазақстанның күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайы қаладағы шахталар мен басқа да өнеркәсіптік кәсіпорындардың жабылуына әкеп соқты. Қала тұрғындарының ірі қалаларға, Ресей, Германия, Украина сынды шетелдерге көшуі салдарынан, 2005 жылға қарай халық саны екі есе азайып кетті. Сол кездері қалада 27 957 адам тұрды.
Статисткаға сүйесек, кейінгі кездері қала тұрғындарының саны сәл-пәл өсім көрсеткен, 2019 жылғы халық санағының мәліметтері бойынша, қаланы 28 363 адам мекен етеді.
2008-2009 жылдары әкімшіліктің қолға алуы мен тиісті мемлекеттік бағдарламаның арқасында қаладағы демалыс орындары мен аулаларды абатттандыру, көшелерге шам орнату, орталық су желісін ауыстыру басталды.
2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында Абай қаласында қаңырап қалған ғимараттар бұзылып жатыр. Бірінші кезеңде 56 үй сүрілген. Олардың орнына көпқабатты тұрғын үй салынбақ.
«Балабақша, мектеп пен аурухананың қасында қаңырап тұрған үйлер расында қауіпті. Қираған ғимараттың көзін құртып, қаланы көркейте түсеміз», – дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Жакенов.
Абай қаласы Жеңістің 70 жылдығына арнап салынған Жеңіс саябағы, Даңқ мемориалы, интернационалист-жауынгерлер ескерткіші сақталған кеңестік қала көрінгенімен, кейінгі кездегі салынған заманауи сәуслет үлгілері шаһар келбетіне көрік беріп тұр. Айталық, «Бірлік» архитектуралық композициясындағы ұлттық ою-өрнек қазақтың үш жүзінің бірлігін білдірсе, «Қанатты барыс» – «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді даму Бағдарламасының символы.
Қаладағы басты бағдар – үш сәйгүліктен тұратын сәулет үлгісі. Бұл – адалдық символы, бойына сайын даланың бар асыл қасиетін жиған киелі жануарға көрсетілген құрмет. Абай тұрғындары бос уақытын қала саябақтарында, әсіресе аудандық мәдениет үйі алдындағы алаңда өткізеді.
Абайдың мақтанышы
2020 жылы ұлы қазақ ойшылы және ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, ескерткіш-монументі орнатылды. Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев:
«Абай – ұлтымыздың болашаққа деген ұлы жолы, руханиятымыздың алтын діңгегі. Қазақ халқының барлық ұлы қасиеттері Абайдың мұрасында, оның дана ойларында жатыр», – деді.
Фото: facebook.com/serik.sapiyev
Абайлықтардың тағы бір мақтанышы – Олег Маскаев (жоғары салмақтағы әлем чемпионы), Абылайхан Жүсіпов (бірнеше дүркін әлем чемпионы) және Наталья Рагозина (әлем чемпионы, қазір Ресей азаматы болғанымен спорттық мансабын Абай қаласында бастаған) сияқты бокс жұлдыздарын дайындаған жергілікті бокс мектебі.
Десе де қала 2012 жылғы Лондон Олимпиадасынан кейін танымал бола бастады. Бұл олимпиадада Абай қаласының тумасы Серік Сәпиев Олимпиада чемпионы атанады. Содан бері чемпион туған қала ретінде аталады. Серік Сәпиев сондай-ақ, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және Vel Barker кубогының иегері.
Серік Сәпиевтің жеңісінен кейін Қазақстан Республикасының бокс федерациясы Бокс орталығы құрылысын қолға алды. Қарағандыдағы бокс орталығына Серік Сәпиевтің есімі берілді.
Абай ауданы
Абай қаласы – 2002 жылдан бері Абай ауданының әкімшілік орталығы. Оған кіретін Топар ауылы және Жартас ауылының аты да біраз жерге таныс.
Топар елдімекені – бұрынғы аудан орталығы. Қазір мұнда тоғыз мыңнан астам адам тұрады. Бұл электр энергиясы мен жылуының арзандығымен аты шыққан ауыл. Топарда кеңестік кезеңнің бірқатар мұрасы сақталған. Жасыл желегі мол Топардың орталығында «Энергетиктер үйі» бар. Ауылдың орталық көшелері күтім көретіні байқалып тұр, тегіс те таза.
Топар кентінен үш шақырым жерде Қазақстан бірыңғай энергетикалық жүйесінің солтүстік аймағына кіретін, ұлттық маңызы бар электр станция – Қарағанды ГРЭС-2 орналасқан. Кеңес заманында ол мемлекет меншігінде болған, қазір «Қазақмыс» компаниясының иелігінде. ГРЭС-2 өндірген электр энергиясы компанияның Қарағанды, Жезқазған және Балқаш өңірлеріндегі кәсіпорындарынын қамтамасыз етуге жұмсалады. Одан артылғаны нарыққа шығарылады.
Су электр станциясының кезіндегі қосалқы шаруашылығын қалпына келтірліп, орнына салынған жылыжай кешені – аудандағы маңызды кәсіпорынның бірі. Кешен Топардың 300 тұрғынын жұмымпен қамтып отыр. 2011 жылы заманауи өсімдік өсіру технологиялары, тамшылатып суару енгізілгелі, «Топар жылыжайы» ЖШС-ы сала көшбасшысы атанды. Бүгінде бұл жылыжайда қызанақ, қияр, қызыл бұрышпен қатар, папайя, грейпфрут, анар, апельсин, мандарин сияқты экзотикалық өсімдіктер өсіріліп, Қазақстан ғана емес, Ресей нарығына да шығарылады.
Топар көлі, нақтырақ айтсақ, көлемі 274 миллион текше метр болатын Топар (Шерубай-Нұра) су қоймасы 1960 жылы салынған. Қойма көп жылдық су қорын реттеп, жер суаруға пайдаланылады,сондай-ақ, №2 Қарағанды гидроэнергетикалық станциясы энергия өндіреді.
Көл бүкіл облысқа дамалыс аймағы ретінде танымал. Топар су қоймасы жағасында «Тихий залив», «Алтынқұм», «Бахыт» сынды демалыс орындары бар. Олардың басым бөлігі қысы-жазы жұмыс істейді.
Тағы бір көрікті демалыс орны – Жартас су қоймасының жағалауындағы орман-саябақта орналасқан «Жартас» шипажайы. Бұл шипажай Абай ауданы мен Қарағанды облысы тұрғындары арасында кеңінен танымал.