Тауар таңбалау көлеңкелі экономиканың жолын кесе ме?
Көлеңкелі сауда-саттықтың өрістеуі экономика үшін қашан да қауіпті. Себебі, қанша ақша жасырын жолмен жүреді және ел қазынасына түспейді. Осы орайда үкімет түрлі жобаларды қолға алуда. Алайда бизнес-қауымдастық оның барлығын қабылдай да алмайды. Себебі, мемлекеттің дұрыс деп тапқан нұсқасы қарапайым кәсіпкерлер үшін қолайсыз болуы мүмкін.
Біраз уақыт бұрын мемлекет осы уақытқа дейін емін-еркін жұмыс істеп келген шағын дүкендердің өзін 2D сканер сатып алуға, сөйтіп темекі өнімдерін таңбалауға міндеттеген. Бұл жаңалық шыға салысымен әсіресе, үй жанындағы дүкендер шу көтеріп, бұл бастаманы іске асыру олар үшін қып-қызыл шығын екенін мәлімдеген еді. Кейінірек, мемлекеттік кірістер комитеті темекі өнімдерін сату үшін қымбат жабдық сатып алудың қажеті жоқ, электрондық-цифрлық қолтаңбаны пайдалану арқылы markirovka.kz сілтемесі бойынша тауарларды таңбалаудың ақпараттық жүйесінде тіркелу жеткілікті екенін жария етті.
Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, 2D сканердің дұрыс жұмыс істеуі үшін онлайн-БКМ тауарлар номенклатурасын қосу қажет. Ал тауарлар номенклатурасын жаңартуға қосымша шығындарды болдырмау үшін www.ismet.kz сайтында онлайн-БКМ тауарлар номенклатурасын өз бетінше қосу бойынша нұсқаулықтар орналастырылған. Тауарлар номенклатурасын жаңартқаннан кейін 2D сканер сандық таңбалауды дұрыс оқиды. 2D сканердің құны 25 мың теңгеден бастап 100 мың теңгеге дейін екен.
Осы орайда 2D сканерге балама «Naqty Sauda» тегін мобильді қосымшасы шығарылып отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлерді қолдау және мәселелерді талқылау үшін «Markirovka Qoldau» тelegram-чаты белсенді жұмыс істейді. 2021 жылғы 18 ақпаннан бастап тауарларды таңбалау жөніндегі бірыңғай оператор «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, ТТҚ АЖ-мен жұмыс жасау бойынша арнайы оқыту бағдарламасын іске қосты. Тауарларды таңбалау мәселелері бойынша тәулік бойы 8 800 080 6565 тегін «шұғыл» желі жұмыс істейді.
Тауарлардың бөлшек саудасымен айналысатын салық төлеушілер, оның ішінде «үй жанындағы дүкендер» үшін тауарларға ілеспе жүкқұжат бойынша заңнамада ерекше ережелер белгіленген. Мұндай салық төлеушілер ешқандай виртуалдық қоймалар жасамауы керек. Олар тек сатып алынған алкоголь өнімдеріне немесе темекіге арналған ТІЖ растайды. Мұндай рәсімді Play MARKET-те қолжетімді ЭШФ АЖ тегін мобильді қосымшасының көмегімен жүзеге асыруға болады. Ол үшін мобильді қосымша бар, ал бейнесабақтар түріндегі пайдаланушы нұсқаулығы ведомствоның сайтында орналастырылған. Қалған тауарлар бойынша алынған өнімді растау талап етілмейді.
«Тауарларды өткізу бойынша онлайн-БКМ чектерін басып беру қажет. Мұндай өткізулер үшін ТІЖ ресімдеу талап етілмейді. Мұндай салық төлеушілердің виртуалдық қоймасында онлайн-БКМ чектері бойынша өткізілген тауарларды есептен шығармау заңнаманы бұзу болып табылмайды» деді Іңкәрбаев.
Сондай-ақ комитет өкілі тауарларға ілеспе жүк-құжат тауарлар айналымының шекарадан бөлшек саудаға дейінгі бақылануын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтады. Оның айтуынша, кедендік ресімдеу (АСТАНА-1) және Электрондық шот-фактуралар (ЭШФ АЖ) бойынша ақпараттық жүйелер сатудың барлық тізбегін бақылауды қамтамасыз ететін болады. Қазіргі уақытта осы жүйенің пилоттық жобасы жүргізілуде. Бұл процесте қолданылатын барлық жүйелерді қалыпқа келтіру үшін айыппұлдар мен басқа санкциялар қолданылмайды.
«Салық төлеушілердің көптеген өтініштері бойынша пилоттың мерзімі: акцизделетін тауарлар бойынша – 2021 жылғы 1 шілдеге дейін; ЕАЭО-дан әкелінетін/ЕАЭО-ға әкетілетін тауарлар бойынша – 2021 жылғы 1 шілдеге дейін; виртуалдық қойманың тауарлары бойынша – 2021 жылғы 1 қарашаға дейін кейінге шегеріледі» деп хабарлады Іңкәрбаев.
Оның сөзінше, тауарларға ілеспе жүк-құжат енгізу көлеңкелі тауар айналымының жолын кесу үшін пәрменді шара болып табылады, себебі жалған жүк алушыларға, банкроттарға және таратылған тұлғаларға ТІЖ ресімдеу мүмкіндігі болмайды. ТІЖ сондай-ақ жалған транзит фактілерінің алдын алуға ықпал етпек.
Айта кетейік, шағын орта кәсіпкерлікті салық салудан толық босатылғанына қарамастан, көлеңкелі айналымдардың үлесі елеулі болып қалатынын атап өткен жөн. Оған дәлел онлайн-бақылау-кассалық машиналарды қолданбау және чектерді басып бермеу болып отыр.
Келешекте дәл осы тауарларға ілеспе жүк-құжаттар басқа құжаттарды алмастырады. Атап айтқанда, акцизделетін тауарларға ілеспе жүкқұжаттар, тауарларды тарапқа беруге арналған жүкқұжат, тауар-көлік жүкқұжаты, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгені туралы өтініш. ТІЖ толығымен электронды түрде рәсімделетіндіктен, қағаз құжат айналымы болмайды. Тиісінше, қағазға, принтерлерге жұмсалатын шығындар, қағаз құжаттарын сақтауға арналған мұрағаттарды жеткізуге және ұстауға жұмсалатын шығындар азаяды. Цифрлық шешімнің басты артықшылығы – уақыт үнемдеу.