Жаңалықтар

Аутизмі бар балаларға медициналық көмек көрсету тәсілдері өзгереді

ДДСҰ дерегінше балалардың 0,6%-ы аутистік спектр бұзылуынан зардап шегеді

Елімізде аутизмге шалдыққан балаларға медициналық көмек көрсету қағидаттарына өзгерістер енгізілмек. Өзгерісті республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы үкіметтік емес ұйымдардың серіктестерімен бірлесіп ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының қолдауымен жүзеге асырмақ. 

«Бағдарламаның мақсаты және күтілетін нәтижелер ата-ана мен баланың оңтайлы өзара іс-қимылын дамыту, балалар-ата-ана қатынастарын нығайту; бірлескен тартымдылық пен өзара қарым-қатынасты дамыту; мінез-құлықты басқару дағдыларын жақсарту арқылы жағымсыз мінез-құлықты азайту; бейімделу дағдыларын дамыту және отбасы өміріне қатысу; стрессті басқару дағдыларын дамыту, проблемаларды шешу және жалпы ата-аналардың әл-ауқатын жақсарту болып табылады. Қазіргі уақытта халықаралық сарапшы ретінде каскадтық оқыту үшін мастер-тренерлер оқытылуда» дейді орталық бас директоры Николай Негай. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша 160 баланың бірі немесе балалардың 0,6%-ы аутистік спектрдің бұзылуынан (АСБ) зардап шегеді. 

Қазақстанда соңғы 13 жылда АСБ бар балалар санының айтарлықтай өскені байқалады (2008 жылғы 37-ден 2020 жылы 756-ға дейін). Бұл 
•    скрининг әдістерін енгізу; 
•    мамандарды оқыту; 
•    алғашқы медициналық-санитарлық көмек; 
•    көмекке қол жетімділіктің артуы сияқты әр түрлі факторларға байланысты. 

Николай Негайдың айтуынша, қазіргі таңда медициналық ұйымдардың қызметіне жаңа диагностикалық құралдар мен алгоритмдерді енгізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. 

«Өзін-өзі диагностикалау мақсатында Modified Checklist for Autism in Toddlers, Revised (m-CHAT-R) – балаларда аутизмді анықтауға арналған модификацияланған скринингтік тест енгізілуде. Бұл – ата-аналар толтыратын сауалнама. Ол АСБ көріністеріне жоғары сезімталдыққа ие, оның нәтижелері бойынша балада АСБ болу қаупі белгіленеді. Бірақ бұл скринингтік әдіс екенін атап өткеніміз жөн. Сауалнаманы денсаулық сақтау министрінің «Скринингті ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына және «Қазақстан Республикасында педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізе отырып, скринингке енгізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта АСБ диагностикасының алтын стандарттарын енгізу бойынша іс-шаралар жоспарланған: ADOS-2 (Autism Diagnostic Observation Schedule) және ADI-R (Autism Diagnostic Interview). Бұл әдістеме 2017 жылы ДСДРО медициналық технологияларын бағалаудан өтті және Қазақстанда қолдануға ұсынылды» дейді сарапшы.

Аутизмі бар балаларға арналған 20 стационарлық бөлімшеде 500-ден артық төсек-орын дайындалады. Бірақ ауруханаға жатқызылған балалар санының 20%-ға төмендегені байқалады. Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары Олжас Ысқақовтың айтуынша, ауруханаға жатқызу көрсеткішінің азаюы әлеуметтік медициналық сараптама (ӘМС) ресімдеу кезінде тексеруге, балаларға арналған стационарды алмастыратын көмекті күшейтуге және жеке емдеу тәсіліне байланысты. Бұл ретте анықталатын пациенттер санының өсуі және контингенттің ұлғаюы ескерілген.

«Денсаулық сақтау ұйымдарында балалар психиатрларының саны 65-тен 97-ге дейін, яғни 49%-ға артты. Министрлік соңғы екі жылда «психиатрия» бағыты бойынша бюджеттік гранттардың санын көбейтті. 2021 жылы 150-ден астам резидент шығарылады деп күтілуде, олардың 20%-дан астамы балалар психиатриясы саласында жұмыс істеуді жоспарлап отыр. 2019-2020 жылдар аралығында алғашқы медициналық-санитарлық желі мен психикалық денсаулық қызметінің 1592 маманы, ал 2021 жылдың 1-ші тоқсаны кезеңінде аутистік спектрдің аурулары бар балаларды ерте диагностикалау мәселелері бойынша, оның ішінде шетелдік оқытушылардың қатысуымен 112 маман оқытылды» деді министрлік өкілі. 

БҰҰ шешіміне сәйкес, 2008 жылдан бастап 2 сәуірде – әлемде аутизммен ауыратын балалар мен ересектердің проблемаларына қоғам назарын аудару және олардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін жағдай жасауға үндеу мақсатында аутизм туралы ақпарат тарату күні аталып өтіледі. 

Балалық аутизм – бұл 3 жасқа дейінгі жастық кезеңде білінетін, ауытқымалы және/немесе бұзылған дамудың болуымен, әлеуметтік өзара іс-қимыл, қарым-қатынастың және шектеулі, қайталанатын мінез-құлықтың барлық үш саласында ауытқымалы қызмет етуімен айқындалатын дамудың жалпы бұзылуы. 

Аутизм спектрінің бұзылуының (АСБ) себептері туралы бірыңғай тұжырымдама жоқ. Қазақстанда және бүкіл әлемде сырқаттанушылықтың өсуінен, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау ұйымдарының белсенді өзара іс-қимыл жасау қажеттілігіне байланысты АСБ аса өзекті болып отыр. Мұндай дерті бар балаларға көмектесу үшін министрлік келесідей шаралар тізбегін орындауды жоспарлап отыр: 

  • Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, кейіннен абилитациямен және оңалтумен ерте диагностиканы қамтамасыз ету;
  • Білім беру; 
  • Әртүрлі сипаттағы қызметтерге қол жеткізу; 
  • Жұмысқа орналастыру; 
  • Тіршілікті қамтамасыз ету; 
  • Әлеуметтік қолдау және көмек көрсету; 
  • Бейімдеу және басқа да мәселелерді шешу; 
  • АСБ-мен ауыратын адамдарға күтім жасайтын адамдардың стигмасын азайту және мүмкіндіктерін арттыру.