Жаңалықтар

Бала мен әйел құқығы қашанғы бұзыла береді?

5 мыңнан астам жасөспірім полиция есебінде тұр

Бала құқығы мәселесі қай елде де өзекті. Бұл тақырып Қазақстанда да арагідік көтеріліп тұрады. Ресми мәліметтер бойынша соңғы жылдары елімізде бала құқығына қол сұғу деректері біршама азайған. 

Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюктің айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар 15,4%-ға төмендеген.

«Кәмелетке толмағандардың денсаулығына ауыр зиян келтіру саны, тонау, қарақшылық, ұрлық және бұзақылық азайды. Дегенмен, жақындары тарапынан балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасау фактілері проблемалық мәселе болып қалып отыр» дейді ол. 

Министрлік өкілінің сөзіне сүйенсек, кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық көрсету фактілері азаймай тұр. 

«Полиция кәмелетке толмағандардың ерте жүктілігі фактілерін денсаулық сақтау органдарымен салыстыру кезінде жыныстық сипаттағы қылмыстық қол сұғушылық фактілерін анықтады. Қылмыстардың 40%-ға жуығы өзара келісім бойынша 16 жасқа толмаған адамдармен жыныстық қатынасты құрайды. Қазіргі уақытта полиция есебінде 5 мыңнан астам жасөспірім және 7 мыңнан астам қолайсыз отбасы бар, оларда 11 мыңнан астам бала тәрбиеленуде» дейді Милюк.

Ол дәл осы жыныстық қылмысқа қатысты заңнаманың жаңа тармақтарына да тоқталады. Жаңа өзгерістер бойынша «педофилдерді» шартты түрде соттауға, қылмыстық жауапкершіліктен босатуға, мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынған. 

Басқа өзгерістер төмендегідей: 

•    Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің кәмелетке толмағандардың құқықтарын бұзу фактілері туралы Құқық қорғау органдарына хабарламағаны үшін жауапкершілік енгізілді;

•    Татуласу құқығын алып тастай отырып, балаларды зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін жаза мерзімі 12 жылдан бастап өмір бойына ұзартылды (бұрын 10 жылдан басталған);

•    Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарды жасырған адамдарға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген (бұрын егер іс-әрекет ауыр қылмысқа жатпаса, онда жауаптылық көзделмеген);

•    Қылмыстық топтың кәмелетке толмағандарды саудалағаны үшін жазаны қатайтуға, кәмелетке толмаған адамды ҚР шегінен тыс жерге заңсыз әкетуге қатысты қылмыстарға жаза қатаңдатылды; 

•    Жас баланы өлтіргені, оны өз-өзіне қол жұмсауға жеткізгені, кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылықтар, қоғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға тартқаны және жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін жауаптылық қатаңдатылды;

•    Өткен жылдың желтоқсанынан бастап қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде кешірім және мерзімінен бұрын босату құқығынсыз педофилдерді ұстау көзделген.

«Азаматтық қоғам институттарының, мүдделі мемлекеттік органдардың белсенді қатысуымен пысықталатын осы және басқа да шаралар, біздің ойымызша, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы ахуалды елеулі жақсартуға және құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге ықпал етуі тиіс» дейді спикер.

Жанжалдасудан зардап шеккендер 102 нөмірі бойынша немесе арнайы мобильді қосымшада, сондай-ақ телефон арқылы код сөзді айтып, көмек сұрай алады. Осы мақсатта полиция үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық арттыруға мүдделі болып отыр. Қазірдің өзінде 40-қа жуық дағдарыс орталығы зардап шеккендерді әлеуметтік оңалту бойынша полицияға көмек көрсетеді, олардың 30-ында баспана бар. 

Өткен жылы полиция қызметкерлері өмірлік қиын жағдайға тап болған 11 мыңнан астам әйелді дағдарыс орталықтарына жіберіп, сенім телефондары бойынша 8 мыңнан астам кеңес берілген. Ал «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы барысында өткен жылдың желтоқсан айында 17 мыңнан астам есепте тұрған азамат тексерілді, оның ішінде 11 мыңы – бұзақылар.

Соңғы 5 жылда әйелдер құқығына қол сұғатын қылмыстардың саны екі есе, ал балаларға қатысты қылмыстардың саны үштен бірге қысқарған. Карантин және қатаң оқшаулау жағдайында тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасы шиеленісе түсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мұндай қылмыстардың саны 4,7% – ға өсті. Бұл ретте тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы санынымен алып қарайтын болсақ, отбасылық-тұрмыстық қылмыстың жоғары емес үлесі сақталып отыр және бар болғаны 1%-ды құрайды. 

Алексей Милюктің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің жартысынан астамы әйелдер және 6,4%-ы  кәмелетке толмағандар болып табылады. Әдетте, мұндай құқық бұзушылықтардың жартысы мас күйінде жасалады.

«Отбасылық жанжал шығарып жауапкершілікке тартылған азаматтардың 81%-ы еш жерде жұмыс істемейді. Алдын алу шаралары туралы айта отырып, полицияның қолында «отбасылық жанжалдарға» әсер етудің белгілі бір тетіктері бар екенін атап өткім келеді, бұл оларға жеке алдын алу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылық тудыру қаупі бар адамдардың сырт ортамен байланысуына 1 айға дейін тыйым салатын қорғаныс ережесі. Шектеулерді бұзған жағдайда, құқық бұзушы 5 тәулік мерзімге әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай шешімдердің қолданылу мерзімі 3 айдан 1 жылға дейін белгіленуі мүмкін» деп атап өтті спикер.