Биыл шағын және орта бизнеске қандай көмек көрсетіледі?
Мемлекет шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді одан әрі жалғастырмақ. Былтырғы – несие төлемін кейінге шегеру көмегі, биыл да ұсынылмақ. Алайда бірнеше айлық бұл көмек бизнестің жағдайын шеше ме, әлде бәз баяғы қалпында қалдыра ма, ол жауабы қиын сұрақ болып отыр.
1 сәуірде мемлекет басшысы экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ кредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырған еді. Іле-шала қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен бірлесе отырып, шағын және орта бизнес субъектілерінің қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру тәртібін әзірледі. Тәртіпке сәйкес 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін кәсіпкерлік мақсатта берілген банк қарыздары мен микронесие төлемдерін кейінге қалдыру бойынша көмек жасалады.
ШОБ санатына жататын кәсіпкерлер осыған байланысты өз өтініштерін 2021 жылдың 30 маусымына дейін ұсынып үлгеруі тиіс.
«Өтінішті еркін нысанда электрондық поштаның, «банк-клиент» онлайн-жүйесінің, интернет-ресурстың, мобильді қосымшаның немесе басқа да байланыс құралдарының көмегімен беруге болады. Төлемдерді кейінге қалдыру мерзімі қарыз алушының таңдауы бойынша 30 күннен 90 күнге дейін құрайды. Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде дара кәсіпкерлерге төлем мерзімін кейінге қалдыру субъект экономиканың зардап шеккен салаларында (экономикалық қызметтің 346 түрі қамтылған) қызметін жүзеге асырған кезде қосымша құжаттарды ұсынбай берілетін болады. Орта кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде дара кәсіпкерлерге төлем мерзімі шектеулі карантиндік шаралардың қолданылуы салдарынан субъектінің қаржылық жағдайының нашарлағанын куәландыратын, қарыз алушы және кредиттік ұйымның жеке бағалауы растайтын факторлар болған кезде кейінге қалдырылады» делінген ресми хабарламада.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, кәсіпкерлерге жәй ғана үш айға төлемдерді кейінге шегеру мүмкіндігін ұсыну проблеманы шешпейді. Керісінше, одан әрі тереңдете түсуі мүмкін.
«Төлемді кейінге шегеру – қарыз жүктемесінің көбейіп кетуіне әсер етеді. Кейінге қалдыру мерзімі біткен соң банк жинақталған соманы негізгі қарызға қосып, қалған мерзімде төлем көлемі тек өсе береді. Бұл онсыз да шаруасы шатқаяқтаған кәсіпорындарға қауіп төндіреді. Сондықтан жәй кейінге қалдыру беріп қана қоймай, сонымен қатар ШОБ-қа ағымдағы төлемдер мөлшерін сақтау үшін несиелік келісім шарттың мерзімін автоматты түрде ұқсас мерзімге ұзарту құқығын ұсынамыз. Соған орай банктердің кейінге қалдырылған төлемдерді негізге қарызға қосуына жол бермей, мұны ШОБ-тың зардап шеккен секторлары үшін берілетін несиелік каникул деп атау керек» дейді депутат.
Қазіргі таңда Қазақстанда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1 млн 300 мыңнан асқан. Алайда отандық шағын және орта бизнес ЖІӨ-нің шамамен 30 пайызын құрайды. Бұл әрине, өзге дамыған елдермен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш. Отандық бизнесте экспорт, технологиялық стартап және өндіріске негізделген кәсіпорындардың аз болуы, кәсіпкерлердің негізінен алып-сатарлық сауда жүйесіне арқа сүйеуі ШОБ-тың дамуын тежеп тұрған елеулі фактор секілді. Осыған орай сенат төрағасы Мәулет Әшімбаев та пікір білдірген.
«Экономикадағы ШОБ үлесін арттыру үшін бұл секторды көлеңкеден шығарып, сапасын көтеріп, әртараптандыру қажет. Соңғы жылдары орта кәсіпкерліктегі кәсіпорындар санының азаюы байқалады. 2015-2019 жылдар аралығында қысқару көлемі 13 пайызға жеткен. Сонымен қатар, орта кәсіпорындар ең өнімді болып табылады. ШОБ секторының тек 0,2%-ын құрайтын олар шағын және орта бизнестің жалпы көлемінің бестен бір бөлігін өндіреді. Мемлекеттік қолдау орта кәсіпорындар санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті дамытуға және «орта салмақ санатына» көшуге бағытталуы керек» деген еді Әшімбаев.