Жаңалықтар

Дербес деректер қалай тарайды?

Қазақстандықтардың кейбір жеке мәліметтері желіде ашық жүр

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (ЦДИАӨМ) дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша ҚР заңнамалық актілеріне енгізілетін  түзетулердің екінші нұсқасын әзірледі. Бұл  құжат Ашық НҚА порталында жарияланған. Құжатты жария талқылау 23 сәуірге дейін жалғасады.

ЦДИАӨМ ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіхалықов 13 сәуірде өткен баспасөз мәслихатында дербес деректер түрлі жолмен тарап жатқанын айтты.  Мәселен «артық» деректер Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында, сондай-ақ ТАӘ, ЖСН, туған күні мен  туған жері, сот шешімдері және т.б. жарияланған жеке интернет-ресурстарда жарияланып келеді.

«Осы себепті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ жеке интернет-ресурстарға қатысты артық деректерді жалпыға қолжетімді ресурстарда жариялаудың жолын кесу бойынша шаралар қабылдадық. Атап айтқанда, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеушіні іздеу» сервисіндегі ТАӘ теру кезінде ЖСН ұсыну бөлігінің жұмыс реттелді. Қазіргі уақытта сервис тек жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды іздеуге мүмкіндік береді. Заңсыз алынған дербес деректерді таратқан екі жеке интернет-ресурс әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК (1 АЕК = 2917 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды» деді ол.

Сонымен қатар, Әбдіхалықов қазақстандықтар  түрлі  сайттарда, соның ішінде мемлекеттік сайттарда, тұрғын үйлердің кіреберісінде және WhatsApp-чаттарда дербес деректері тарап жатқанына шағымданады деп атап өтті.

Сондай-ақ, тұрғын үй-құрылыс кооперативтері, меншік иелері бірлестіктері және коммуналдық қызметтер көбінесе мүлік иелерінің аты-жөні, мекен-жайы мен телефондары көрсетілген борышкерлердің тізімін көппәтерлі үйдің кіреберісіне жабыстырып, ортақ чаттарда таратады.

«Мұндай деректерді тарату артық, егер ол алаяқтардың қолына түссе, адамға қандай да бір зиян мен шығын келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін. WhatsApp мессенджері чаттарында тұрғындардың дербес деректерін заңсыз таратқаны үшін елордалық тұрғын үй кешенінің екі басқарушы ұйымы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 20 АЕК көлемінде әкімшілік жаза қолданылды» деді ол.

Сондай-ақ уәкілетті органға дербес деректерді қандай да бір тәсілмен заңсыз таратқан жекелеген адамдардың үстінен шағым түсіп жатады. Мысалы, лауазымды тұлғалар дербес деректері бар құжаттарды үшінші тұлғаларға заңсыз тапсырып немесе сақтық шараларын сақтамайды, соның салдарынан дербес деректер жайылып кетеді. 

Әбдіқалықов  сондай-ақ, жеке және лауазымды тұлғалардың оларға тиесілі ЭЦҚ-ны үшінші тұлғаларға заңсыз беру фактілері бойынша Комитетке көптеген шағымдар келіп түскенін атап өтті.

«Олар жұмыстан шығып кеткен қызметкерлердің ЭЦҚ-ларын жоймайды. Оларды өзге қызметкерлерге береді. Осындай істердің нәтижесінде тұлғалардың ЭЦҚ-лары заңды қолданылмады. ЭЦҚ беру бойынша бізде әкімшілік іс қозғалады. 15 АЕК мен 50 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған» деді Р. Әбдіхалықов.

Оның айтуынша, 2020 жылы 30-дан астам ЭЦҚ-ны заңсыз беру дерегі тіркелген. 2021 жылы 6 іс қозғалса, оның 3-еуі өндірісте.  Осыған байланысты Әбдіқалықов қазақстандықтарды ешбір жағдайда өз ЭЦҚ-сын басқа  адамға бермеу және оны қараусыз қалдырмау, сондай-ақ, ЭЦҚ-ны үшінші тұлғаларға беруді талап етуге ешкімнің құқығы жоқ екенін есте сақтауға шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы 2020 жылы Қазақстан Бас прокуратурасының ақпараттық жүйесінен деректер таралып кеткені туралы ақпарат жариялаған болатын.