Әйелдер ипотекасы басталды. Шарттары қандай? Кімдер қатыса алады?
12 сәуірден бастап елімізде «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бастамашы болуымен әйелдер ипотекасы ресми түрде басталды. Жаңа бағдарлама Азия Даму Банкінен 38 миллиард теңге қарызға алынған қаражат есебінен жүзеге асырылады және әйелдердің тұрмыстық жағдайларын жақсартуға арналады. Жаңа жобаға «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы деген атау берілген.
Бағдарламаға кәмелеттік жасқа толған, 65 жасқа дейінгі Қазақстан азаматы қатыса алады. Оның айлық отбасылық табысы 320 мың теңгеден артық болмауы керек. Ипотеканың ең ұзақ мерзімі – 25 жыл.
Тұрғын үй таңдау бойынша ешқандай шектеу қойылмайды: әйелдер бірінші және екінші нарықтағы үйлерді де таңдай алады, сонымен қатар үлескерлік қатысу келісімшарты бойынша да баспана таңдауға құқылы.
- Айлық табысы 200 мың теңге болған жағдайда тұрғын үй алуға арналған максималды займ – алынған тұрғын үйдің 85 пайызы.
- Айлық табысы 200 мыңнан 320 мың теңгеге дейін болған жағдайда – алынған тұрғын үйдің 80 пайызы.
- Тұрғын үй сатып алудың максималды бағасы – 30 млн теңге.
Сонымен қатар тұрғын үйді жөндеу жұмыстарына максималды сома – 3 700 000 теңгеге дейін. Яғни, қаражатты жылжымайтын мүлікті жөндеуге пайдалануға болады. Бұл мақсатқа қарыз 3 700 000 теңгеден аспауы тиіс. Шарт бойынша клиент жөндеу жүргізілетін тұрғын үйдің меншік иесі болуы қажет.
Несиелеудің басты шарттары:
- Займ бойынша пайыздық ставка – 12 пайыз (Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – 12,2 пайыздан), әрі қарай 5 пайызға төмендеуі мүмкін (ЖТСМ 5,2 пайыздан);
- Алғашқы төлем – 15-50 пайыз;
- Алғашқы займ мерзімі – 6 айдан 10 жылға дейін.
- Бағдарлама аясында 4000 әйел тұрғын үй жағдайын жақсартады деген болжам бар.
Бағдарламаның артықшылықтары:
- Бастапқы нарықта (жаңа ғимараттарда) және екінші нарықта тұрғын үй жылжымайтын мүлігін сатып алуы;
- Басқа жылжымайтын мүлікке меншік құқығында шектеулер жоқ;
- Екі адамға дейінгі қарыз алушыларды тарту;
- Салықтық жеңілдіктер.
«Отбасы банк» үшін отбасылық құндылықтар, оның ішінде әйелдердің экономикалық белсенділігінің артуы, жеке үйі бар әйелдер санының көбеюі өте маңызды. Мысалы, 2019 жылы басталған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 10 мыңға жуық займ берілді. Осы бағдарламаның 92 пайыз қарыз алушысы – әйелдер. Бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі 12 пайыз. Тұрғын үй қарызына ауысқан кезде несие мөлшерлемесі жылдық 3,5 пайызға дейін төмендейді. Атыңыздағы баспананың бар жоғы маңызды емес» делінген банк хабарламасында.
Соңғы деректер бойынша елде ипотекалық займдар бойынша қарыз алушы әйелдер үлесі 48 пайызды құрайды. Ал «Отбасы банк» несие портфеліндегі әйелдер үлесі ерлерден жоғары.
«Отбасы банк» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, әйелдердің алғашқы төлемі 20 пайыз мөлшерінде бағдарлама жасау туралы өтінішінен соң әйелдер ипотекасы идеясы туындаған.
«Үйлерді екінші нарықтан да таңдауға болады. Екінші нарықтағы баспананы мектеп, балабақшаның немесе әйелдің жұмыс орнының жақындығына орай таңдауға мүмкіндік бар. Соңғы 5 жылда біздің банктегі әйелдер ерлерге қарағанда белсенді түрде несие алады. Олардың банктің несиелік портфеліндегі үлесі өзгерген жоқ – 55-57 пайызды құрайды» дейді Ибрагимова.
Өтінімді қалай беруге болады?
Бағдарламаға қатысып, баспаналы болу үшін банкке өтініш қалдырып, депозит ашу керек. Несие мерзімі ішінде ипотека алдын ала қарыздан тұрғын үй қарызына (жылдық 5 пайыз) ауыстырылады.