«Ashyq» жобасынан қандай бизнес нысандары шығарылып тасталады?
Қазір еліміздегі бірқатар кәсіпкерлік нысандарында «Ashyq» пилоттық жобасын іске асыру жалғасып жатыр. 26 ақпаннан бастап жоба фитнес-клуб, спа-орталық, сауна, бассейн, компьютерлік клуб, боулинг клубтары сияқты қызмет түрлерін ұсынатын объектілерде қолға алынды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, қосымшаны қазірге дейін 175 мың пайдаланушы жүктеп алған, ал жобаға 437 нысан тартылған. «Нәтижесінде, тәулігіне 34 000-ға жуық фиксация бар, 347 «қызыл» келуші анықталды. «Бұл карантиндегі адамдардың өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғанын көрсетеді» деді Шоранов.
«Ashyq» жобасын пайдалана алатын қызмет түрлері кезең-кезеңмен кеңейтіліп, 26 сәуірден бастап еліміздің барлық өңірлерін қамтымақ. Сондай-ақ «Ashyq» жобасын енгізу, жобаға жаңа қатысушыларды қосу және объектіде жобаға қатысуға қойылған талаптарды бұзу жағдайы расталса, жобадан шығарып тастау алгоритмдері бекітілді, егер объект 3 күннен артық уақыт келушілерге check-in жүргізбесе, жобаға қатысушыны алып тастау көзделген. Қолданыстағы жұмыс алгоритмін бұзған қатысушы жобаға 2 аптадан кейін ғана орала алады.
«Біз эпиджағдайдың тұрақталуы мен іскерлік белсенділіктің артуы арасында баланс орнатқымыз келеді. «Ashyq» сол мақсатта жұмыс істейді. Караоке-бар бойынша бірқатар шектеулер қарастырылып отыр. Олар тек жоба аясында жұмыс істейді» дейді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова.
Министрлік өкілі 1 сәуірден бастап вакцинациялауға жататын адамдар санаты кеңейтілгенін айтты. Бүгінгі таңда бірінші компонентпен– 435 393, екінші компонентпен 107 121 азамат егілген.
«Сәуір айынан бастап өңірлерге «Спутник V» вакцинасының 923 мыңнан астам дозасы жеткізілді, сәуір айының соңына дейін 910 мың доза, басқа өндірушілерден 500 мың доза және 25 мың «QazCovid-in» вакцинасын жеткізу көзделген, бұл еліміздің 2 млн азаматын вакцинациялауға мүмкіндік береді. Халық үшін вакцинацияның қолжетімділігін арттыру және егу процесін жеңілдету мақсатында ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен адамдар көп шоғырланатын жерлерде – ұйымдасқан ұжымдарда, СОО, базарларда және басқа да қоғамдық орындарда коронавирус инфекциясына қарсы иммундауды ұйымдастыру жөніндегі ұсынымдар бекітілді» деді Шоранов.
Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтың айтуынша, вакцина жұмыстарына ведомствоға қарасты биологиялық бейіндегі институттар түгел жұмылдырылған.
«19 наурызда британдық және оңтүстік африкалық КВИ штамдарын алдық. Институт поливалентті вакцина жасауды қолға алды. Бұл деректер отандық жобаны жетілдіру үшін қажет болады. Әдетте, поливалентті вакциналар тұмауға қарсы қолданылады. Тұмау үнемі мутацияланып отырады және вакцинаның тиімділігін арттыру үшін үнемі үздік нәтиже іздеу керек» деді салалық ведомствоның вице-министрі.
Марат Шорановтың айтуынша, Қазақстан соңғы екі апта бойы «қызыл аймақтан» шыға алар емес. 14 сәуірдегі жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 276 054 науқас және КВИ-мен 51 539 жағдай тіркелді. КВИ+ бар 237 446 және КВИ- 50 304 науқас сауығып кетті.
«Сәуір айында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлағаны байқалады, ай басынан бері 29 200 науқас тіркелді, наурыздың сәйкес мерзімімен салыстырғанда сырқаттану 2,8 есе өскен, тәулігіне 2800 науқас тіркеледі. Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарын қоспағанда, барлық өңірлерде инфекция жұқтырудың өскені байқалады. Бұл ретте науқастардың 60%-ы 3 өңірге: Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Алматы облысына тиесілі» деді вице-министр.
ҚР БҒМ биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьяның сөзінше, биологиялық зерттеулерден өткен соң 50 мың дозасы «СК-Фармация» қоймаларына жеткізілмек.