Алдағы бес жылда ауылдағы ауыз су мәселесі толық шешіледі
Үкімет 2025 жылы ауыл тұрғындары 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп уәде беріп отыр. Сондай-ақ, 60%-ына табиғи газ жүргізілмек. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау аясында даму әлеуеті жоғары, шамамен 7 млн адам тұратын 3,5 мың ауыл жаңғыртылмақ.
Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамы және 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет қаралды.
Ел экономикасының 2021 жылғы өсу болжамы 2,8%-дан 3,1%-ға дейін жақсарған. Мұнай бағасы барреліне – $50 (бұрын $35), ұлттық валюта бағамы – бір долларға 425 теңге (бұрын 420 теңге) деңгейінде болжанып отыр, деп жазады премьер-министрдің ресми сайты.
Қазақстан экономикасының жыл басынан бергі өсіміне қатысты жедел деректер мен әлемдік тауар нарықтарындағы ахуалды, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсу болжамдарын ескере отырып, Үкімет 2021 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы көрсеткіштері мен индикаторларын нақтылады.
Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің неғұрлым белсенді өсуі есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі болжамды көрсеткіштер 4,1%-дан 5,2%-ға дейін жақсарды.
Құрылыс саласына қатысты болжам 2,5%-дан 5%-ға дейін жақсарған. Оған биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары ықпал етіп отыр.
Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт $10,8 млрд-қа – $52,2 млрд-қа дейін артады. Инфляция бұған дейін бекітілген 4,0-6,0% дәлізінде сақталды.
Биыл нақтыланған бюджет шығысының негізгі бағыттары — «Nur Otan» партиясының бағдарламасы мен Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыруды қамтамасыз ету.
Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау аясында даму әлеуеті жоғары, шамамен 7 млн адам тұратын 3,5 мың ауыл жаңғыртылмақ. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін АӨК саласында 845 жоба іске асырылып, 500 мың жұмыс орны ашылады.
7 экожүйе құрылып, 350 мың фермер мен үй қожалықтары тартылады. Қабылданатын шаралар ауыл тұрғынының табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Үкімет 2025 жылы ауыл тұрғындары 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп уәде беріп отыр. Сондай-ақ, 60%-ы табиғи газбен қамтамасыз етіледі
Алдағы бес жылда ауылдық жерлерде 1095 денсаулық сақтау нысаны жөндеуден өткізіледі және салынады. Бұл халықты медициналық қызмет көрсетумен қамтуды 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 5 мың мектеп жаңғыртылып, 315 ауыл мектебі салынады. Ауыл оқушыларын қосымша біліммен барынша қамту және білім сапасының қала мен ауыл арасындағы айырмасын қысқарту жұмысы жүргізілуде. 2025 жылға қарай ҚР-да 748 мәдениет объектісі мен 1719 спорт объектісі жөнделеді және салынады.
«Басты міндет – ауылдағы өмір сапасын жақсарту» деген Премьер-Министр ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған болжамын және 2021-2025 жылдарға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырды.