Жаңалықтар

Алдағы бес жылда ауылдағы ауыз су мәселесі толық шешіледі

Ел үкіметі 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарады

Үкімет 2025 жылы ауыл тұрғындары 100% сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп уәде беріп отыр. Сондай-ақ, 60%-ына табиғи газ жүргізілмек.  Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау аясында даму әлеуеті жоғары, шамамен 7 млн адам тұратын 3,5 мың ауыл жаңғыртылмақ.

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының нақтыланған болжамы және 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет қаралды.

Ел экономикасының 2021 жылғы өсу болжамы 2,8%-дан 3,1%-ға дейін жақсарған. Мұнай бағасы барреліне – $50 (бұрын $35), ұлттық валюта бағамы – бір долларға 425 теңге (бұрын 420 теңге) деңгейінде болжанып отыр, деп жазады  премьер-министрдің ресми сайты. 

Қазақстан экономикасының жыл басынан бергі өсіміне қатысты  жедел деректер мен әлемдік тауар нарықтарындағы ахуалды, сондай-ақ әлемдік экономиканың өсу болжамдарын ескере отырып, Үкімет 2021 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы көрсеткіштері мен индикаторларын нақтылады.

Сыртқы сұранысты қалпына келтіру аясында металлургиядағы өндірістің неғұрлым белсенді өсуі есебінен өңдеу өнеркәсібіндегі болжамды көрсеткіштер 4,1%-дан 5,2%-ға дейін жақсарды.

Құрылыс саласына қатысты  болжам 2,5%-дан 5%-ға дейін жақсарған. Оған биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары ықпал етіп отыр. 

Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт $10,8 млрд-қа – $52,2 млрд-қа дейін артады. Инфляция бұған дейін бекітілген 4,0-6,0% дәлізінде сақталды.

Биыл нақтыланған бюджет шығысының негізгі бағыттары — «Nur Otan» партиясының бағдарламасы мен Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыруды қамтамасыз ету.

Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау аясында даму әлеуеті жоғары, шамамен 7 млн адам тұратын  3,5 мың ауыл жаңғыртылмақ. Сонымен қатар,  2025 жылға дейін АӨК саласында 845 жоба іске асырылып, 500 мың жұмыс орны ашылады.

7 экожүйе құрылып, 350 мың фермер мен үй қожалықтары тартылады. Қабылданатын шаралар ауыл тұрғынының табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Үкімет  2025 жылы ауыл тұрғындары 100%  сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп уәде беріп отыр. Сондай-ақ, 60%-ы табиғи газбен қамтамасыз етіледі 

 Алдағы бес жылда  ауылдық жерлерде 1095 денсаулық сақтау нысаны жөндеуден өткізіледі және салынады. Бұл халықты медициналық қызмет көрсетумен қамтуды 2 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар,  5 мың мектеп жаңғыртылып, 315 ауыл мектебі салынады. Ауыл оқушыларын қосымша біліммен барынша қамту және білім сапасының қала мен ауыл арасындағы айырмасын қысқарту жұмысы жүргізілуде.  2025 жылға қарай ҚР-да 748 мәдениет объектісі мен 1719 спорт объектісі жөнделеді және салынады.

«Басты міндет – ауылдағы өмір сапасын жақсарту» деген  Премьер-Министр ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған болжамын және 2021-2025 жылдарға арналған нақтыланған республикалық бюджет туралы заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырды.