Бірегей шатқал мен елес қала. Қарағанды облысындағы көріп қайтуға тұрарлық жерлер
Коронавирус пандемиясы ішкі туризмнің дамуына біршама серпін бергендей. Қазіргі жағдайда шетел барып демалуды жоспарлау қиын. Шекара ашыла ма, ашылмай ма белгісіз, қазіргі қымбатшылықты ескерсек, шетелге саяхатты елдің бәрінің қалтасы көтере бермейді.
Бұл ретте біздің жолымыз болды десек болар. Елімізде көруге тұрарлық көрікті мекендер баршылық. Өкінішке қарай, бұндай жерлер туралы қазақстандық туристердің білері аз. Осы орайда Курсив пен Шеврон компаниясының «Нағыз Қазақстан» жобасының авторы Қарағанды облысына саяхаттап барып, көріп қайтуға тұрарлық жерлер жайлы әңгімелейді.
Қарқаралы
Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының бірі. Орталық Қазақстанға ғана тән табиғи ландшафт: өзен-көлі, орман-тоғайы, аңғар-алқабы мен тау-тасымен бағалы.
Ерекше табиғатынан бөлек, Қарқаралы табиғи паркінің аумағында инфрақұрылым жақсы дамыған. Кеңес заманында бой көтерген санаторий, пансионат, балалар лагерьлері қазір қонақ үй ретінде жұмыс істеп тұр.
Қарқаралы тауындағы көл. /qazaqstan3d.kz
Қарқаралы – қарасаң көз тоятын көрікті мекен. Бұл жаққа алғашқы адамдар қоныстанғалы 9000 жыл өткен.
Кент тауларында түрлі дәуірдің көптеген археологиялық ескерткіштері сақталған:
• Кейінгі қола дәуірінен қалған Кент қонысы. Ол Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ерекше ескерткіші, қола бұйымдарын дайындаумен айналысқан тайпалар мекендеген қоныс;
• Қызыл кеніш сарайы – Орталық Қазақстандағы XVIІ-XVIІI ғасырдан, жоңғар шапқыншылығы кезеңінен қалған архитектуралық жәдігер;
• Талды II қорғаны Кент тауларының етегінде жатыр, бұл жерден көптеген алтын бұйым табылған;
• Бұдан бөлек, қола дәуірі мен ерте тас дәуірінен қалған «Еңбек-Сүйгіш» қорғаны, қола дәуірінің «Доғал» қонысы, неолит кезеңіне тән Домалақтас орналасқан.
Көрші облыс тұрғындары Қарқаралыға жеңіл көлік немесе автобуспен жете алады, ал алыс аймақтан келетін қонақтар Қарағандыға пойыз немесе ұшақпен ұшып келеді.
Қарқаралы тауы сілемдерінің біріндегі көл Фото: Александр Шаталов
Қарқаралы – жас та, кәрі де, отбасымен де, дос-жарандармен де барып көруге тұрарлық мекен.
Бұл жақтағы қызмет сапасы мен құны – орташа, кейбір қызмет бағасын келтіріп өтсек:
• Жатын орын мен үй (тәулігіне 4000 теңгеден басталады)
• Тамақ (адам басына орташа чек – 1500 теңге
• Жолақы (Қарағандыдан жүретін автобус жолақысы 1000 теңге).
Балқаш көлінің оң жағалауы / Alexandr Vlassyuk
Балқаш
Қарағанды облысының мыңдаған тұрғыны жаз сайын Балқаш көлі жағалауына демалуға барады.
Балқаш — Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Аумағы жөнінен Каспий теңізінен кейінгі тартылмаған екінші көл болса, дүние жүзіндегі ең ірі көлдердің ішінде 14-орында тұр. Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының шегінде, Балқаш-Алакөл ойысында, теңіз деңгейінен 340 м биіктікте жатыр. Көлге сұғына еніп жатқан Сарыесік түбегі Балқашты екіге бөледі. Судың минералдылығы мен тұздылығы бұл екі бөлікте екі түрлі.
*Уикипедиядан алынған ақпарат
Көл жағалауы/ Askarlson
Демалысыңызды қызықты өткізгіңіз келсе:
• желкенді спорт,
• байдарка мен каноэде есу,
• спорттық балық аулау
• гастрономиялық туризммен (қалада балық қуыру дәстүрі жақсы қалыптасқан) айналыссаңыз болады.
Сондай-ақ, көл маңында тек Орталық Азия аумағында кездесетін бірегей тоғайлы орман бар. Тау туризмін ұнататындар үшін Балқаштың солтүстігінде жайлы да ерекше Бектау-Ата шатқалы орналасқан.
Балқашқа Қарағанды мен өзге облыстардан автокөлік, автобус немесе пойызбен келуге болады. Шалғай қала тұрғындары үшін пойыз бен ұшақ тиімді. Соңғы уақытта ішкі туризмде жаңа рейстер мен маршруттар көбейіп келеді.
Балқаштағы найзағай / Олег Сибиркин
Қызыларай
Қарағайлы орман, жайлы тоған мен алып тастар. Қарағандыдан оңтүстікке қарай шетсіз далада үш мың жылдық тарихы бар таулы оазиз орналасқан. Қызыларай – Арқадағы тылсым табиғатымен көзіңізді тұсап тастайтын, жүрек елжіретер сұлу, Сарыарқа ұсақ шоқылы тауларының шығысындағы тау сілемдері. Сарыарқа ұсақ шоқылы тауларының ең биік жері – Ақсораң тауы (1565 м). Етегін қарағай көмкерген, орта тұсы аршамен қапталған, ұшар басы Пермь гранитінің күмбезіне айналған.
Шатқал – Қазақстан аумағындағы арқар мекендейтін жалғыз ірі мекен және шөл даламен шектесетін Орталық Қазақстан экожүйесіндегі қарағай көп өсетін аймақ.
Еуразиядағы қола дәуірінің соңғы жәдігері – «Бегазы-Дәндібай» орналасқан, жартастағы сурет, түркі кезеңінің тас мүсіндері және қазақ-жоңғар соғысы дәуірінің кесенелері сақталған.
Көне ескерткіш, Қызыларай тауы / Ерлан Оспан
Көрші облыс тұрғындары Қарағандыдан 90 шақырым жердегі Қызыларайға автобус немесе жеке көлікпен жете алады. Өзге аймақтардан келетін қонақтар Қарағандыға пойыз немесе ұшақпен ұшып келеді. Сосын Шабанбай би кентіндегі қонақ үйлерге түсіп немесе ашық аспан астында, шатырда түнеуге болады.
Тау басындағы гранит / Alexandr Kuznetsov
Қызыларай – аса көңіл аударылмай, бағасына жетпей жүрген демалыс орындарының бірі. Есесіне, сақа туристер үшін таптырмас мекен. Инфрақұрылым жоқ, жүздеген шақырым жерден тірі жан кездеспейді. Қапырық қала шуынан шаршағандарға ашық аспан астына түнеп, кешкі алау айналасына жиналып әсерлі әңгіме айтып, арайлап атқан таңды көргеннен артық қандай демалыс керек?
Қаңыраған қала (РТИ)
Саран қаласынан оншақты шақырым жерде елес қала бар. Осыдан 20 жыл бұрын 25 мың адам мекендеген қала тұрғындарының саны бүгінде 2000-нан аспайды.
РТБ қалашығының кіреберісіндегі қираған үй / youtube.com
Қараусыз қалған қала бір қарағанда үрей тудырып, бойыңды қорқыныш билегенімен, кіреберісінен-ақ, өзіне назар аудартады. Қаңырап қалған қалада алдыңнан қираған үй мен үйінді үстін басқан шөп-шалам кезек-кезек шығады. Қалашықты жарты сағат ішінде аралап шығуға болады. Оның батыс жағында кезінде ТМД-дағы ең ірі зауыттардың бірі болған – РТБ орналасқан. Қазір зауыт қуатының 1/10 бөлігі ғана іске қосылған.
РТБ қалашығының көрінісі / twitter.com