2021 жыл ел экономикасы үшін жайлы бола ма?
Үкімет 2021 жылы мұнай бағасы барреліне 50 доллар (бұрын 35 доллар), ұлттық валюта бағамы – бір долларға 425 теңге (бұрын 420 теңге) деңгейінде болады деп болжайды. Асқар Мамин басқаратын министрлер кабинетінің жоспарлауынша биыл металлургиялық өндіріс серпін көрсетіп, соның есебінен өңдеу өнеркәсібі де көрсеткіштерін біршама жақсартуы тиіс.
Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 10,8 млрд-тан 52,2 млрд долларға дейін ұлғаяды. Инфляция бұған дейін бекітілген 4,0-6,0 пайыз дәлізінде сақталды. Үкімет отырысында ауылдағы ағайынның ахуалын жақсарту жайы да сөз болды.
Әрине, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілуі керек:
- 2025 жылды қоса алғанда, жергілікті маңызы бар 27 мың км жол салынып, жөнделмек.
- Ауылдарда 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.
- Агроөнеркәсіп кешені саласында 500 мың жұмыс орнын құрумен 845 жоба, 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тартумен 7 экожүйе жүзеге асырылатын болады.
- Қабылданып жатқан шаралар 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыруға мүмкіндік береді.
- Ауыл тұрғындарының 100 пайызы сапалы ауыз сумен, 60 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етіледі.
- Денсаулық сақтау саласында бес жыл ішінде 1095 нысан жөнделіп, салынады. Бұл халықты медициналық қызмет көрсетумен қамтуды 2 есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.
- 5 жыл ішінде 5 мың мектеп жаңғыртылып, 315 ауыл мектебі салынады.
Міне, осындай келелі жоспарлар бар. Әрине, бұл тармақтардың орындалуы уақыттың еншісінде.
«Ауыл оқушыларын қосымша біліммен барынша қамту және қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту бойынша жұмыс жүргізілуде. 2025 жылға қарай 748 мәдениет нысаны мен 1719 спорт нысаны жөнделіп, салынады. Биыл 480 ауылды жаңғыртуға 105 млрд теңге бөлінді. «Басты міндет – ауылда тұрмыс сапасын арттыру» деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жөніндегі жұмысты тиісті көрсеткіштермен және бірыңғай тәсілмен үйлестіруді тапсырды. Бұл ретте экономика министрлігінің де жоспары бар сияқты. Министр Әсет Ерғалиевтің айтуынша, бүгінгі күні ауыл халқының саны 7,7 млн адамды немесе еліміз бойынша халқымыздың жалпы санының 41 пайызын құрайды. Жұмыспен қамтылған ауыл халқының құрылымында ауыл шаруашылығы ең үлкен үлесті құрайды, бұл — 28,2 пайыз.
«Соңғы 5 жылда экономиканың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалады. Ауылдарда өмір сүру деңгейін одан әрі арттыру үшін министрлік «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізуде. Жобаның мақсаты – инфрақұрылымдарды жаңғырту есебінен және оны жаңа өңірлік стандарттар параметрлеріне дейін жеткізе отырып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту. Аталған мақсатқа жету әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтік игіліктерге қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді іске асыру есебінен, сондай-ақ қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады. Жалпы 6 316 ауылдың ішінен даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл іріктелді, онда ауыл тұрғындарының 88 пайызы тұрады. Аталған ауылдар демографиялық көрсеткіштерге, экономикалық белсенділікке, инфрақұрылымның жай-күйіне қарай іріктелді. Бұл ауылдарды дамыту «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде бірінші кезекте жүзеге асырылатын болады. Ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру үшін 2019 жылы инфрақұрылымдар мен әлеуметтік игіліктерге қолжетімділігі жөнінде жаңа өңірлік стандарттар әзірленіп, бекітілді» деді Ерғалиев.
Ауылдық елді мекендердің инфрақұрылыммен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілуі 2020 жылы республика бойынша 60,3 пайызды құрапты. Ең жоғарғы көрсеткіштер Павлодар, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде 1,3 млн адам тұратын 480 ауылдың дамуына 105 млрд теңге бағыттау жоспарлануда. Бұл өз кезегінде көлік және әлеуметтік инфрақұрылым, сонымен қатар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамытуға арналған 1 мыңнан астам жобаларды іске асыруға мүмкіндік бермек.
«Ауылдық жерлердегі инфрақұрылым мәселерін шешу үшін 5 жылдың ішінде 800 млрд теңге бөлінетін болады. Бұл өз кезегінде 3,5 мыңнан астам ауылдағы 7 млн ауыл тұрғынының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тәсілі 2025 жылға қарай ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын және әл-ауқатын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, ауыл халқының сумен қамту қызметі 100 пайызға жететін болады. Барлық ауыл тұрғындары жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікпен қамтылады. Жергілікті маңызға ие жолдардың 95 пайызы жақсы жағдайға жеткізілетін болады. 10 мың шақырым ауыл ішіндегі жолдар жөнеделеді және салынады» деді ұлттық экономика министрі.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қазіргі таңда министрлік агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеп жатқанын айтты. Оның негізгі әлеуметтік-экономикалық міндеттері:
- 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру; 70 мың отбасылық шаруашылық құру;
- 500 мыңға жуық адамды ауыл шаруашылығында жұмыспен қамту;
- 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тарта отырып, 7 экожүйе құру.
Аталған міндеттерге қол жеткізу үшін ауылда тұрақты жұмыс орындарын құруға және ауыл халқының табысын арттыруға мүмкіндік беретін инвестициялық жобалар іске асырылады. Жалпы республика бойынша бес жыл ішінде 4,5 трлн теңге сомаға 845 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде биыл 335 млрд теңге сомасына 285 жобаны енгізу жоспарлануда.