Жаңалықтар

Заңсыз балық аулаған ақтөбеліктен 56 дана сазан тәркіленді

Алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Заңсыз балық аулаған ақтөбеліктен 56 дана сазан тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

14 сәуірде Ырғыз АПБ қызметкерлері Торғай көлінде «Киік» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында облыс орталығының 39 жастағы тұрғынын ұсталды. Одан бес балық аулау торы, резеңке қайық және 56 дана сазан балығы табылып, тәркіленді. Зиян анықталуда.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 335-бабы 3-бөлігі (Балық ресурстарын заңсыз өндіру) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын не үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Ақтөбе облысының Полиция департаменті балық аулауды жүзеге асыру кезінде заңнаманың белгіленген талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертеді, оны бұзған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған.