Банктер бірінші тоқсанда қанша табыс тапты?

Жарияланды
Сайт шығарылымының редакторы
Ұлттық банк елдегі ЕДБ-нің кірісі мен шығысы туралы жиынтық есебін жариялады

Ұлттық банк жариялаған елдегі екінші деңгейлі банктердің кіріс-шығысы жайлы жиынтық есебіне сүйенсек,  Қазақстанның  коммерциялық банктері 2021 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, 283 млрд теңге таза табыс тапқан. 2020 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 14%-ға жоғары. Былтыр осы кезеңдегі  пайда 249 млрд теңгені құраған. 

2021 жылдың бірінші тоқсанында екінші деңгейдегі банктердің жалпы кірісі 7 трлн теңгеден асса, соның ішінде сыйақы алуға байланысты кірісі 0,7 трлн теңгеге  жеткен, ал банктердің сыйақы алумен байланысы жоқ кірісі 6,4 трлн теңгені құрады. 

Сондай-ақ банктердің жалпы кірісінің 80%-ын немесе шамамен 5,6 трлн теңгесін қайта бағалаудан түскен кіріс құрады. Банктердің клиенттерден талап етуі бойынша  алатын сыйақысынан түскен кірісі – 57,8 млрд теңге, резервті (провизияны) қалпына келтіруден түскен кірісі – 373,2 млрд теңге, комиссиялық кірістер165,6 млрд теңгені құрады. 

Екінші деңгейлі банктердің шығынына келер болсақ, шығыс, табыс салығын ескере отырып, шамамен 6,8 трлн теңгені құраған. 

Сондай-ақ, қайта бағалауға кеткен шығыс – 5,7 трлн теңге, қамтамасыз етуге бөлінген қаражат – 389,3 млрд теңге, клиенттердің талаптары бойынша сыйақы төлеуге байланысты шығын– 229 млрд теңге, дилингтік операциялар бойынша шығыс 61,6 млрд теңгені құрады.

 Қызметкерлердің еңбекақысы мен міндетті аударымдарына – 75,6 млрд теңге, жалпы шаруашылық шығыстарына – 43,1 млрд теңге, салық, алымдар және табыс салығынан бөлек, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге 12,1 млрд теңге  жұмсалған.

Табыс салығын төлегенге дейінгі ағымдағы кіріс  ағымдағы шығыстан  315,8 млрд теңге асқан.

Барлық салықтарды төлегеннен кейін банктер 283,3 млрд теңге мөлшерінде таза пайда тапқан. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл алғашқы екі айда  ел банктері 194,3 млрд теңге табыс тапқан еді. 
 

Сондай-ақ оқыңыз