Соңғы уақыттағы үкімет жиындарынан ауылды дамытуға баса назар аударылып жатқанын аңғарамыз. Шындап келгенде экономиканың түпкі негізі ауылға барып тірелері жасырын емес. Ауылдың жағдайын жақсартпай елдің ахуалын оңалтамыз деу бекер тыраштану екені де рас.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекет басшысының тапсырмасын негізге алып, түрлі инвестициялық жобалардың пысықталып жатқанын айтады.
«Бұл жобалар шеңберінде дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және өңдеу бойынша экожүйені құру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында астық өндіру және өңдеу жөніндегі «BioOperations» ЖШС зәкірлік кәсіпорны бар экожүйесі құрылуда, ол астық дақылдарын тереңдете қайта өңдеу зауытын, құрама жем зауытын, құс шаруашылығы кешенін, сүт-тауарлық фермасын және аталған кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы өндірушілерін біріктіреді. Өңірлік мамандандыруды ескере отырып, елдің барлық өңірлерінде ұқсас экожүйелер құру жоспарлануда» деді ауыл шаруашылығы министрі.
Жалпы импортты алмастыру аясында 2024 жылға дейін 19 құс фабрикасын, жыл сайын 35 сүт фермасын, 9 ет комбинатын іске қосу, сондай-ақ Жамбыл облысында 1 жаңадан қант зауыты құрылысы жоспарланған.
6,6 мың га алаңда жаңа қарқынды бақ отырғызу көзделген. Бұл жобаларды енгізу ауылда 20 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы аясында алдағы бес жылда ауылда 250 млрд теңге сомасына 50 мың микрокредит беру жоспарланып отыр. Аталған бадарлама бойынша өткен жылдың өзінде осы мақсаттарға 43,2 млрд теңге бағытталды, бұл 11 мыңнан астам микрокредит беруге мүмкіндік берді, оның 60 пайызын стартап-жобалар құрайды. Бағдарламаны іске асыру ауылда 11 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген кредит беру аясында 2025 жылға дейін етті мал шаруашылығында 175 млрд теңге сомасына 2500 шаруашылыққа кредит беру жоспарлануда, нәтижесінде 10 мың жұмыс орны құрылады. Қой шаруашылығында «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 117,2 млрд теңге сомасына 11 мың шаруашылыққа кредит беру жоспарланған, соның арқасында 33 498 жұмыс орны құрылмақ.
«Кең Дала» бағдарламасы бойынша жыл сайын көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлінеді. Ағымдағы жылы 2400 тауар өндірушіге 3 млн га алаңға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін жалпы сомасы 70 млрд теңге қысқа мерзімді кредит беру көзделген. Бүгінгі күні бағдарлама шеңберінде 1923 ауыл шаруашылығы еңбеккері жалпы сомасы 63 млрд теңгеге қаржыландырылды» деді С. Омаров.
Бұдан басқа, ағымдағы жылы ауылда тұрғын үй салудың жаңа тетігін енгізу жоспарлануда, ол ауылдарда қызметкерлер үшін тұрғын үй салу кезінде жұмыс беруші шығындарының 50 пайызын субсидиялауды көздейді, бұл ауылдық жерлерге жас кадрларды тартуға мүмкіндік береді. Бастаманы агробизнес бірнеше рет көтерді және үкімет оны қолдап отыр.
Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 5 жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есе арттырып, салаға 4,5 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Бұл өз кезегінде 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ауылдық елді мекендерде тұратын халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
Осы шаралармен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс беруші ауылда өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салған жағдайда, жұмыс берушінің шығындарының 50 пайызын субсидиялау тетігін енгізу пысықталуда. Атамқұлов нақтылағандай, үй құнының 50 пайызы мөлшерінде және жалпы ауданы 100 шаршы метрден аспайтын, 1 шаршы метрінің құны 100 мың теңгеден аспайтын үйді пайдалануға бергеннен кейін жұмыс берушілердің шығындары субсидиялауға жататын болады.
«Тұрғын үй жұмыс беруші мен жұмыскер арасында 5 жылдық мерзімге жасалған еңбек шарты болған кезде ұсынылады. Жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау мақсатында бюджет қаражатына қажеттілік үйлерді пайдалануға беру актілеріне қол қойылғаннан кейін айқындалатын болады. Жедел деректер бойынша өңірлерде 2 855 тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарлануда» деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.
Ал денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ауылға жұмыс істеуге келген медицина қызметкерлері үшін көтерме жәрдемақы 100 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін ұлғайтылып, тұрғын үй берілетінін хабарлады.
Қазіргі уақытта ауыл халқына медициналық қызметтерді 5272 денсаулық сақтау амбулаториялық-емханалық объектісі көрсетеді, оның ішінде 3 жыл ішінде 394 объекті салынды және ашылды.
«Осы жобаларды іске асыру елдің ауыл халқына, оның ішінде ең шалғай елді мекендерде көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, әкімдіктер бекіткен Жол карталарына сәйкес ағымдағы жылы ауылдық елді мекендерде жалпы сомасы 12,7 млрд теңгеге 90 МСАК нысанын, оның ішінде 36 медициналық, 20 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 34 дәрігерлік амбулаторияны салу мен ашу жоспарланған» деді Цой.
Оның айтуынша, алдағы 5 жылда 95 млрд теңге сомасына 515 амбулаториялық-емханалық ұйымның, оның ішінде 211 медициналық, 158 фельдшерлік-акушерлік пункттің, 127 дәрігерлік амбулаторияның және 19 емхана мен МСАК орталықтарының құрылысы жоспарланып отыр.