2020 жылы бюджетке түскен салық 7,1 пайызға азайған
Былтыр пандемияға байланысты Қазақстанда бизнеске жасалған салықтық жеңілдіктерден жалпы ішкі өнім 1%-1,3%-ға азайып, салық түсімдері 7,1%-ға кеміген, деп жазады Finreview.info.
2020 жылы COVID-19 пандемиясы салдарынан көптеген ел эпидемиологиялық жағдай одан әрі ушықпас үшін, шұғыл түрде қосымша шаралар қабылдауға мәжбүр етті: халықтың жүріп-тұруы шектеліп, кәсіпорындарды қашықтан жұмыс істеуге көшті, ал қашықтан жұмыс істей алмайтын компаниялар қызметін толығымен тоқтата тұрды.
Қабылданған шаралар жалпы әлемдік экономиканың өсу қарқынына теріс әсерін тигізді. Көптеген компания түрлі қиындыққа кезікті. Қабылданған шектеу шаралары аясында бизнесті қолдау үшін бірқатар мемлекет шұғыл салық жеңілдіктерін енгізді. Олардың арасында Қазақстан да бар.
Елімізде шағын және орта бизнесті қолдау үшін салықтық ынталандыру, арзан несие мен оның төлеу мерзімін кейінге шегеру, әкімшілік жүктемені азайту, бизнес-климатты жақсарту сынды бірқатар шаралар қолға алынған.
Айталық, ШОБ еңбекақы төлеу қоры есебінен жарты жылға салық пен төлемдерден, жыл соңына дейін әлеуметтік төлемдерден босатылды. Оның ішінде зейнетақы жарналары мен МӘМС бар. Мұндай көмекті 700 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектісі алды.
Былтыр Қазақстанда бизнеске жасалған салықтық жеңілдіктерден жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 1%-1,3%-ға азайып, салық түсімдері 7,1%-ға азайған.
2020 жылы мемлекеттік бюджет 8,6 трлн теңгеге толыққан, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 655,3 млрд теңгеге төмен.
Бұл ретте салықтың 46%-ын, яғни 3,9 трлн теңгені еліміздегі елу ірі салық төлеуші компания төлегенін айта кету керек. Бұның өзі 2019 жылмен салыстырғанда 32,3%-ға аз. Бюджетке түсетін салықтың негізгі бөлігін мұнай және ілеспе газ өндірумен айналысатын кәсіпорындар төлеген.
50 ірі салық төлеушілердің барлық төлемдерінің 59%-ы немесе 2,3 трлн теңгесі – мұнай-газ компанияларының үлесі.
Өткен кезеңмен салыстырғанда бұл компаниялар төлеген салық көлемі рекордтық 46,6%-ға төмендеді.
Мұнай секторынан кейін металлургия саласы келеді, бұл компаниядардың үлесі 12,5% немесе 493,3 млрд теңгені құрады.
Әрі қарай рейтингке темекі шығаратын компаниялар орналасқан. Олар 2020 жылы 271,5 млрд теңге салық төлеген.
Бюджетті 200,9 млрд теңгеге толықтырған тау-кен өндіру өнеркәсібі және кен қазу компаниялары салық төлемдері бойынша ең ірі төрт сала қатарында. Рейтингке сондай-ақ мұнай өңдеу, телекоммуникация, банк секторы, логистика, спирттік ішімдік өндірісі, инженерия саласының өкілдері кірген.